ЭЛЕКТРОНДЫҚ ЖҮЙЕДЕ ЖҰМЫС ІСТЕЙМІЗ

0 116

01

Қорлан ҚАБДЫРОВА,

Астана қаласындағы №3 емхананың бас дәрігері:

 

  

  

Салтанат:

– №3 емхананың аума­ғында тұрамын. Сіздің меди­ци­налық мекемеге бекітілуге бола ма?

– Салтанат, сіз жұмыс істейсіз бе, әлде студентсіз бе?

– Студентпін.

– Онда біздің емханаға бекіті­луі­ңіз­ге болады. Жалпы, біздің емханаға қала­дағы кәсіби лицей, колледж және жоғары оқу орнының күндізгі бөлім сту­дент­тері, сол оқу орнының бірін­ші басшысы, яғни, директор немесе ректор қол қойған тізім бойынша бекітіледі.

 

Айгүл:

– Сіздің емханаға тіркелгенмін. Айтыңызшы, күндізгі стационар деңгейінде немесе үй жағдайында ем алуыма бола ма?

– ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2011 жылғы 6 желтоқсандағы  №1472 «Тұрғындарға стационар алмастырушы көмек көрсетуді бекіту туралы» бұйрығы негізінде учаскелік терапевт дәрігеріне тексерілу арқылы барлық талдауларды тапсырасыз. Сырқат екеніңіз анықталса, күндізгі стационарда жатып емделуге және де үй жағдайында тегін медициналық көмек алуға құқыңыз бар.

 

Клара:

– Студенттердің толыққанды тамақ­танбайтыны белгілі. Астана жастары қандай аурулармен жиі сырқаттанады?

– Негізгі пациенттеріміз студенттер болғандықтан, олармен үнемі кездесіп, әңгімелесеміз. Сонда олардың  басым бөлігі күніне бір-екі рет қана тамақтанатындарын, оның өзінде фаст фуд, пепси-кола және сникерспен жүрек жалғайтындықтарын жасырмайды. Ал, бұл тамақтар адам ағзасы үшін өте зиян. Мысалы, осылайша тамақтану асқазан ауруына әкеп соғады.  Бұл ретте мен алкоголь, темекі өнімдерін жарнамалаған секілді «Сникерс» секілді шоколадтардың зиянды екендігі жөнінде жарнамалауды ұсынар едім.

Қазіргі кезде астаналық жастар арасында тыныс алу жолдарының аурулары – бірінші орында, миопия, яғни, көз көруінің төмендеуі – екінші орында. Сонымен бірге сколиоз, майтабан, яғни тірек-қозғалыс аппаратының бұзылуы үшінші орында және асқазан-ішек аурулары төртінші орында тұр. Осының бәрі студенттердің ғаламторды, әлеуметтік желілерді жиі пайдалануының, қысқасы аз қозғалатындығының салдарынан болып отыр деп ойлаймын.

 

Айнагүл:

– Құрбымның иммунитеті тым төмен. Жиі сырқаттанады. Дәрігерге барып көрінуге құлықсыз. Бұған не дейсіз?

– Қазіргі таңда өз денсаулығына аса мән бермейтін студенттер жиі кездеседі. 2009 жылғы 18 қыркүйектегі «Адам денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес, 88, 89, 90, 91-баптарда пациенттің өз денсаулығын сақтауға жауапкершілік туралы жазылған. Бірақ, барлық адам бірдей емес қой. Әсіресе, жастар жағы денсаулыққа аса мән бермейді. Қазіргі жастардың арасында саламатты өмір салтын сақтамайтындар, тіпті, диспансерлік есепке тұруға келмейтін, дәрігер жазып берген дәрі-дәрмекті уақытында және тиянақты қабылдамайтындар да бар. Сондықтан, сіздің құрбыңыздың денсаулығына алаңдауыңыз құптарлық жәйт. Дегенмен, оның емханаға барып, тексерілгені дұрыс.

 

Айдос:

– Емхананың электронды жүйе­де жұмыс істеуге көшкені рас па?

– Денсаулық сақтаудың бірыңғай ақпараттық жүйесінің енгізілуіне байланысты емханамыз қағаз жүзіндегі амбулаторлық карталардан электронды жүйеге көшірілді. Жаңа жүйе тіркеу бөлімінің жұмысын екі есеге дейін жеңілдетті. Қазір бұрын­ғыдай «картам жоғалып кетті, дәрігерде болып едім» деп, амбу­ла­торлық кітапшаны іздеп сенделмейсіз. Тіркеу бөліміне келіп, жеке куәлігіңізді көрсетсеңіз, сізді электрондық кезек­ке қояды. Ақпарат бірден дәрігерге келіп түседі. Кезек те дереу келеді. Өйткені, әрбір пациентті қабыл­дау­дың белгіленген уақыты бар.

Кейде жарықтың өшіп қалатыны да шындық. Ондай кездерде қала­дағы халыққа қызмет көрсету орта­лық­тары клиенттерін қабылдай алмай жатады. Ал, бізде олай емес. Жарық өшіп қалған кезде дәрігер барлық ақпаратты қағазға жазып алады да, кейін компьютерге енгізеді.

 

Дариға:

– Колледжде оқитын қызым жиі ауырады. Сұрайын дегенім: сіздің емхана арқылы ол тұмауға қарсы тегін екпе алуына бола ма?

– Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы «Қарсы профилактикалық егу жүргі­зі­ле­тін аурулардың тізбесін, оларды жүргізу ережесін және халықтың жоспарлы егілуге жатқызылатын топтарын бекіту туралы» №2295 қаулысына сәйкес, тұмауға қарсы егу бұл тізбеге жатпайды. Сондықтан, елордадағы кез келген емханада немесе лицензиясы бар жеке медициналық орталықта тұмауға қарсы егуді ақылы түрде қабылдай аласыздар.

 

Алтыншаш:

– №3 емхана маман­да­ры­ның қабыл­дауы­на қалай жазы­лу­ға болады?

– Біздегі тіркеу бөлімінде мамандардың қабыл­дауына жазылу жоспарлы түрде жүргізіледі. Яғни, емханамыздың мамандарына күн сайын сағат 8.00-ден 20.00-ге дейін телефон шалып немесе веб-сайт арқылы жазылуға болады.  Шұғыл көмек көрсетуді қажет ететін науқастарды жазы­лу­сыз-ақ қабылдаймыз. Сонымен бірге, таңертеңгі сағат 8.00-ден 18.00-ге дейін телефон арқылы немесе туысқаны келіп дәрігерді үйге шақырта алады.

 

Алтынбек:

– Студенттер арасында туберкулезбен ауыратындар көп пе?

– Соңғы бес жылда астаналық студенттер арасында туберкулезбен ауыру 2,5 есеге азайды. Егер 2008 жылы 189 ауру анықталса, өткен жылы емханамызда осындай 101 жағдай тіркелді. Жалпы, туберкулездің 85 пайызы флюо­ро­графиялық тек­се­ріс­тен кейін анық­талады. Сондықтан, профи­лак­тикалық тексерістен дер кезінде өту өте маңызды. Аурудың таралмауы үшін науқаспен байланыс­та бол­ған барлық адам қайта тек­се­ріс­тен өткі­зіледі.

 

Жандарбек:

– Ұлым университетте оқиды. Әскери кафедра бітір­­гісі келеді. Ол үшін сіз­дің­ емха­наға баруы керек пе?

– Әлбетте. Ұлыңыз алдымен біздің емханаға келіп, про­фи­лак­тикалық тексеруден өтуі керек. Сол тексерулердің нәтиже бойынша оған медициналық тұжы­рымдама беріледі. Әскери кафедраға түсу үшін бала ден­сау­лығының ойдағыдай болуы жеткіліксіз. Ұлыңыздың сонымен бірге басқа критерийлері, мәселен, сабаққа үлгерімі және шынығу дайындығы да жақсы болуы қажет.

 

Болатбек:

–Кардиолог, нев­ро­потолог дәрі­гер­лер учаскелік тера­певтің алдын ала тек­­се­­руін­сіз қа­был­да­май­ды. Осы дұрыс па?

– Дұрыс. Өйткені, учаскелік дәрігер алдымен науқасты тексеріп, оларға сараптама жүр­гі­зіп, қажет болған жағ­­дайда арнайы маман­­­дарға жолдайды.

 

Маржан:

– Қазір қаладағы бар­лық­ медициналық мекемеде денсаулық орта­лығы жұмыс істейді. №3 емхана­да осындай орталық бар ма?

– Иә, Денсаулық сақтауды дамытудың 2011 -2015 жылдарға арналған  «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындау және Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауын жүзеге асыру мақсатында емханамызда «Жас толқын» жастар денсаулығы орталығы және алдын алу және әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімшесі ашылған болатын. Ондағы психологтар, әлеуметтік қызметкерлер, саламатты өмір салтын сақтау дәрігері емхана дәрігерлерімен бірігіп тренингтер, акциялар, дөңгелек үстел мәжілістерін, студенттер арасында сауалнама ұйымдастырып, оқу орындарында бейбітшіл жастар комитетімен медициналық-әлеуметтік жұмыс жүргізеді. Сонымен бірге оқушылар және студенттер арасынан волонтерлар дайындап, отбасын жоспарлау, контрацепцияның заманауи әдістері бойынша, жыныстық қарым-қатынас арқылы берілетін аурулар, ВИЧ пен СПИД туралы лекциялар оқиды. Бұл біздегі дәрігерлер қабылдауының уақытын үнемдеуге әсерін тигізеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × one =