©2020 Астана Ақшамы
ЭЛЕКТРОНДЫҚ ЖҮЙЕ ЕНГІЗІЛДІ
Елордадағы өткен жылы ғана жөндеуден өткізілген №15 мектеп-лицейде балалардың толыққанды білім алуына тиісті жағдай жасалған.
Мұнда қазір 1320 оқушы бар. Былтырғы жылдың көрсеткіші бойынша бес түлегі «Алтын белгі» иегері атанған. Түрлі байқауларда топ жарғандарын да санамалап келтіруге болады. Бастысы, білім ошағы биыл электрондық оқыту жүйесін енгізіпті. Онда сабақ кестесі мен сабақ жоспары, үй тапсырмасы, оқушының үлгерімі, мектепке келуі тайға таңба басқандай байқалып тұрады. Орыс сыныбына қазақ тілі пәнінен дәріс беретін Аманкүл Қазбекова он екі жылдықтың 6-7 сыныптарына оқулық және әдістемелік құрал жазып шыққан. Бұл дүниелердің игілігін республикамыздағы жүз мектеп көруде.
– Қазақ тілінің аясын кеңейту өзімізге байланысты. Орыс сыныбында оқитын қазақ балалары ана тілін білмейді. Отбасында оны қарым-қатынас құралына айналдырмағасын, тіл ұзарту аса қиынға соғады. Менің ойымша, осы сыныпта оқитын балаларды ҰБТ кезінде қазақ тілінен сынақтан өткізуіміз керек,-дейді ұстаз А. Қазбекова. Жаны бар сөз. Тілдік мәселе мемлекеттік деңгейде көтеріліп тұрған тұста айтылған пікір аяқсыз қалмайды деп ойлаймыз.
Мемлекет басшысы өткен жылы тарих пәніне қатысты сын айтып, кемшіліктің бетін ашып көрсеткен еді. Айтылған ескертуден қорытынды шығарған ұстаздар қауымы қазір Білім және ғылым министрлігінің нұсқаулығымен бекітілген арнайы әдістемелік құралдармен оқытады. Тарих, қоғам пәндерінің мұғалімі Сәуле Ыдырысованың мәлімдеуінше, оқушылар түсінігіне ауыр келетін сөздерді жұмсартып, қайта сүзгіден өткізіп оқытып келген. Болашақта ғалымдардың қолынан сүбелі оқулықтар шығатынына сенімді. Әзірге осы олқылықтың орнын осында біраздан бері жүйелі жұмыс жасап келе жатқан «Дебат» пікір-сайыс клубы толықтырып келеді. Клуб мүшелері түрлі тақырыпқа байланысты ой-пікірлерін ашық айтып, қорытынды жасайды. Оның ішінде құқық пәніне қатысты мәселелер де қамтылады.
Алпыс екі жылдық тарихы бар №15 мектеп-лицейдің оқушылары жыл сайын пәндік олимпиададан жүлдесіз келген емес. Нақты айтқанда, оқушылар ұстаздарымен кеңесіп, ғылыми жұмыстармен шұғылданады. Мәселен, М.Мақатаев өлеңдеріндегі қаратпа сөздерді талдап, М.Дулати шығармасындағы құқықтық және әлеуметтік көзқарас мәселесін әзірлеген.
Әмірхан АЛМАҒАНБЕТОВ