«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Елімізде ипотека арзандай ма?

0 219

Сейсенбі күні Үкімет отырысында Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек елімізде ипотекалық несие үстемесін арзандату мәселесі қарастырылып жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, 2030 жылға қарай бір тұрғынды 30 шаршы метр баспанамен қамтамасыз ету көрсеткішіне жету көзделіп отыр. Айтарлығы, биыл коммерциялық банктер үй салушыларға жәрдемақша есебінен 125 млрд теңге несие және 105 млрд теңгеге ипотекалық несие береді.

Қарапайым халықты «Шынында да ипотека арзандай ма?» деген сауал толғандыратыны анық. Осыған орай, Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыровтың ой-пікірін сұрап-білдік. Астанада жаңадан бой көтеретін ауданға қатысты да ұстанымын аңғардық.
– Айқын Ойратұлы, Қазақстанда ипотекалық несие арзандауы мүмкін бе?
– Бұл мәселені шешудің техникалық мүмкіндіктері мол. Бірақ бұған қазір енжарлық танытып отырған Ұлттық банктің ерік-жігері қажет. Меніңше, Ұлттық Қордың, Бірыңғай жинақтау­шы зейнетақы қорының (БЖЗҚ-Т.Т), Әлеуметтік сақтандыру қорының (ӘСҚ-Т.Т.) қаражатын тартып, мемлекет халыққа ипотеканы арзандата алады. Екіншіден, арзан ипотека құрылыс саласының даму қарқынын арттырады.
– Бізде ипотека деген сөз «аса қымбат» деген түсінікпен бірдей. Сонда ипотекалық несие мөл­­шерлемесі қанша пайызға тө­мен­дейді?
– Айталық, біз ұмтылатын дамыған елдерде ипотека шамамен жылдық 1,2 пайызды құрайды. Осыған ұмтылсақ, құба-құп. Шындығында, бізде ипотека мөлшерлемесі (12 пайыздан жоғары) өте қымбат. Ол қарапайым адамдарға үй алу емес, екінші деңгейдегі банктердің оңай жолмен олжаға кенелу құралына айналды. Бүгінгі жағдайда біздің халықтың 80 пайызы іс жүзінде ипотекалық несие ала алмайды. Сол себептен оны арзандатуымыз керек. Әйтпесе, ипотекалық несие дауынан құтылмаймыз.
– Айтыңызшы, жалпы тұрғын үй мәселесін түпкілікті шешуге бола ма? Мысалға, Астананы алайық.
– Әрине, болады. Кезінде үй салатын комбинаттар деген тамаша тәжірибе болған. Алайда бұл 30-40 па­йызға ғана жүзеге асырылды. Егер мемлекет құрылыс саласына қомақты қаражат бөлетін болса, онда іс жүзінде әлгі үй салатын комбинаттар толық қуатымен жұмыс істейді. Тіпті, олар «ыстық бәліш» тәрізді панельді үйлерді көптеп тұрғызады. Бұл үшін Ұлттық банк қолайлы қаржылай ахуал қалыптас­тыруы тиіс. Мен айтқан тәжірибені Астанада толығымен іске асыруға болады.
– Астанада жаңадан құрылатын аудан туралы естіген шығарсыз. Оның тұрғындар үшін қандай тиімділігі болады? Байқоңыр деген атау сізге ұнады ма?
– Меніңше, қала әкімі Әсет Исекешев бұл мәселені өте жетік біледі. Ең алдымен, жаңа аудан тұрғындарына тиімді. Себебі аумақты өз басшысы басқарады. Екіншіден, жаңа бюджет пайда болады. Ол көптеген әлеуметтік мәселелерді шешуге жол ашады. Бұрын шалғай жатқан үйлердің тұрғындарының арыз-шағымы басшылардың құла­ғына жетпеуі мүмкін. Үшіншіден, билікке де, халыққа да бақылау күшейеді. Өзара сенім мен түсіністік дамиды. Байқоңыр деп атаудың ұсынылғаны – құптарлық. Ол – Қазақстанның ғарыш қақпасы. Байқоңыр арқылы бізді әлем таныды. АҚШ-қа барғанымда америкалықтар: «Сіздерде Байқоңыр ғарыш айлағы бар» деп бас бармағын көрсеткені есімде қалыпты.

Сұхбаттасқан
Төлен ТІЛЕУБАЙ 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды