Электрондық әкімдік. 25-26 қыркүйек

0 88

СЫРҒЫТТПА ЖАУАП САНИТАРИЯНЫҢ СОРЫ

 

 

 

 

Коммуналдық қызметтер тіп­тен ұялуды қойды. Оны жауырды жаба тоқымдаған жауабынан біле беріңіз. Шағы­мымызға «Кон­тей­­нерлердің орна­ласуы сани­­та­риялық нормаларға сай және аталған учаскедегі тұрмыс­тық қал­­дықтарды жинауға жеткілікті. Бұған қоса, мердігерлік мекемеге қо­қыс­ты жиірек шығарып тұруға кеңес берілді. Ал, қоқыс төгілетін шұңқыр мәселе­сіне келсек, аталған учаскеде инже­нерлік желілер жүр­гізілгендіктен, жер қазуға рұқсат етілмейді» деген шыға­­рып­салма, арзымайтын жауап береді. Ол жерде инженерлік желі болуы мүмкін емес. Рас болса, нақ­ты қан­дай желі жүргізілгені жө­нінде ресми ақпарат беріңіздер. Жауын-шашын болса, күл-қоқыс көл­кіп шыға келеді. Аяқ алып жүру мүмкін емес. Сылтаумен сытыла бермей, әбден тозығы жет­кен кон­тей­нерлерді жаңартып, сани­тариялық нормаға сай (асфальт төсеп, жан-жағын қоршап) жасақ­тауға болмас па? Мына фотодан басқа қандай айғақ керек сіздерге?

Ризабек АЙТАЛИПОВ

Табиғи ресурстар және табиғатты  пайдалануды реттеу басқармасы:

– Жоғарыда көрсетілген мекен жайға қоқыс контей­нерлерін орнату жөніндегі өтініш келесі кезеңдегі жобалауда ескеріледі. Бюджеттік қаржыландыруға байланысты ол 2014 жылы жүзеге асырылады.

 Онлайн арқылы билет сату ойға келмей жүр ме?

Елорда тұрғыны ретінде мені «Неге біздің қалада әлі күнге мәдени іс-шараларға Интернет, тер­минал немесе басқа мобильды құрыл­ғылар арқылы билет сатып алу мүм­кіндігі жоқ?» деген сұрақ маза­лайды. Барлық дамыған елдерде билетті интернет арқылы сату жол­ға қойылған. Кейде уақыт тап­шы­­лы­ғынан қала­мыздағы концерт, қойы­лым­дардан, көр­мелерден құр қалып жатамыз. Егер Мәдениет басқар­масы мұн­дай жүйені енгізуге шамасы жет­песе, осы сала бойынша маман­­дан­ған шетелдік компанияны ша­қыр­­сын. Осы да ойға келмей жүр­геніне таңғаламын. Ал егер қолға алсаңыз­дар, қашан іске қосылаты­нын хабардар етсеңіздер.

Қанат

Мәдениет басқармасы:

Қазіргі таңда «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориал­дық кешені» МҚК билетті электронды түрде сатудың қанатқақты жобасын бастады. 2014 жылға таман мәдени-көпшілік шараларға электронды билет сатуға жаппай көшудің алғашқы кезеңін бастау жоспарланып отыр. Сонымен қатар, барлық мәдени жаңалықтар мен шаралар туралы құлағдар ететін әрі билетті мекен жайға дейін жеткізіп беретін қызметі бар www.koncertyastany.kz сайты жұмыс істейтінін қаперіңізге саламыз

 Бағдаршам бұрылтпай тұр оңға, солға…

 

 

 

 

Жаңа оқу жылы басталысымен қала көшелеріндегі көлік қозғалысы қиындап кетті. Мысалы, Абылай хан даңғылынан Республикалық ұлан әскери бөлімшесіне бұрылатын тұстағы бағдаршамда бағыттайтын қосымша секция болмағандықтан, бетпе-бет келіп қалған жаяу жүргіншілер мен көліктер соқтығысып қала жаздайды. Кейде асыққанның арты апатқа әкеп соғып жатады. Өзім де жақында біреуді абайсызда жазым қыла жаздадым. Әсіресе, таңертеңгілік таяу жердегі №37 мектепке баласын тасыған ата-аналардың көлігі ағылғанда, қиылыстағы кептелектен 10-15 минут дегенде зорға шығамыз. Бағдаршамға қосымша секция орнатуларыңызды немесе көк шамның жану уақытын бұрылып үлгеруге мұрша беретіндей қып ұзартуларыңызды сұраймыз.

Карина Ермакова

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы:

Бағдаршамды күшейтіп, жану регламентін өзгерту мүмкін емес. Өйткені, оны Астана қала­лық Жол полициясы басқармасы жолдағы кептелекті болдырмас үшін арнайы бекітіп берген.

Сарыбұлақтың Ақбұлақтан несі кем?

 

 

 

 

Есілдің бір сағасы – Сары­бұлақ­тың жағалауына табанжол салуын салғанмен, қасындағы үйлермен байланыстырылмаған. Асфальтқа түсу үшін әудем жерді айналасың, ерін­гендер, әсіресе, мектеп жасындағы балалар қара жермен төтесінен кесіп өте салады. Табандарына балшық жабысып, айнадай жолды бүлдіреді келіп. Есілдің, тым болмаса, Ақбұлақтың жағалауындағыдай қылып табан жол төсеп, абаттандырып қоюға не кедергі? Әлде шеттегілерге осы да жетеді деп қоя салдыңыздар ма? Сарыбұлақтың Ақбұлақтан несі кем?

Темірлан Тіленбаев

 Құрылыс басқармасы:

Астана қаласы Құрылыс басқармасы «Сары­бұлақ арнасын реконструкциялау. 1-кезек, №1 учаске» нысаны бойынша тапсырыс беруші болып табылады. Қазіргі таңда аталған нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. 30 қазанға дейін толықтай бітуге тиіс. Қолда бар мәлімет бойынша жобалық-сметалық құжатта тұрғын үйлермен жалғайтын табанжолдар мен баспалдақтар қарастырылмаған. Себебі, Сарыбұлақ арнасын реконструкциялауды жобалаған кезде аталмыш ауданда ешқандай тұрғын үй кешені болған жоқ.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen − sixteen =