Елімізде ең үздік

0 45

Биылғы оқу жылы астаналық оқушылар үшін жемісті болды. Білім бәйгесінде ой жарыстырған өрендер ғылым көкжиегінде көк туымызды желбіретті. Өткен оқу жылында 88300-ден аса оқушы 123 олимпиада мен жарысқа қатысқан.13 жыл бойы республикалық олимпиадалардың нәтижелері бойынша елордалық білімділер командасы бірінші орынды иеленіп келсе, осы жылы да «Үздік команда» атағына ие болды. «Білімді мыңды жығады» деген мақалдың растығына тағы бір мәрте көз жеткіздік. Оқушылардың әр пән бойынша ғылыми және халықаралық академиялық жарыстарда да бәсекелестерінен бәсі биік болды. Мұның жарқын дәлелі – 2019-2020 оқу жылында астаналық 157 оқушы Бразилия, Кипр, Румыния, Венгрия, Әзербайжан, Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея, Катар, Ресейде өткен халықаралық рейтингтік олимпиадалар мен ғылыми жарыстарға қатысты. Ілім-ғылымды мектеп жасынан игерген жастар үшін бұл додалар да нәтижесіз болған жоқ. Қатысушылар 72 медальдің иегері атанды. Яғни 15 оқушы алтын медальға ие болса, 23-і – күміс, 34 дарынды қоладан алқа тақты.
Білімі, зейіні мен зердесіне сенген оқушылардың бірі – Данат Дүйсенбеков. Данат – дарынды жастарға арналған «Білім-инновация» лицейінің 11-сынып оқушысы. Айта кету керек, биылғы оқу жылындағы білімділер қатарында ғана емес, көш алдындағы ең танымал жас. Соңғы үш жылда математика пәні бойынша өткізілген халықаралық интеллектуалдық олимпиадалардың жеңімпазы. Былтыр өткен халықаралық математикалық олимпиадасының күміс жүлдегері болса, биыл қашықтан өткізілген Азия және Тынық мұхиты халықаралық математикалық олимпиадасында алтын медальді олжалады. Биыл алтын ұя мектебімен қоштасқан Данат болашақ мамандығы математикамен байланысты болатынына сенімді.
Білім-ғылымның шыңын тек ұлдар ғана емес, елорда арулары да бағындырды. «Nurorda» мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Бибігүл Конкаева – «Олимпиадада жаңа есім» аталымының иегері. Ол 2018 жылғы Эдуард Шим сыйлығына ие болған. Көптеген республикалық және халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы. Биыл өткен Жәутіков атындағы халықаралық олимпиадада алтыннан алқа тақты. Сондай-ақ нұр-сұлтандық түлектер – бүгінде Австрия, АҚШ сияқты өркениетті елдердің үздік ондықтағы жоғары оқу орындарының студенттері.
Қазақ жастары ән мен биден ғана бәсекеге түспей, білім көшінің басында оқ бойы озық жүргені, әрине, қуантады. Өйткені бәсекенің бастысы – білім бәсекесі екенін түсінетін кез жетті. Елдің ертеңі білімді, ойлы жаспен өлшенеді десек, онда білімділер көші дұрыс болу үшін, қазық мықты, қолдау жүйелі болу керек. Себебі орта мектеп – білім жүйесінің ең басты буыны. Бұл бағытта көз қуанып, көңіл толатын істер де аз емес.
Биыл елорда әкімі Алтай Көлгіновтің тапсырмасымен №82 «Дарын» мамандандырылған лицейінде STEM-зертханасы мен робототехника кабинеті ашылды. Оның көмегімен оқушылар сабақта 3D-нысандар жасайды. Роботтарды ғылыми-техникалық білім алуда қолданады. Кабинеттерде станоктар, 3D-принтер орнатылған. Онымен қоса, қалалық мектептердің кабинеттері интерактивті тақталармен жабдықталған.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 − four =