Еліміздегі індеттің ахуалы қалай?

0 16

Қазақстан Республикасында 16 наурыз­дан 15 сәуірге дейінгі аралықта төтенше жағдай енгізілді. Бұл жөнінде мемлекет басшысы Қ. Тоқаев тиісті Жарлыққа қол қойды.Қазақстанда індет жұқтыру жағдайы 13 наурызда тіркелді. Бүгінде елімізде коронавирус жұқтыр­ған 9 науқас, оның ішінде Алматы қаласында – 7, Нұр-Сұлтан қаласында 2 адам тіркелген. Стационарлық карантинде – 1 644, үй карантинінде 628 адам жатыр. Сонымен қатар ҚХР-дан және шекаралас мемлекеттерден келген азаматтарға мониторинг жалғасуда.
Қазір Қазақстанда эпидемияға қарсы барлық қажетті шара қолданылып жатыр, соның ішінде оқшаулау, емдеу және дезинфекциялық іс-шара бар. Карантинге жатқызу үшін төсек орындары әзірленген, медициналық препараттар мен дезинфекциялық құралдар қоры жеткілікті, медициналық персонал дайын. Алайда жұрттың артық дүрлігуінің қажеті жоқ, сақтықты күшейтіп, жеке тазалыққа көңіл бөліп, сыртқа шығуды, адам көп жерлерге баруды азайту керек. Денсаулығында қалыпсыз жағдай байқалғандар бірден емханаға бармай, алдымен жедел жәрдем қызметіне хабарласқаны жөн. Ал сұрақ туындаған жағдайда 1406 нөміріне call орталыққа хабарласу керек. Азық-түлік сататын дүкендер жабылмайды, азық-түлік жеткілікті.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына үндеуінде отандық кәсіпкерлерді қолдауға және жаңа жұмыс орындарын құруға ең кемі 300 млрд теңге бөлінетінін айтқан болатын.
Айта кетейік, соңғы дерек бойынша әлемнің 150-ден аса елінде 160 мыңға жуық адам COVID-19 індетін жұқтырып, 6500 адам көз жұмған. 80 мыңға жуық адам сауыққан. Індет ошағы болған Қытайда қазір аурудың беті қайтып, Италия, Иран елдерінде індет ушығып тұр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды