Еліміздегі ең үздік – елордалық мұғалім

0 55

Елордадағы Назарбаев зияткерлік мектебі химия пәнінің мұғалімі Динара ­Бейсембаева «Қазақстан мұғалімі-2020» ұлттық ­сыйлығының жеңімпазы атанды.

Алматы қаласында өткен салтанатты марапаттау рәсімінде «Қазақстан мұғалімі-2019» сыйлығының иегері Гул Муаммер жеңімпазға ұлттық сыйлық пен Әлия Нұрсұлтанқызы тағайындаған 4 миллион теңге көлеміндегі қаржылай жүлдені табыстады. Байқауда жеңіс тұғырынан көрінген 10 лауреат Қазақстанның атынан жүлде қоры 1 млн АҚШ долларын құрайтын «Әлем мұғалімі-2021» жаһандық сыйлығына қатысатын болады. Олардың қатарында жеңімпаз Динара Бейсембаева да бар.
Динара Бейсембаева — химия пәнінің мұғалімі, экология магистрі, «Расширенное эссе» жетекшісі, ғылыми мақалалар мен басылымдардың авторы, дарынды балалардың білім алу қажеттіліктеріне арналған бағдарламаның авторы. Оның оқушылары ғылыми сайыстар мен халық­аралық олимпиадаларда жеңімпаз атанған. Соңғы үш жылда оқушыларының емтихан көрсеткіштері әлемдік деңгейде көш бастап, шетелдің жетекші оқу орындарына түскен. Сонымен қатар, Динара Тоқтарқанқызы ­«Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының мұғалімдері арасындағы «Жыл мұғалімі-2020» желілік байқауының бас жүлде иегері атанған.
– Бұл байқау мұғалімдердің қарым-қабілетін дамытуға, жаңашыл мұғалімдерді тәрбиелеуге септігін тигізеді. Ұйымдас­тырушыларға үлкен рақмет! Сайысқа қатысу, үздіктер қатарына еніп, жеңімпаз атану – мен үшін үлкен мәртебе. Әрине, осындай жетістікке жету үшін маңдай терімді төгіп еңбек еттім. Оқу бітіргеннен бастап қазірге дейінгі кезеңімді шолып, сараптадым. Қазір өзім үшін қай тұсты жетілдіру керек, не нәрсеге басымдық беру керек деген сияқты жаңа жоспар жасап жатырмын. Байқауда жеңімпаз болу одан сайын ынтамды арттыра түседі, – деді Динара Бейсембаева.
Қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қоры 2019 жылы «Global Teacher Prize» жаһандық сыйлығының ресми өкілі атанып, «Қазақстан мұғалімі» ұлттық сыйлығын жариялаған еді. Байқаудың басты мақсаты – үздік мұғалімдерді анықтап, сыйлық берумен қатар, еліміздегі ұстаз мәртебесін арттыру.

Көктем ҚАРҚЫН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × one =