Еліміздің ең жас қариы

0 212

 Қасиетті рамазан айында барша адамзат баласы құдіретті Аллах Тағалаға ғибадат құлшылықтарын жасап пендешілікпен болған іс-әрекеттеріне кешірім тілеп жатады. Мұсылманның бес парызын мүлтіксіз орындауға ниет етіп, бес уақыт намазын қалт жібермей оқып дұға тілейтін де осы, айлардың сұлтаны – Рамазан айы. Бұл айда күллі мұсылман баласы игілікті, ізгі іс амалдар жасап, пендешілікпен болған іс әрекеттеріне Алладан дұға тілеп, имандылық құлшылықтарын арттыра береді. Алла разы болсын.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Құран оқыңдар, өйткені, қиямет күні ол өз иелеріне (оны оқыған кісілерге) шапағатшы болып келеді десе, тағы бір хадистерде Құран қарайған жүректерге нұр береді, Алламен сөйлескісі келген адам құран оқысын дейді.

Ұлық Пайғамбарымыз, Құран Кәрімді кімде-кім өзі үйреніп және оны біреуге үйретсе, ол ең жақсы адам болады десе, Алла кітабынан бір әріп оқығанға бір жақсылық бар деп тағы да сауапты істерге ұмтылуға жол көрсетеді. Алладан пендесіне уахи етілген Құран Кәрімдегі 114-сүрелер мен 6666-аяттарды талдап, рауаят етілген хадистерді насихат­тап, халыққа уағыздауда, халықтың санасына жеткізіп берудегі жұмыстар Садуақас қажы Ғылмани мешіті имамдарының терең діни білімділігін көрсетеді.

Осы Рамазан айындағы мұсылмандар ауыз оразаларын ашып болғаннан кейін Садуақас қажы Ғылмани мешітінде түнгілік уақытта оқылатын Тарауих нама­зын қари Турсунов Абдульғаффар Махмуджанұлы оқиды. Бір қарағанда қарапайым жан көрінгенімен құранды қырағаттап дұрыс оқу жағынан аса дарынды Алланың шын сүйген пендесі көп діни ілім жинаған, оқыған-тоқығаны көп жас қарилердің бірі деуге әбден болады. Алла разы болсын.

Аллах Тағала пенделеріне Сен­дер түсінсін деп, біз Құранды араб тілінде түсірдік (Жүсіп сүресі, 2 аят) дейді. Жас балаға көпшілік алдына шығып шариғат заңына сай Аллах Тағалаға құлшылық жасауы, бүкіл құранды жатқа оқуы кім-кімді болмасын қайран қалдырады. Ислам дінінде Құран Кәрімді бастан-аяқ жатқа айтатындар «Қари» деп ата­лады. Ұлық Пайғамбарымыздың тірі кезінде де Құран Кәрімді жүздеген сахабалар толық жаттап алып, оны оқудың тәртібін де жете меңгерген болатын. Олар: Осман ибн Ъаффан (р.л.ғ.), Али Ибн Әбу Талиб (р.л.ғ.), Әбу Ибн Кәъб (р.л.ғ.), ибн Масьуд (р.л.ғ.), Заид ибн Сәбит (р.л.ғ.), Әбу Муса Әл-Ашъари (р.л.ғ.), Әбу Дардаун (р.л.ғ.), Муъаз ибн Жәбәл (р.л.ғ.), Әбу Зайд (р.л.ғ.), Әбу Хузайфаның қызметшісі Солим (р.л.ғ.), Ъутба ибн Ъамир (р.л.ғ.) және т.б. Алла разы болсын.

Қари Турсунов Абдульғаффар Махмуджанұлының 9 жасар шәкірті бар. Ол да қасиетті құран сүрелерін жатқа білетін еліміздің ең жас қариы – Мырзагелдиев Иманәлі Бейбітұлы. Небәрі 2-ші сыныпты биыл бітірген Иманәлі Оңтүстік Қазақстан Облысы, Шымкент қаласында 2003 жылы дүниеге кел­ген. 9 жастағы жас қари 5 жасынан бастап арабша хат таныған, мек­тепте оқу озаты. Сонау алыстағы киелі Оңтүстік өңірінен Астанадағы Садуақас қажы Ғылмани мешітіне діни білімін жетілдіруге мектеп де­малысы кезінде биыл арнайы келген екен. Қосымша Қауаммадин Әль-Итхани Әль-Фараби Әт Туркістани қарилар орталығындағы діни ме­дреседе де білімін ұштап жүрген талантты жастардың бірі және бірегейі десек, артық айтқандық емес. Мешіттегі күнделікті Тарауих намазынан соң оқылатын құранда, жиналған жамағат осы Иманәліге ұйыды. Күнделікті мешіттің жамағаттары имамдар арасынан көрмей қалса бір-бірінен сұрап, күбірлеп іздеп қалатын кездері де болады. Жалпы жамағат күнделікті 20 рәкәғат Тарауих намазынан соң Иманәлінің құран оқуын асыға күтіп отырады. Талантты жастың дауысының қоңыр үнділігі мен май­да тілдерінің сүйкімділігі мешітке жиналған жамағатты елітіп әкетеді. Өзі қатарлы балалардың алды, орта жастағы егде тартқан Алланың пенделеріне жақсы мысал бола білетін осындай озық ойлы жастар елімізде көбейе берсін. Әмин.

Сүндет КАРИМОВ,
техника ғылымдарының кандидаты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 − two =