©2020 Астана Ақшамы
ELEVATOR KZ: БІРЛЕСКЕН КӘСІПОРЫН БИІКТЕРДІ КӨКСЕЙДІ
«Адамды адам еткен – еңбек» деп, жалқаулықты жау көреміз. Алайда, жалқаулық – адамзаттың табысты технологияларды ойлап табуына себепкер деген пәлсапа да бар. Яғни, еңбектің жалқаулыққа қызмет еткені. Қарапайым мысал, тұрмыс-тіршілікте көп күш жұмсатпаған, уақытымызды үнемді еткен тетіктер тілегімізді орындайды. Өркениеті дамыған дәуірде екі аяққа дамыл берген өнертабыс – лифт. Экономикасы өрлеген, электроникадан «империя» құрған елдердің деңгейіне бірден лифтпен көтеріле алмаймыз. Ол биікке баспалдақпен шықсақ та, ілгері қадам басқанымыз, ілескеніміз. Жақында Астана маңындағы Қосшы елдімекенінде Қазақстан мен Қытайдың бірлескен кәсіпорны – «Sky Express Elevator KZ» лифт жасау зауыты іске қосылған болатын.
Ашылғанына көп болмаған кәсіпорынның аяқ алысын аңдап қайтқан едік. Бізді жылы қарсы алған зауыт директоры Абай Нұрғалиев жұмыстың жай-күйімен таныстырып, бастамасы болғандықтан, істің баяу жүріп жатқанын да жасырмады.
Біз барғанда зауыт алғашқы тапсырысын алып, «Эталон» сауда орталығына 3 лифт дайындап жатыр екен. Екі күн бұрын Алматы қаласындағы Алатау базарынан 8 лифт, 8 эскалаторға жаңа тапсырыс қабылдапты. Содан кейінгі кезекті жұмысы «Орда инвест» компаниясына 14 лифт, Сейфуллин көшесіндегі жаңа соғылған үйге 16 лифт жасау керек. Бұдан бөлек Орал, Көкшетау, Қарағанды, Павлодар және басқа қалалардан да тапсырыстар келіп түскен. Зауыт жаңа болғандықтан, әзірге айына кемінде 10-20 лифт жасап шығару межесі тұр. Алдағы уақытта көкжиегін кеңейтіп, өз өнімдерін ТМД елдерінде, оның ішінде Украина, Беларусь, Әзербайжан, Түркіменстан және Алатаудың арғы жағындағы қырғыз ағайынға сатуды жоспарлауда.
Бұл зауытта құрастырылатын жоғары жылдамдықты лифтілер нарықта «Auxe» маркасымен белгілі. Дәл осы маркамен Қытайдағы компания жылына 20 мың лифт шығарса, біздегі кәсіпорынның мүмкіндігі – 1000 лифт. Келесі жылы зауыттың екінші бөлігі іске қосылса, жылдық қуаты 2000 лифтке дейін жетуі ықтимал.
«Сонда іргеде алпауыт Қытай тұрғанда, тышқаншылап шығарған өнім қай шығынды ақтайды?» дейсіз ғой. Жоқ, олай емес. Шетелден тасымалданатын лифтілерге қарағанда бұл зауыттың өнімі арзан әрі орнатылғаннан кейін лифттің мүлтіксіз жұмыс істеуіне, сапасына 2 жылға кепілдік беріледі.
Қазір зауытта он адам жұмыс істейді, оның жетеуі – қытайлық мамандар. Жұмыс көлемі кеңейіп жатса, жұмысшылар санын 40-50 адамға арттырмақ. Сондай-ақ, тәжірибе алмасуға келер жылы Қытайдан тағы бес адам шақыртпақ.
Жаңа зауытта жұмысшылар лифт құрастыруға қажетті металды июге, тесуге, тегістеуге, бұрандаларын қатыруға арналған бірнеше құрылғылармен жұмыс істейді. Алдымен лифт қорапшасы сынды негізгі бөліктері құрастырылады. Содан соң жұмыс белгілі бір нысан шахтасында жалғасады. Онда лифттен басқа қозғалтқыш мотор, темір арқан, басқару тетіктері сынды түрлі механизмдері мен шахта қаңқасын орналастырады. Лифт құрастыруға қажетті материалдың көбісі – өз еліміздің өнімдері. Қара металды Қарағандыдан алса, балқыту жұмыстарын «Атбасар» технопарк серіктестік компаниясы атқарып береді. Жалпы, бір лифт жасауға 2 тоннаға жуық металл кетеді. Ал, қауіпсіздік жүйесі, басқару панелі, мотор, есікті ашу және жабу механизмдері, қозғалтқыштар мен электроника – барлығы Қытайдан келсе, арнаулы темір арқандарды Ресейдің «Север сталь метиз» компаниясынан алдыртады.
Зауытта электрик әрі электромонтажшы болып жұмыс істейтін Сейітхан Исабай: «Бұрын лифтке мінгенде, «қалай жасаған екен» деп таңданып қарайтынмен. Ал қазір басынан аяғына дейінгі құрастыру процесі көз алдымда өтеді. Таңсық болған дүние маған бүге-шүгесіне дейін бес саусақтай таныс. Қазақтар кез келген іске тез бейімделіп кетеді. Сондықтан бұдан да күрделі технологиялардың тілін тез-ақ меңгеріп кетеміз. Алар асу алда» дейді ел келешегіне сеніммен көз тастап.
«Sky Express Elevator KZ» лифт шығарып қана қоймай, қызмет көрсету және жөндеу жұмыстарымен айналысады. Қазақстанның барлық қалаларында агенттіктері бар. Сондай-ақ, Алматы қаласынан сервистік компания ашпақшы.
Кәсіпорын тұрғын үйлер мен кеңселерге арналған стандартты лифтілерден басқа, бірнеше лифт түрлерін құрастырады. Жоғары жылдамдықтағы қуатүнемдеуші лифт аты айтып тұрғандай энергия үнемдеуші технологиясы бар квинтэссенциясымен ерекше. Дизайн, қозғалтқыш, басқару тетігі, есік жүйесі, тағы басқасы бірінші санатты энергия үнемдеуші элементтермен жабдықталған.
«Sky Express Elevator» компаниясы шығаратын кішігірім машина бөлімі бар, редукторсыз кісі тасымалдаушы лифттердің дизайны керемет. Бұл лифт түрінің қозғалысы қауіпсіз әрі кең.
Ауруханаларға арналған кең кабиналары лифттердің электрондық тетігі жанында мүгедек және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған Брайл шрифтімен көрсетілген көлденең басқару тетіктері бар. Адам жанына араша түсер сәттерде әрбір секунд қымбат. «Біздің компания ауруханалық лифті құрастыру барысында науқасты тасымалдауы кезінде туындауы мүмкін барлық жағдайларды ескереді. Бұл лифт түрінде дәрігердің де, пациенттің де қауіпсіздігіне кепілдік беретін алдын ала ескерту және авариялық жағдайға байланысты көптеген құрылғылар орнатылған» дейді Абай Нұрғалиев.
Сонымен қатар, бұл кәсіпорын коттедждерге арналған лифттерге де тапсырыс қабылдайды. Мұндай лифттер жеке үйге тамаша жайлылық сыйлайтыны анық.
«Auxe» маркалы лифттердің бағасы 4 млн 300 мың теңгеден басталады. Ең қымбаты 6 млн теңгеге дейін саудаланады. Баға жоғары болуы орнатылатын нысанның қабат санына да байланысты, яғни, қабат жоғарылаған сайын бағасы да өседі. Бағаның қымбат болуының бір себебі Қытайдан бөлшек заттармен қоса дайын тауарларды да алдырады. Соған байланысты лифттен гөрі эскалаторлар қымбатқа түседі. Өйткені, 3 лифт кететін контейнерге 1 эскалатор ғана сыйдыруға болады. Ал бір контейнер жүк 8 мың доллар талап етеді. Алдағы уақытта лифт те, оған қажетті материалдар да толықтай елімізде өндірілсе, баға арзандай түседі.
Орынбек ӨТЕМҰРАТ