ЕЛГЕ СЫЙЛЫ ЭЛЬВИРА
Өткен жылы Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай желтоқсанның 11-інде Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде «Білім күні» мерекесіне арналған салтанатты шара өткізілді. Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов ғылым-білімнің дамуына үлес қосқан ғалымдар мен осы саланың танымал тұлғаларын, сондай-ақ, бірқатар жоғары және орта мектептің ұстаздарын марапаттады. Солардың қатарында Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ақсуат ауылындағы №2 аралас мектептің орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі Эльвира Рахымжанова «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Отыз жылдан бері шәкірт тәрбиелеп келе жатқан ұстаз ел мерейіне өз мерейі қосылып, елорда еңбегін бағалап жатқанына разы.
… Эльвира Беннер тумысынан мұқият, ыждаһатты қыз болып өскен. Содан ба, кішкентайынан дәптер тексеріп, қате түзеткенді ұнататын. Өзі орыс әдебиетін жақсы көрді. Анасы – Ольга апай туберкулез диспансерінде тазалықшы, әкесі – Яков бригадир болатын. Екеуі де еңбекқор жандар, әкесі шабындық кезінде айлап үй бетін көрмейтін, анасы тәуліктік ауысымға кеткенде үйдегі бес бала үй шаруасын атқарып, тап-тұйнақтай болып, бірін-бірі қамқорлап, өсіп келе жатты. Әпкесі Иринаның қолы босамаса, ағалары Александр, Виктор және Владимир үшеуінің бірі ең кішкентай Эльвираның шашын өріп, сабағына жіберетін. Алдыңғы балалардың ізін ала, бұл да 1979 жылы мектеп бітірді. Семейдегі Н.Крупская атындағы Педагогика институтына орыс тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түсті. Әуелде Ирина апайы, ата-анасы биолог немесе тарихшы болсаңшы деп көрген. Бірақ, көңілі қаламаған соң, қинамады.
Сәмбі талдай солқылдаған жұқалтаң қыздың тәрбиелілігін мұғалімдер басқаларға үлгі етті. Мектепте де, институтта да ұстаздары мен құрбыларының арасында беделді болды. Оқу бітірген соң, 1984 жылы туған ауылына, өзі оқыған мектепке мұғалім болып оралды. Көргеннің көзін суарған жиырма бірдегі бойжеткенге талай жігіттің көңілі кетті. Бірақ, Яков ағай мен Ольга апаның кенжесі өзі теңдес, мектептегі дене тәрбиесінің мұғалімі Әсембек Рахымжановты қалады.
– Мен тұрмысқа шыққанда анам неге қамықты деп ойладым. Қазақтың отбасына қалай сіңер екен деп уайымдаған шығар дегенмін. Сөйтсем, өз басыңа түспей білмейді екенсің. Лаурам мен Баянымды ұзатқанда түсіндім. Өз басым бағыма қарай, жақсы жерге түстім. Ата-енем ауыл-аймаққа қадірменді, қайын атамды ел-жұрт сері деп сыйлайтын. Қайын-қайынсіңлілерім жеңгелеп қадір тұтты. Алдыңғы туған екі баламызды қолдан-қолға түсірмей өсіріп, қызметіме еш қиындық келтірген жоқ. Төрт бала сүйдік. Жаннамыз Алматыда журналист, кенже қызымыз Индира Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің соңғы курсында оқиды. Болашақ аудармашы, – деді Эльвира Рахымжанова.
Эльвира әуелгі 8-сыныпқа дейін таза орыс мектебінде, одан кейін 9-10 сыныпты аудан орталығындағы ВЛКСМ-нің 60 жылдығы атындағы орыс-қазақ мектебінде оқыды. Бүгінде ол №2 мектеп болып өзгерген. Мектепте оқыған орыс тілін жақсы білетіні өз алдына, қазақ және неміс тіліне өте жетік.
– Ең алғаш мұғалім болып кіргенімде бастауыш сыныпты алдым. Ол жылдары мектебімізде неміс тілі пәні жүретін. Әлдебір себептермен мұғалімдердің бірі келмей қалғанда неміс тілінен сабақ жүргізе беретінмін. Жалпы, ден қойған адамға кез келген тілдің заңдылықтарын игеру қиын емес. Оған жоғары сыныптың оқушыларын Ұлттық бірыңғай тест сынағына дайындау кезінде көзім жетті. Мәселен, қазақ тіліндегі салалас құрмалас сөйлем, сабақтас құрмалас сөйлем, бағыныңқы сөйлем мен басыңқы сөйлемдердің орыс тіліндегі сложносочиненное предложение және сложноподчиненное предложение деген заңдылықтарымен өзара ұқсас. Сондықтан, сабақ үстінде қазақ балалары өз ойын жеткізуге қиналып тұрса, білгенін, түсінгенін қазақша айта ғой деп кеңшілік етемін. Өйткені, біліп тұрғанын жеткізе алмаған балаға қиын.
Эльвира Рахымжанова мұғалім болған отыз жылдан бері, әсіресе, тәуелсіздік жылдарында ғылым, білім саласында көптеген өзгерістер болды. Ең қызығы, кезінде өзі тәлімін алған ұстаздарының балаларына енді өзі білім беріп, алдын мектептен түлетіп ұшырып жатыр. Бірақ, бүгінгі ұстазға талап күшті. Мұғалімдер осы заманғы білім беру инновациясын игермей болмайды. Мультимедия, интертақтамен сабақ өткізіп, электронды оқулықпен оқыту үшін ұстаздың өзі барлық инновацияның алдында жүруі керек. Демек, балаға білім беремін деген мұғалімнің өзі әрдайым біліктілігін жетілдіріп жүрмесе, болмайды. Өйткені, бүгінде мектептегі оқу бағдарламасынан бөлек, дарынды балалар арасында ғылыми жоба қорғау қалыпқа айналды.
– Біздің ауданның балалары ғылыми жобаны негізінен экология тақырыбына арнайтынын аңғардым. Өйткені, біздің өңірдің табиғаты әсем. Осы әсер еткен болуы керек. Бұл – жақсы құбылыс. Себебі, бала өзінің туған ауылын жақсы көріп, сабағына, өнеріне өзек етсе, ертең отансүйгіш болып өседі деп білемін, – деді үш тілді таза меңгерген ауыл мұғалімі.
Отансүйгіштік қасиет Эльвираның өз бойында терең тамыр жайған. Кешегі күні бірқатар отандастырымыз Ресей және Германия сынды тарихи отанына көшкенде, Беннер отбасы балаларының алды Германияға қоныс аударды. Яков әкей «маған қазақ жерінен топырақ бұйырсын» деп, соғыс кезінде пана тапқан отанынан кеткісі келмеді. Тіпті Омбыдағы апайы Германияға көшіп бара жатып, зәулім үйі мен гүлденген бау-бақшасын көлденең біреуге қимай, інісі Яковқа тарту етпек ниеті барын айтты. Атажұрты Германияға бармаған Эльвираның әкесі Ресейге тіпті ниеті ауған жоқ. Заманның беталысын аңдаған Яков ағай балаларына ол жаққа бар-барма деген жоқ, бірақ, кіші ұлына «Өзің қайда жүрсең де, анаңды жаныңнан тастамай ала жүр» деп аманат етті… Әкесі дүние салған соң, Александр отбасын алып, анасымен бірге және Владимир де бала-шағасымен Германияға қоныс аударды. Бүкіл ауыл болып шығарып салды. Виктордың үй іші Алматыда тұрады. Көп ұзатпай, Эльвира төркіндеп, ағасы мен анасының соңынан іздеп барды. Ол жаққа көшкен ағайындар уақыт тапса, араласып тұруға пейіл екен. Біздің келін барғанда Қазақстаннан көшкен қандастары жиналып ел жаңалығын жабыла сұрады.
– Кәзір кабельді телевидение бәрін алақандағыдай, айнадағыдай көрсетіп отыр. Сонда да кісінің аузынан естігендей болмағаны ғой.
Ағам Александрдың қызмет істейтін жерінде дүкенге ме, әлде асхана, ресторанға арнап қой сойылса керек, бірнеше қойдың басын әкеліп, бір бұрышқа үйіп қойыпты. Ағам әрі тұрып, бері тұрып «мынау ешкімге керек емес пе?» деп сұрапты. «Керегі жоқ. Саған керек пе?» «Алуға рұқсат болса, әрине, керек». «Ала бер» деген соң, ағам бастың бәрін жиып-теріп, гаражда үйтіпті де, үйіне алып келіпті. Кастрюльге балбыратып асып, пісіріп, ауылдағыдай бас мүжіпті. Келесі күні елден көшкен дос-жаранын шақырып, бас тартады. Ағам әлі күнге дейін қазақшасын ұмытпаған. Ол кісі ғана емес, ағамның егіз ұлы да ұмытпаған. Ұмытпақ түгілі, ретті жерінде мақалдап сөйлегенде, анау-мынау жақты жаңылдырады.
Хаген қаласында тұратын Александр Беннердің пәтері биік үйдің үшінші қабатында. Бір күні Эльвира балконға шығып, айналаны шолып тұрған.
– Бір сәтте Айгүл деді ме, Гүлім деді ме, әйтеуір, соншама таныс бір есімді атап шақырған дауыс құлағыма келді. Алғашқыда елес пе деп қалдым. Жоқ, таныс сөздер айтылып жатқан сияқты. Тына қалып, тың тыңдадым. «Қайда кеттің?» деп балаларына ұрсып жатқан әйелдің үні анық естілді. Бөлмеге атып кіріп: «мама, төменде қазақтар тұра ма?» дедім аптығып. «Жоқ, түріктер» деді.
Мен барғанда бәріміз қазақша сөйлестік. Бір күні теледидарды қоссам, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев сөйлеп тұр. Көзіме оттай басылсын. Жастар тез үйренісіп кететін әдеті ғой. Бірақ, мамама қиындау екен, «Қайтқым келеді. Семейді сағынамын. Ақсуатта есіктің алдынан ары-бері өткен адамдардың, мынадай биттей балаға дейін шапқылап келіп, «Оля апай, қалайсыз?» деген бір ауыз сөзіне зар болып отырмын» деп, жылап қалды…
Анам дүниеден қайтқанда бардым. Топырақ салып үлгердім. Келесі жылы «бар ғұмыры Ақсуат ауылында өтті ғой» деп, ауылда ел-жұртты жинап, жылын бердік.
Маған кейбіреулер сен де ағаң сияқты, көшіп кетпейсің бе дейді. Мен – қазақтың келінімін, балаларым осында. Қызметім бар, бала тәрбиелеп жүрмін. Ел-жұртым сыйлайды. Отбасым осы елде. Екі қыздан жиендеріміз өсіп келеді. Ендеше, менің тұрағым да, бағым да осы елде, – деді «Қазақстан Республкасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» Эльвира Рахымжанова.
Раушан ТӨЛЕНҚЫЗЫ