©2020 Астана Ақшамы
Электрондық әкімдік – уақыт талабы
Халық пен билікті байланыстыратын төте жолдың бірі – электрондық әкімдік. Бүгінде Астана қаласы әкімдігі орнатқан ақпараттық киоскілерді жиырма мыңға жуық адам пайдаланған. Аталмыш веб-портал мемлекеттік органдардың ақпараттық және интерактивті қызметтеріне қол жеткізудің бірыңғай нүктесі ретінде құрылғандықтан, елорданың әрбір азаматы, қысқа уақыт ішінде қажетті ақпаратты еркін ала алады.
Әкімдік орнатқан көлемі үлкен ақпараттық киоскілер ойын-сауық орталықтары, салық комитеті, аудандық әкімдіктер, теміржол вокзалы, сапаржай секілді қаланың қоғамдық орындарында қызмет атқаруда. Веб-порталда мемлекет пен тұрғындардың тұрақты «кері байланысын» қалыптастыру аясында «Әкімге сұрақ», «Бизнесті қорғау», «Басқарма басшыларына сұрақ», «Жолда жүру тәртібі» модульдері жұмыс істейді.
2010-2014 жылдарға арналған ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту бағдарламасына сәйкес жергілікті атқарушы органдарға қоғамдық қолжетімділік пунктілерін кеңейту бойынша тапсырмалар жүктелгені белгілі. Осыған байланысты Астана қаласының әкімдігі ақпараттық киоскілер сатып ала бастады.
Ақпараттық-интерактивті тақталар қала тұрғындарына бірнеше бағыт бойынша қызмет ұсынады. Бұл жөнінде толығырақ білу үшін Астана әкімдігінің ақпараттық технологиялар бөлімінің бастығы Еркебұлан Жәнібекұлымен тілдескен едік.
– Еркебұлан Жәнібекұлы, тұрғындар кез келген жерде жүріп-ақ қала басшысына сауал жолдай ала ма?
– Әрине. Халық қала әкіміне сұрақ қоя алады. Жаңалықтар оқиды. Балаларға арналған мектепке дейінгі мекемелерге және тұрғын үй кезегін көруге болады. Қажетті медициналық дәрі-дәрмектер тізбесін біліп және бірыңғай есептік орталықтан төлемге есепті шығаруға мүмкіндік береді.
– Жұмысқа орналастыру порталының ерекшелігі неде?
– Астана қаласы бойынша жұмысқа орналастыру порталы, ізденушіге – түйіндеме құру, сайтта жариялау, қажетті мамандық бойынша бос орынды іздеу, жұмыс беруші мен жеке кадрлық агенттіктерге – сайтта бос орындарды жариялайды. Бүгінде елорданың жұмысқа орналастыру порталында 4014 қолданушы тіркелген. Оның ішінде 3354 ізденуші және 660 жұмыс беруші, ал 2012 жылдың қорытындылары бойынша жұмысқа орналастыру порталына 100 мыңнан астам адам кірген.
– Электрондық картаның қызметі ауқымды көрінеді. Қала қонақтарына іздеген мекен-жай мен телефон нөмірлерін тауып бере ала ма?
– Астана қаласының жоспар-сызбасы, қала тұрғындары мен қонақтарына қаланың барлық нысандары туралы кеңістіктік ақпаратты қарапайым web-браузер арқылы ұсынады.Электрондық картаның құрал-саймандары қолданушыға мекеменің атауын, мекен-жайын, телефонын тауып береді. Тіпті, қалалық көлік аялдамалары бойынша тиімді бағдарды іздеп қана қоймай, көшелер мен қаланың әсем жерлерін, сонымен қатар өткізілетін оқиғалар мен шараларды да көз алдыңа әкеледі.
– Қаладағы кептелістерді тиімді бақылауға болады. Мұнда қанша автобустың бағдары тіркелген?
– Қоғамдық көліктің бағдарлары – қала тұрғынына қалалық бағдарлар автобустарының жүруіне онлайн арқылы қарау мүмкіндігін беретін сервис. Бүгінгі таңда сервис арқылы қаланың 51 бағдары бойынша 450-ден астам автобустың қозғалысын көруге болады. Мәселен, мына 10-шы нөмірлі автобусты басып көрейік. Көрдіңіз бе, бұл автобус бірер минуттан кейін Назарбаев университеті аялдамасына жетеді.
– Мемлекеттік қандай қызметтерді пайдалануға болады?
– Электрондық қызметтер порталы тұрғындарға компьютердің қарапайым батырмаларын басу арқылы жұмыспен қамту, білім, тұрғын үй, жер қатынастары және басқа да саладағы ең сұранысқа ие 15 мемлекеттік қызметтің түрін алуға мүмкіндік береді. 2012 жылдың қорытындысына сүйенсек, порталы арқылы 11 мыңнан астам мемлекеттік қызметтер электрондық түрде көрсетілген.
***
Порталдағы «Жеке тұлғалардың үндеуі» сервисі қолданушыға өз үндеуінің жағдайын білуге арналған. Яғни, жолданған сауалды кім қабылдағанын, қайда жіберілгенін, жауабы қашан болатынын анықтай алады.
Бүгінде әкімдіктің ақпараттық жүйелер бөлімі Электрондық үкіметпен интеграция бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Бұл өз кезегінде электрондық үкімет порталының қызметтерін әкімдіктің ақпараттық киоскілері арқылы ұсынуға мүмкіндік бермек. Қоғамдық қолжетімділік нүктелері арқылы қала әкімдігінің интернет қорына кірушілердің саны артқандықтан, ағымдағы жылдың екінші тоқсанында қала объектілеріне тағы 10 ақпараттық киоскіні орналастыру жоспарлануда
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ