Электрондық әкімдік

0 94

Бахила сатып ала беретіндей бай дейсіздер ме?

Денсаулық сақтау мекемелерінің бахила үшін 20 теңге ақы алатыны заңды ма? Мысалы, Әлия Мол­дағұлова 28А мекен-жайын­дағы №1 емханаға қарасты әйел­­­дерге медициналық кеңес беру орталығында, Республика даң­ғылындағы тері-соз ауру­ла­рының диспансерінде осылай. Ал Қан орталығында тегін таратылады. Мұнысы қалай? Бахила сатып ала беретіндей бай дейсіздер ме? Жалпы, бұған қандай құжаттың негізінде рұқсат етіліп отыр? Мекеменің ішкі бұйрығы немесе Денсаулық сақтау басқармасының бұйрығы бар ма?

Дарина Айсакова

Өтініш 11 шілдеде түсіп, 13 күнде жауап берілді

Құзыретті мекеме не дейді?
Денсаулық сақтау басқармасы:
Медицина қызметкерлерінің бахила кию мәселесі ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 17 қаңтардағы «Денсаулық сақтау мекемелерінің санитарлық-эпидемиологиялық талаптарын бекіту туралы» №87 қаулысымен анықталған. Денсаулық сақтау басқармасына қарасты мекемелерге келушілерден міндетті түрде бахила сатып алсын деп талап етпейміз. Бірақ стационарға барғанда, тазалық үшін екінші аяқ киім алуыңыз керек. Емдеу мекемелері бахила сатпайды. Оны сатумен Қаржы басқармасымен жалдау келісім-шартын жасасқан кәсіпкерлер айналысады.

Көшемізге «көлік жуғыштар» көз салып жүр

Біздер Оңтүстік-Шығыс ау­данын­дағы Мұқан Төлебаев және Жанкент көшелерінің қиылысқан жерінде 10 жылдан бері тұрамыз. Төрт жыл бұрын Алматы жақтан бір азамат келіп, көшеміздің ортасынан көлік жуу кешенін саламын деп біраз талаптанған. Жер басқармасынан адамдар әкеліп өлшетіп, қада қағып қоршап тастады. Артынан әкімдік құрылысты доғарып тастады. Биыл 3 мамырда тағы біреу келіп, «Жанкент кө­шесіндегі №3, 4, 6 үйлердің қақ ортасынан көлік жуатын орын саламын. Қолымда мемлекеттік актім бар» деп кетті. Біздер есігіміздің алдын құрылыс алаңына айналдыруға қарсымыз. Көше тарылып қалса, қалай жүріп-тұрамыз?
Архат Есқалиев

Өтініш 28 мамырда түсіп, 20 күнде жауап берілді

Құзыретті мекеме не дейді?
Сәулет және құрылыс басқармасы:
Аталған жерге құрылыс салуға рұқсат етілмеген.

Баламның саулығы туғалы бері тексерілмеді

Ақпан айында кішкентайлы болып едім. Өзіміз Астана қаласынан 20 шақырым жер­дегі ауылда тұрамыз. Ал сәбиімнің тіркеуі Сарыарқа ауданы, Сарықұм көшесінде. Әуезов көшесі бойындағы қалалық балалар емханасына барып қаралуға өтініп едік, ол үшін қалада тұрақты тұрғылықты мекен-жайларың болуы керек деп қайтарып жіберді. Ал, ауылдағы емхана Ақмола облысына қарайды. Ондағы дәрігерлер ештеңе білмейді. Жай ғана тіркей салды. Баламның саулығы туғалы бері тексерілмеді, қажетті вакциналары егілген жоқ.
Қанағат Нұрбол

Өтініш 24 маусымда түсіп, 2 күнде жауап берілді

Құзыретті мекеме не дейді?
Денсаулық сақтау басқармасы:
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 1 қарашадағы №1263 қаулысына сәйкес, азаматтардың емханаға тіркелуі тұрақты немесе уақытша тұрғылықты мекен-жайы, жұмыс, оқу орны бойынша өтініш беру арқылы жеке басын куәландыратын құжаттың (жеке куәлігі, туу туралы куәлігі және т.б.) негізінде жүзеге асырылады. Балаңызды нақты тұрып жатқан мекен-жайыңыз бо­йынша аумақтық балалар емханасына тіркеп, тегін медициналық көмек алуыңызға болады. Балаңызға көрсетілетін кепілдендірілген тегін медициналық қызметке қатысты барлық сұрақтар бойынша Ақмола облысы, Целиноград аудандық емханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Әсемгүл Жылқыбаеваға немесе аудандық педиатр Анна Янковаға хабарласа аласыз. (тел: 87165131303)

Мирзоян-Манатау – сметадан кеткен бір ақау

2012 жылдан бері Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен «Қараөткел» ауданының Б.Момышұлы – Л.Мирзоян – Б.Майлин – М.Жұмабаев аралы­ғындағы көшелері мен гүлзарлары абаттандырылып жатыр. Бірақ Мирзоян мен Манатау қиылысы одан тыс қалды. Жөндеушілер дәл осы бөлік жобаға қосылмаған деп әкімдікке сілтейді. Анадан-мынадан сұрай келе ұққаным – біздің көше шығын сметасына қателесу салдарынан енбей алған. Енді жөнделе қоюы екіталай. Бұл мәселе тек Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы Р.Аманжоловтың араласуымен ше­шіледі екен.
Қаржаубай Нұрмағамбетов

Өтініш 29 мамырда түсіп, 15 күнде жауап берілді.

Құзыретті мекеме не дейді?
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы :
Биыл қаламыздың бірнеше көшелерінде жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ішкі орамдардағы жолдарды асфальттауға ақша бөлінген жағдайда Манатау көшесін жөндеуге жылдың екінші жартысында кірісеміз.

Мекен-жайымызға жақын мектепке барғымыз келеді

Қызым №22 орта мектептен бірінші сыныпты бітірді. Қазір жаңа жерге қоныс ауыстырдық. Енді мекен-жайымызға жақын мектепке барғымыз келеді. Қызымды екінші сыныптан бастап №1мектеп-лицейге беруіме бола ма?
Юлия

Өтініш 23 маусымда түсіп, 3 күнде жауап берілді

Құзыретті мекеме не дейді?
Білім беру басқармасы:
ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 19 ақпандағы №127 қаулысымен бекітілген «Білім беру мекемелеріне қабылдау ережесі» бойынша төңіректе, яғни сол мектептің микроауданында тұратын оқушыларды қабылдауы тиіс. Егер мекен-жайыңыз №1 мектеп-лицейге қарайтын болса, балаңызды оқуға орналас­тыра аласыз.

Әділбек ЖАПАҚ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two + 11 =