Электрондық әкімдік

0 134

Көксеңгіріміз көк шаң болды

Көксеңгір көшесіндегі жол жиегіне күн сайын бір КамАЗ келіп қоқыс төгеді. Құрылыстың қоқыр-соқыры, тас, темір… Олай-бұлай жүрген көліктер   доңғалақтарын жарып алып жатады. Жел тұрса бітті, күл-қоқыс бұрқырап жүрер жолымызды көк шаң қылады. Қаланың шетінде болғандықтан, онсыз да жетісіп тұрмаған тұрағымыздың ат көпірі шықты. Тәртіпке көндікпейтін көліктің фотосы мен нөмірін өздеріңізге жолдап отырмын. Бір жөнге салсаңыздаршы.

Ю.В

 Өтініш 4 қыркүйекте түсіп, 5 күнде шешімін тапты.

ІІД Жол полициясы басқармасы:

– Аталған факті бойынша Сарыарқа ауданы ішкі істер басқармасының табиғатты қорғау полициясы қызметкерлері тексеріс жүргізді. Расында да, Көксеңгір 37/1 мекен-жайы бойынша құрылыс қоқыстары жиналып қалғаны анықталды. Ал «АстанаТрейдИнтернейшинл» АҚ-ға қарасты, мемлекеттік нөмірі Z 314 СЕ КамАЗ автокөлігінің жүргізушісі Е.Қ.Жұмаділдаев ұсталып, Әкімшілік құқық бұзушылық  туралы кодекстің 387-бабы бойынша (Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын көрiктендiру ережелерiн бұзу, сондай-ақ, қалалар мен елдi мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерiн жою және бүлдiру) жауапкершілікке тартылды.

 

Жатақхана қожайыны қорықпайды екен…

Үйімізді жанымыздағы 3 қабатты жатақханаға қарасты кәріз жүйесінің, анығырақ айтқанда, канализация  құдығының бітеліп қалуы кесірінен су алып кетеді. Өздеріңізге де, басқа да инстанцияларға бір емес, бірнеше рет шағымданып көрдік. Түк өңбеді. Ал жатақхананың қожайыны әкімдікте танысым бар деп бет бақтырмайды. Бұл Суворов көшесіндегі №26, 28, 34, 24А, Тайсойған көшесіндегі №2 үйдің тұрғындарының ортақ шағымы деп біліңіздер. О баста инженерлік жүйесі дұрыс салынбаған жатақхана иесіне сіздер тәртіпке шақырмасаңыздар, бізден қорқатын сыңайы жоқ.

Елена Васина

Өтініш 28 тамызда түсіп, 8 күнде жауап берілді.

Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті:

– Сіздің шағымыңызды ескере отырып, департамент мамандары Суворов көшесіндегі 23/1 үйге санитариялық  тексеріс жасады. Канализация құдығы  қатқыл қалдықтан бітеліп қалған, аузы ашық-шашық жатыр.  Қожайынына анықталған кемшілік-ақауларды дұрыстау жөнінде санитарлық нұсқама жібердік. Нәтижесін өзіңізге хабарлап отырамыз.

 

Құдайдың құтты күні қымбаттатса, вело жалдау келешекте болмақ қанша?

Тамыздың орта шенінде аздап сейілдеп-сергіп қайтпақ боп «Жерұйық» саябағынан бара қалдық. Жалға сағатына 500 теңгеден велосипед алғанбыз. Келесі жексенбіде барсам, ақысын 800 теңгеге көтеріп қойыпты. Мән-жайды сұрап едім, жалға беруші жігіт дөрекі жауап берді. «Олай болса, талон немесе чек беріңдер» деп талап еттім, әлгі тілі мен жағына сүйенген жетесіздеу екен, әйел екен деп сыйламады. Сонда саябақ аумағында жекеменшік жалға берушілер ойына келген бағаны қоя бермек пе? Өйтіп қатардағының қалтасы көтере бермейтіндей қылып қойса, қайтіп салауатты өмір салтын  ұстанбақпыз? Жалпы, олар тұрған жеріне ақы төлей ме? Әуелі әңгімені осыдан бастасақ қайтеді?

Шолпан Ескендірова

Өтініш 28 тамызда түсіп, 7 күнде жауап берілді.

Ішкі істер департаменті:  

– Жедел тергеу нәтижесінде Т.Е.Пірәлиев, М.Р.Бабаев, К.Е.Абаев есімді азаматтар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 473-ші (Жаяу жүргiншiлердiң және жол қозғалысына өзге де қатысушылардың қозғалыс ережелерiн бұзуы), 165-ші (рұқсат етілмеген жерде сауда жасау) баптарыбойынша жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, тәртіп сақшылары саябақтағы демалып жүрген азаматтарға, сауда-саттық жасаушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл бағыттағы шара әлі де жалғасады.

 

Жаяу жүргіншіге жағдай жасалса…

Сарайшық көшесіндегі негізгі жолдың қос қапталында екі жолақты екінші деңгейлі жол бар. Дәл сол жолмен ызғытып келе жатқан көлік аяқасты жүгіріп шыққан жаяу жүргінші көрмей қалуы мүмкін, өйткені, құрылыс алаңының биік дуалынан алдағыны бірден аңғару мүмкін емес. Кешіктірмей көлденең кедергілер («жатаған жолпол») немесе жаяу жүргінші өткелін  салсаңыздар жақсы болар еді. Ал, негізгі күре жолда түймесін бассаң ғана  қозғалысты тоқтататын бағдаршамнан басқа өткел жоқ. Оны да қаперіңізге саламыз.

Дархан Құтжанов

Өтініш 22 тамызда түсіп, қыркүйек ішінде орындауға уәде етілді.

 Қоғамдық көлік және автомобиль жолдары басқармасы:

– Аталған учаскеге жүргіншілер өткелі мен басқа да жол белгілері қыркүйектің ортасына дейін орнатылады.

  

Саяжайымызға сай өтемақы алсақ жақсы

Промышленный кентінің Вишневая көшесіндегі саяжайлар бұзыла ма?  Қашан сүрілетінін және қанша өтемақы беретінін білгім келеді. Мені мазалайтыны саяжайымызға сай өтемақы алсақ жақсы.

Сәнім Жұмағалиқызы

Алматы ауданының әкімдігі:

– Сіздің сауалыңызға орай берілген Астана қаласы сәулет және құрылыс басқармасының мәліметі бойынша қазіргі таңда аталған учаскеден «Мыңжылдық аллеясын» толықтыратын көпфункционалды тұрғын үй салу үшін жер телімін бөлу жобасы әзірленіп жатыр. Саяжайлардың сүрілуі туралы толыққанды ақпаратты мына телефондардан біле аласыз: 35-45-27 

 

Дайындаған Әділбек Жапақ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty + 12 =