ЕЛІМІЗДЕГІ ЕҢ ҚАУІПСІЗ ҚАЛА

0 226

photo_20168

Қазір қоғамдық көліктерде бейнекамералар орнатылғанын көріп жүрміз. Өзіміз күнде жүретін 10-шы нөмірлі автобустарда осындай құрылғылар екі-екіден орнатылған. Енді автобустарды торуылдап, әмиян мен ұялы телефонды қоймайтын ұрылар аяғын тарта жүретін болды. Бұл – елордалықтардың қауіпсіздігі үшін жасалған шаруа. Елбасы айтқандай, Астана қауіпсіз және тұруға жайлы болуға тиіс. Осыған байланысты елордада қолға алынған жұмыстар баршылық.

2012 жылдан бері бас шаһарда қауіпсіздікті қамтамасыз ететін кешенді жүйе қолға алынғаны белгілі. Осы жобаның аясында қала тұрғындарының қауіпсіздігін сақтау үшін бірқатар жаңа жүйелер енгізіле бастады. Жоғарыда атап өткен бейнекамералар «Қауіпсіз автобус» жобасы бойынша қол­да­нысқа еніп отыр. Бүгінде қала көше­лерінде жүйткитін 10 автобус бейнекамералармен жабдықталды. Сонымен қатар осы қоғамдық көліктерде «Дабыл» түймелері де орнатылған. «Жолаушылар тасымалы орталығы» ЖШС директоры Бақытжан Ертаевтың айтуынша, бейнекамералар автобустардағы жолаушылардың қауіпсіздігін сақтап қана қоймай, қандай да бір дау-дамай, қауіп-қатер төнген кезде «Дабыл» түймесі арқылы көмек шақыруға да болады. Келешекте қаланың күллі автобустары осындай құрылғылармен қамтамасыз етілетін болады.
Сондай-ақ, Бақытжан Ертаев автобустарда электронды табло орнатылатынын жеткізді. Жолаушылар осы таблода берілген мәліметтер арқылы автобустың қайда келе жатқанын, қандай аялдамаларға тоқтайтынын біліп отыратын болады.
Жалпы Астана әлемнің ең ақыл­ды 50 қаланың қатарына кіруге талпынып отыр. Еуропалық «ақыл­ды қалалардың» даму моделіне көз жүгіртсек, олардың басты талабы – қауіпсіз қала болуында екен. Осы мәселеге Елбасымыздан бастап ерекше көңіл бөліп жатқаны сондықтан. Қала тірші­лі­гін кешенді қамтамасыз ету жүйе­сіндегі қауіпсіздікті сақтауға арналған тағы бір жоба– қоғамдық тәртіпті бақылау жүйесі. Соның негізінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүдделі мекемелер мен қыз­мет­керлердің жұмысы бір жерден үйлестірілетін болады. Яғни, қоғамдық тәртіпті қадағалайтын органдар, соның ішінде жедел қызметтер бір орталықтан бас­қа­рыл­са, төтенше жағдайларды дер кезінде ауыздықтауға мүмкіндік туады. Инновациялық технологиялар негізінде жүзеге асырылатын жоба қаланың кез келген бұрышынан жылдам хабар алғызады. Бұл, әрине, бейнебақылаусыз мүмкін емес. Сондықтан жақын жылдары 500-ге жуық мекеменің маңайында барлығы 30 мыңға жуық бейнекамера орнатылатын болады. Ол дегеніңіз қаланың әр бұрышында камера болады деген сөз. Осындай ин­но­вациялық жүйені орнатқан мем­ле­кеттерде қылмыс түрі 30 пай­ызға азайған екен. Ал қылмысты дер кезінде ашу 50 пайызға артыпты.
Қала тіршілігін қамтамасыз ететін кешенді жүйенің тағы бір жобасын айтпай кетуге болмас. Қазір өзі аласапыран кезең. Әлемде небір қақтығыстар болып жатқанын көргенде кейде қауіпсіздігімізге қауіп төне ме деген үрей де билейтіні рас. Алайда, «Ақылды Астана» жобасында бұл мәселе де қарастырылып отыр. Жоба бойынша бірыңғай құрылғылық-бағдарламалық жүйе қалыптасып, соның арқасында кез келген мұрағат пен ғимараттан жылдам ақпарат алуға жол ашылады. Егер қандай да бір дабыл қағарлық жағдай болса, бұл туралы жұртшылықты жаппай хабардар етуге мүмкіндік туатын болады. Сондай-ақ, қаламыз үшін маңызды стратегиялық ғима­рат­тар­дың қорғалуы да жоғары деңгейге жеткізілмек. Бұл бұл ма, келешекте көрінген қабырғаны сызып, небір жазбаларды жазып кететін ван­далдардың іс-әрекеті де қатаң бақылауға алынады.
Елбасының тапсырмасына сай, бүгінде Астана еліміздің ең қауіпсіз қаласына айналды. Тұтастай алғанда, мұнда тәулігіне тіркелетін әртүрлі сипаттағы құқықбұзушылықтың саны жиырмаға жетер-жетпес. Бұл 800 мыңнан астам халқы бар Астана үшін бірталай жетістік екені сөзсіз. Құқықбұзушылықтардың азаюына қалалық ІІД ұйымдастыратын «Қауіпсіз қала» жедел-алдын алу іс-шарасының да үлесі үлкен.
Елордалық әкімдік қолға алған қала тіршілігін кешенді қамтамасыз ету жүйесінің жобалары толық­қан­ды қолданысқа енгізілген сәтте Астананың қауіпсіздігі одан әрі арта түсетін болады.

Қымбат НҰРҒАЛИ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

ten − 5 =