Электрондық әкімдік

0 122

Бес қабат үй баллонға байланып отыр

Тәуелсіздік даңғылы, №20 үйдің тұрғынымын. Осыдан он жыл бұрын ауламызда тоғыз қабатты үй бой көтергеннен кейін, көршілес тұрған үш бес қабатты «малосемейканы» орталықтандырылған газдан ажыратып тастаған. Газгольдерді тоғыз қабаттыға қаратты да, құбырлары сол күйі алды. Қазір қанша жерден өрт қауіпсіздігін бұзсақ та, бес қабат үйдің барлық тұрғындары газ баллонға байланып отыр. Егер жарылса, күлі көкке ұшқан «Бесобаның» көкесі бізде болады. Электр пеш қоса алмаймыз, өйткені, ескі желі кернеуді көтермейді.

Елена Бессонова

Өтініш 4 маусымда түсіп, 8 күнде жауап берілді.

Құзіретті мекеме не дейді?
Энергетика және коммуналдық шаруа­шылық басқармасы:
2008 жылы Астана қаласының Энергетика және коммуналдық шаруашылық бас­­қармасы істен шыққан газ таратушы құ­рылғыларды қалпына келтіру бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындаған, алайда, қаржыландыру болмағандықтан тоқтатылды. 2011-2020 жылдарға арналған Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын модернизациялау бағдарламасы аясында Тәуелсіздік даңғылындағы №20, күйші Дина көшесіндегі № 2/1, 2/2 үйлерге күрделі жөндеу жүргізілді (инженерлік желілер мен құрылғылар ауыстырылды, шатыры, қасбеті, кіреберістері жөнделді). Әлгінде айтқан күйші Дина көшесіндегі екі үйдің шығын сметасында сыртқы электр желілері мен жабдықтарын жаңғырту жұмыстары қарастырылды, сондықтан да олар электр құрылғыларын еркін қоса алады. Ал Тәуелсіздік даңғылындағы сіз тұратын №20 үйде мұндай жұмыс түрлері алынып тасталды.

Аспаз болғым келеді

Мен – орта білімді және бала тәрбиесімен үйде отырған әйелмін. Басқа мамандықты игергім келеді. Мысалы, аспаз. Ол үшін не істеуім керек? Сіздер оқытып, бірден жұмысқа тұрғызасыздар ма?

Гүлнұр Өтегенова

Өтініш 5 маусымда түсіп, 4 күнде жауап берілді.

Құзіретті мекеме не дейді?
Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы:
Біздер жұмыссыздарды әр түрлі мамандықтар бойынша кәсіптік курстарға, соның ішінде, «Аспазшы» мамандығына оқытамыз.
Оқыту мәселесі бойынша Брусиловский көшесі, 17/3 үйде орналасқан Жұмыспен қамту орталығына мынадай құжаттарды (жеке куәлік, еңбек кітапшасы) жинап, алып келсеңіз болады.

Даудың басы – «Doremix» дәмханасы

Осыдан бұрынғы өтінішімізде біз «Жеңіс» тұрғын үй кешеніндегі «Doremix» дәмханасына кезекті ескерту бере салмай, біржола жаптыруды сұрап едік. Тағы да ес­теріңізге салайық, дәмхананың тұрғын үйде, тіпті анау-мынау емес, кіреберіс есіктен бір метрдей жерде орналасуы заңға қайшы. Кешкі бестен құла таңға дейін у-шуы басылмайтын дәмханаға келушілер арасында төбелес жиі болады, есігіміздің алды қанға бөгіп жатады. Одан қалды, ішіп алғандар түні бойы тереземіздің түбінде даурығып әңгіме айтады, соңдарынан әр жерде шашылған темекі тұқылы, босаған бөтелке қалады. Көлікті кіреберіске көлденең қойып, азық-түлік таситыны тағы бар. Осы­ның бәрі біздерді әб­ден титықтатты. Егер доғарылмаса, Эко­но­ми­калық қылмыс және сыбайлас жемқорлықпен күрес комитетіне дейін арызданамыз.

Олеся Смоланова

Өтініш 28 мамырда түсіп, 20 күнде жауап берілді.

Құзіретті мекеме не дейді?
Ішкі істер департаменті:
«Сарыарқа» аудандық ІІБ полицейлері «Doremix» дәмханасының әкімшісі А. Сайлауды Әкімішілік құқықбұзушылық кодексінің 387-бабы бойынша жауапкершілікке тартты. Одан әрі қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін Молдағұлова көшесіндегі №19 полиция бөлімшесіне шағымдана аласыз. Ал егер онымен тоқтамаса, сотқа жүгінуіңізге болады.

Оңаша орын сайлады

Бүгін, яғни 10 маусымда күйші Дина көшесіндегі №31 үйдің бірнеше тұрғындары аула­ның бір бұрышына қада қағып, шынжырлап, көлік ошаратын оңаша орын жасап алды. Қоршау ортақ қолданыстағы жерді, нақтылай айтсам, қоқыс жәшіктері, балалардың ойын алаңы және трансформатор үйшігінің аралығын алып жатыр.
Кемі сегіз көлік сыятындай аумақ. Осылайша, көлігіміздің аулаға еркін кіріп-шығуына кедергі келті­ріп отыр. Төтенше жағдай бола қалса, қайтпекпіз? Сондықтан, мына мәселені біржақты етіп, әлгі пысықайларды жауапкершілікке тарту керек деп есептеймін.

 

Василий Хван

Өтініш 10 маусымда түсіп, 4 күнде шешімін тапты.

Құзіретті мекеме не дейді?
Алматы ауданының әкімдігі:
«Мирас» ПИК-і аталған жердегі металл қоршауды бұзып алып тастады.

Жылыжай салсам деп едім…

Қосалқы шаруашылыққа (көкөніс өсіретін жылыжай салуға) жер телімі қандай ретпен беріледі? Жекеменшікке алуыма бола ма, әлде жалға ма?

Татьяна

Өтініш 8 маусымда түсіп, 5 күнде қаралды.

Құзіретті мекеме не дейді?
Жер қатынастары басқармасы:
ҚР Жер кодексінің 109-бабына сәйкес, қала, кент, ауылдық елді мекендердің жерлері бас жоспарға, орналастыру және құрылыс салу жобасына сай пайдаланылады.
Үкіметтің 2001 жылғы 15 тамыздағы №1064 қаулысымен бекі­тіл­ген Астананың Бас жоспары бойынша қала аумағында қосалқы шаруашылық жүргізуге жер беру қарастырылмаған.

Ассенизаторлар Айнакөлді бүлдірді

Төлебаев пен Балқантау қиы­лысында тұратын ассенизатор көліктер жекеменшік үй­лерден сорып алынған лас суды күн сайын тасжолдың бойындағы құдықтарға ағызады. Мысалы, Айнакөл-Қордай, Айнакөл-Са­рыкөл қиылысындағы құ­дықтар… Сондай-ақ, Қошқарбаев кө­ше­сіндегі «Нұрорда» қазақ-түрік лицейі тұ­сындағы қара жолға да жуынды-шайынды, лас суды жібере салады. Әлгі жерлерден жаяу-жалпылап өтпек түгіл, көлікпен өту мүмкін емес. Сасық иіс танау тіледі.

Төлеухан Сейітқазина

Өтініш 29 мамырда түсіп, 16 күнде қаралды.

Құзіретті мекеме не дейді?
Мемлекеттік санитарлық-эпидемологиялық департаменті:
Аталған фактілер бойынша «Астана су арнасы» кәсіпорнына шара қолдануды талап еткен хат жолданды.

Әділбек ЖАПАҚ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 3 =