©2020 Астана Ақшамы
Елімізде мәдениет сарайлары көп болса…
Ақжол МЕЙІРБЕКОВ, ҚР еңбек сіңірген әртісі:
– Аға, аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамбліне қайта шақырғанда қалай қабылдадыңыз?
Мәриям, медбике
– Өзбекстанда институт бітіріп, «Дос-Мұқасанның» шақыруымен Алматыға көшіп келген едім. Сөйтіп, жетпісінші жылдардың аяғынан бастап, 1985 жылға дейін жеті жыл сол ұжымда жұмыс істедім. Одан кейін «Гүлдер» ансамблінің директоры болдым. «Сазген сазы», «Арқас» ансамблінде, Алматы облыстық филармониясында ән салдым. Бірақ ешқашан «Дос-Мұқасанмен» байланысымыз үзілген жоқ. Тұрақты қызмет жасамағаныммен, оқта-текте үлкен концерттеріне қатысып, сахнаға бірге шығып тұратынбыз. Әрине, топтағы біраз жігіттердің бақилық болуы қасында бірге жүрген әріптестері үшін де ауыр қайғы. Аты аңызға айналған ансамбльдің шаңырағын шайқалтып кетті десем де болады. Осындай қиын сәтте қара шаңырақтың бір уығы болып, ауыртпалықтарын көтерісейін деп ілгерідегі өз орныма қайтып келдім. Маған артқан сенімді, ұсынысты жерге тастай алмадым. Оның үстіне, қолым бос уақытта жеке шығармашылық ізденістерімді жалғастыра беруге мүмкіндік жасап отыр.
– Өнер саласында жүргендерге, әсіресе, эстрада әншілеріне қатысты айтылатын сын көп. Бүгін не көп – әнші көп. Бірақ, айтқан сыннан нәтиже шығарып жатса жақсы ғой. Айтыңызшы, сіздің эстрадада орындалып жатқан әндерге көңіліңіз тола ма?
Жансұлу, заңгер
– «Әннiң де естiсi бар, есерi бар, тыңдаушының құлағын кесерi бар» деп Абай атамыз айтпақшы, бүгiнде естi әннен есер әндер көптеу. Өзіңіз айтпақшы, бүгiнде не көп, әншi көп. Мейлi, бола берсiн. Тек, сол әншiлер әннiң қадiр-қасиетiн кетiрмей, жөнiмен орындаса деген тілек бар. Егер айтатын әннiң сөзi мен сазы үйлесiп жатса, оны тек дәстүрлi бағытта ғана емес, эстрадамен, симфониялық оркестрмен, тiптi хормен орында. Өз еркiң. Бүгiнде әннiң қадiрiн қашырып жүргендердiң қатары эстрадада көптеп саналатыны жасырын емес. Халықтың басым бөлiгi эстраданы көбiрек тыңдайды, сондықтан мәнді де мағыналы әндерді орындасақ дейміз.
– Ақжол аға, сіздің «Айгөлек» деген әніңізді отбасымызбен тыңдаймыз. Басқа қандай ән жаздырдыңыз? Шығармашылықтағы жаңалықтарыңызды айта кетсеңіз.
Баян, студент
– «Қазақстаным» атты ән жаздырып жатырмын. Әнде даламыздың кең байтақтығы туралы айтылады. Оның алдында Ш.Сариевтің сөзіне жазылған «Далам менің» әнін жаздырған болатынмын. Сәуірдің ортасында осы әндерге бейнебаян түсіруді жоспарлап отырмын. Кез келген өнер иесі сияқты мен де салған әнімнің сазы мен сөзі үйлесіп, тыңдаушының жүрегіне жеткенін қалаймын. Сондықтан, мағыналы, патриоттық әндерге басымдық беремін.
– «Дос-Мұқасан» тобының құрамына шақырту түскенде шешімді тез қабылдадыңыз ба?
Гүлсім, тыңдарман
– Шыны керек, біраз ойландым. Өйткені жеке өнер жолымды қалыптастырып, емін-еркін жүріп үйреніп қалғанмын. Қайда барамын, қашан барамын, тіпті бармаймын десем де өзім білемін. Ал ұжымда жұмыс істегеннен кейін, ондай еркіндікпен, еркелікпен қоштасуға тура келеді. Мұнда бәрі ортақ, барлық мүдде бір мақсатқа жұмылдырылады. Ортақ репертуар таңдап, ортақ көзқараспен санасуың міндет. Екінші жағынан алғанда, мұндай ұсыныс екінің біріне жасала бермейді. «Дос-Мұқасанда» ән салу әркімнің бағына жазылмаған, кез келгенге бұйыра қоймайтын қуаныш. Ал мен үшін биік мәртебе, баға жетпес бақыт дер едім.
– «Дос-Мұқасан» тобы елорда жұртын шығармашылық кешіне қашан шақырады?
Мақсат
– Біз осы уақытқа дейін бірнеше концерт беріп үлгердік. Таразда, Шымкентте, Көкшетауда болдық. Оның ішінде Астана да бар. Арасында ансамбльдің репертуарын қайта жазып, толықтырып жатырмыз. Үнемі дайындық үстіндеміз. Жанды дауыспен ән салу оңай емес. Студияда жұмыс істейміз. Барған жерімде «Дұрыс қадам жасапсыз. Қайтып келгеніңіз жөн болған» деп жылы лебізін білдіріп жатқандар бар. Бұйыртса, бар күш-жігерімді аямай, тер төгемін деген ойдамын.
– Өз салаңыздың кәсіпқой маманысыз. Сіздіңше, қазақстандық шоу-бизнес қандай деңгейде дамып жатыр?
Самал, тыңдарман
– Бұл орайда менің көңіліме қонбайтын жайттар көп. Шоу-бизнестің деңгейі төмен. Басқасын айтпағанның өзінде елімізде эстрадалық орталық жоқ. Филармониялар, Қазақконцерт, театр дегендер мемлекеттің қарамағында болу керек. Оларға тиісті деңгейде қаржы бөліну керек. Айталық, үлкен Алматыда бір ғана сарай бар. Ал, қалаға келетін қонақтарды қоса есептегенде Алматыда екі миллион адам бар. Мұндай мегаполистерде 4-5 мәдениет сарайы болуы керек деп ойлаймын.
– 62 жасыңызда ролик теуіп, жұртты таң қалдырдыңыз. Біз білмейтін басқа қандай қырларыңыз бар?
Гүлмира, қала тұрғыны
– «Астана» арнасында бастау алған «Саған сенемін» жобасына қатысқанбыз. Бәйге шарты бойынша, нәзік жандылар ойын үстелінің үстінде ұтыс тігеді. Ерінің жүргізуші берген тапсырманы орындап шығатындығына сенімділік танытқан әйелдер ең жоғарғы межені береді. Ерлер бұл шешімге қарсылық білдіре алмайды, өйткені, олар басқа бөлмеде отырады. Жеңгелерің маған зор сенім артып, 1,5 жарым минутта роликпен кедергілерден өтіп шықсын деген тапсырма берген. Сол кезде белім ауырып, операциядан шықтым. Соған қарамастан, тапсырманы орындап, жеңіске жеттік. «Жігітке жеті өнер де аз» дейді ғой. Мен барлық өнерімді айта берсем, газетке сыймай кетеді.
– Киноға түсуге шақырып жатса, келісер ме едіңіз?
Дана, бастауыш сынып мұғалімі
– Әрине. Киноға түсу – арманым. Кезінде театр мамандығына тапсырып, түсе алмай қалғам. Егер киноға түсіп жатсам, ақсақалдың немесе ертегі айтатын шалдың рөлін сомдар едім. Кезінде Жұмат Шанин атындағы театрда эпизодтық рөлдерде ойнайтынмын.
– Екінші әйел алу мәселесіне қалай қарайсыз?
Нұрберген, қасапшы
– Екінші әйел алу мәселесі көтерілгенде, өз ойымды ашық білдіретінім рас. Азаматтарымыздың жағдайы келіп, бәйбішесі рұқсат беріп, бала-шағасы зардап шекпесе, қазақтың саны көбейіп жатса, несі айып? Ал ертең оны жылатып-еңіретіп тастап кетіп, баланы тірі жетім етіп, жауапкершіліктен тайқып шығып, тағы желік іздеуге көшсе, олай алған тоқалы да, арам пиғылы да құрысын! Өйткенше, көбейтпегені артық. Бұл менің жеке пікірім ғана.
– Астана жұртшылығына айтар тілегіңіз…
Ардана, қала тұрғыны
– Астаналықтарға тек жақсылық тілеймін. Екіншіден, Астана қаласы әкімдігіне алғыс айтқым келеді. Біздің елордада өткен концерттерімізге үнемі қолдау білдіріп отырады.
Еркежан СӘТІМБЕК