Электронды үкімет қызметін насихаттаудамыз

0 153

Жақсыбек ТӨКЕЕВ, Астана қаласы Әділет департаменті бастығының орынбасары

Қазақстан Республикасы «Әділет органдары туралы» заңына сәйкес, Әділет органдары міндеттерінің бірі – азаматтық хал актілерін тіркеу болып табылады. Бас қаламыздың АХАТ органдары Сарыарқа, Алматы, Есіл аудандарында орналасқан Әділет басқармаларына қарайды. Олар үстіміздегі жылдың басында қолданысқа енгізілген жаңа ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексіне сәйкес, 7 түрлі азаматтық хал актілерін тіркеуді ұйымдастырып, қала тұрғындарының заңды құжаттарының болуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар Әділет органдары зияткерлік меншік құқықтарын қамтамасыз ету саласында өз міндетін жүзеге асырады. Жұмыс күні өткен тікелей тілдесу барысында Астана қаласы Әділет департаменті бастығының орынбасары Жақсыбек Төкеев оқырмандармен осы және өзге де мәселелер төңірегінде ой бөлісті. 

– Сәлеметсіздер ме, бүгінгі таңда елімізде демо­графиялық жағдай жақсарғанын көріп отырмыз. Осыған орай баланың тууын тіркеуге арналған сұрақтар жиі туындайды. Мәселен, біз жұбайымыз екеуміз заңды некеге тұрған жоқпыз. Жақында нәрестелі болдық. Білейін дегенім: баламыздың құ­жаты қалай тіркеледі?

– Сіздер заңды түрде некелеспегендеріңізбен, дүниеге келген нәресте құжат­сыз қалмайды. Өзін баланың әкесімін деп танитын адам, баланың анасымен бірлесіп өтініш жазу арқылы әкелікті анықтап алған соң, балаға туу туралы куәлік ала алады.

Ал, баланың шешесі жал­ғызілікті ана болған жағдайда, «әкесі туралы мәліметтер» оның айтуынша жазылуы да, жазылмауы да қарастырылған. Қысқасы, түрлі жағдайлармен бала дүниеге келмей тұрып, некеге отыруға үлгермеген ата-аналар бала туылған соң әкелікті анықтау фактісін заңды түрде рәсімдейді. Қала­мызда осындай 2 мыңға жуық факт орын алған.

– Баланы тіркеу кезінде жеке сәйкестендіру нөмірі қоса беріле ме?

– Иә, АХАТ органдарымен туылған балаға берілетін туу туралы куәлік «АХАТ» тіркеу пункті арқылы жүзеге асады. «Жеке тұлға» ақпарттық жүйе арқылы балаға тууды тіркеу кезінде автоматты түр­де жеке сәйкестендіру нөмірі беріледі. Бұл нөмір балаға бір рет қана беріледі.

– Жақсыбек Адамбо­сын­ұлы, бүгінгі күні электрон­ды үкімет порталы іске қо­сыл­ғанынан хабардармыз. Сіздерге портал арқылы өтініштер жиі түсе ме?

– Қазір технологияның дамыған заманы ғой, азаматтар құжат тіркеуге ғалам­тордың мүмкіндігін молынан пайдалануда. Тіркеудің бұл жаңа жүйесін пайдалану азаматтардың уақыттарын үнемдеуге өте тиімді. Элек­тронды үкімет порталы ар­қы­лы АХАТ саласына бала­ның тууын тіркеуге, некеге отыруға, өзара келісім бо-йынша некені бұзуға, түрлі азаматтық хал актілері туралы анықтамалар, қайталап құжат алуға өтініштер берілуде.

Бүгінгі күні осы электрон­дық үкімет порталы арқылы 80-нен аса некеге отыруға өтініш берілсе, 130-дан ас­там баланың тууы тіркелді. Алдағы міндетіміз – халыққа электронды үкімет қызметін насихаттауды жалғастыру.

– Елімізде неке туралы жаңа кодекс бар екен. Айтыңызшы, АХАТ орган­дары тек үйлену тойын тіркеумен қатар басқа да қан­дай жұмыстармен айналысады?

– Жоғарыда аталған Қазақ­стан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексі үстіміздегі жылғы қаңтар айының 18-нен бастап өз күшіне енді. Бүгінгі күнге дейін осы жоғарыда аталған бөлімдер арқылы 16 мыңға жуық баланың тууы тіркелсе, 7 мыңға жуық отбасы құрылды.

Астана қаласы Әділет депар­таменті заңды тұлғаларды, жылжымайтын мүлікке құ­қықтарды, мәслихаттардың, әкімдіктердің және әкімдердің нормативтік құқықтық актілерін тіркеу, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық акті­лерін мемлекеттік есепке алуды және оларды бақылауды жүзеге асырады. Құқықтық көмек пен заңгерлік қызмет көр­сетуді ұйымдастыру және құқықтық насихатты қам­тамасыз етеді. Бағалау қызметі саласындағы мемлекеттік бақы­лауды жүзеге асырады. Зияткерлік меншік құқы­ғын қорғау саласында іс-шараларды ұйымдастырады және өткізеді. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының заңына сәйкес, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша өндірісті жүзеге асырады.

– Жақсыбек Адамбо­сын­­ұлы, ара­мызда құ­қықтық сауатының тө­мендігінен зардап шегіп жүрген азаматтар аз емес. Оларға қандай көмек бере аласыздар?

– Әділет департаменті мен қаламыздағы Алматы, Есіл, Сарыарқа аудандық Әділет басқармаларының ғимараттарында халыққа түсінікті етіп жазылған түрлі ақпараттар, өтініш үлгілері, сенім телефондар көрсетілген ақпарат орын алған. Сонымен қатар, күнделікті мамандар тарапынан телефон арқылы кеңестер беріледі. Кез келген азамат өз сұрағына біздің мамандардан жауап ала алады. Жыл басынан бері қаланың барлық мемлекеттік органдарының қатысуымен түрлі дөңгелек үстел, кездесулер, семинарлар ұйымдастырылып келеді. Онда зияткерлік мен­шік құқығы саласындағы қыл­мыстар мен құқық бұзу­шылықтардың алдын алу, жолын кесу мәселелері жан-жақты талқыланды. Зият­керлік меншік құқығы жөніндегі мемлекеттік сая­сатты жүзеге асыруға бағытталған жұмыстар өз жалғасын табады.

– Әділет департамен­тінің негізгі қызмет­терінің бірі – тұрғылықты халыққа құ­­қықтық заңгерлік кө­мек көрсету емес пе? Ен­де­ше, осы бағытта жұ­мыс­тар жүргізуде мекемелеріңізде мем­лекеттік тіл қай деңгейде қол­даны­лады?

– Елбасымыз «Қазақстан­ның болашағы – қазақ тілінде» деп, мемлекеттік тілдің еліміздегі орны мен болашағын нақтылап берді. Президентіміз өзінің дәстүрлі Жолдауында да «2020 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар саны кемінде 95 пайызды құрауы тиіс» деген болатын. Сондықтан, біз жұмыс атқарып отырған мекеме де мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге, оны насихаттау мен дамыту үшін іс-шаралар атқаруда. Әділет мамандары мемлекеттік тілді меңгеру, біліктіліктерін арттыруды негізгі назарда ұстап, мемлекетімізде қолданылып жүрген заңнамаларға сәйкес жұмыстарын атқарып келеді. Іс-қағаздары қазақ тілінде жүргізіліп, жұмыс жоспарлары, кіріс-шығыс құжаттар іс номенклатурасына сәйкес­тендіріліп мемлекеттік тілде жасақталған. Ұйымдастыру жұмысының тәсілдері мен түрлері жетілдіріліп, халыққа сапалы қызмет көрсету туралы нақты шаралар белгіленіп орындалуда. Тұрғылықты халыққа тұрақты түрде қолданыстағы заңнамалар төңірегінде қыз­меткерлер тарапынан құқықтық түсіндіру жұмыстары, заңгерлік кеңестер беріліп, түрлі тақы­рыптарда дөңгелек үс­телдер ұйымдастырылып, қала мекемелерінде, мектептерде дәрістер жүргізу арқылы іс-шаралар жиі өткізілуде. Құжат рәсім­деу кезінде заңдылықты басты назарда ұстау, сыбайлас жемқорлық көріністерін болдырмау, оның жолын кесу Әділет департаменті маман­дарының негізгі міндеті.

– Зияткерлік меншікті қорғау саласы бойын­ша қандай жұмыстар ат­қарылғанын білуімізге бола ма?

– Зияткерлік меншік құқығын қорғау бөлімі Астана қаласының құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен бірлесіп (ҚР Әділет министрлігінің №297, Экономикалық қыл­мыс пен жемқорлыққа қар­­сы күрес Агенттігі тө-р­а­ғасының 15.12.2010 ж. № 202 және ҚР Ішкі істер министрінің 22.12.2010 ж. № 523 «Зияткерлік мен­шік саласындағы әділет, қар­жы полициясы және ішкі істер органдарының өзара әрекеттесу тәртібі» бұй­рығына сәйкес) 19 рейдтік іс-шаралар өткізді. Нәтижесінде, барлығы 28781600 теңгені құрайтын 47637 DVD- CD дискілері, 16 порнографиялық мазмұнды дискілер, 3 жүйелік блок анықталып, заңсыз айналымнан тәркіленді. 4,2 млн. теңгеге нұқсан келітірілді. 3 астыртын цехтың қызметі тоқтатылды, аудиовизуальды контрафактілі өнім сақтайтын 1 қойма анықталды.

Үстіміздегі жылдың 10 қыркүйегінде жоспардың 11 тармағын орындау мақ­сатында Астана қаласы Ішкі істер департаментінің «К» бөлімімен, «СТВ» және «7 канал» агентіктерінің ақпараттық қолдауымен барлығы 6 000 000 теңгені құрайтын 20 000- нан астам контрафактілік өнімдер жа­рия түрде жойылды. Бекі­тілген іс-шараларға сәйкес, Астана қаласының Білім және Мәдениет басқармаларымен бірлесіп қалалық байқаулар өткізілді. Құқықтық түсіндіру жұмысы барысында авторлық құқық­тың бұзылуы, тауарлық бел­гілер мен фирмалық атау­лардың заңсыз пайдаланылуы, бөтен тауарлар мен өнімдердің жасанды жасалуын болдырмау үшін, қоғамда адамгершілік-құқықтық сананы қалыптастыру мақсатында бөлім күшімен түрлі қалалық мекемелерде зияткерлік меншік құқығын қорғау заңын түсіндіру тақырыптарында 53 лекция оқылды, 19 дөңгелек үстел, 31 семинар өткізілді. Телеарналар мен радиода ол жөнінде ақпарат берілді. Әділет министрлігі мен Астана қаласы Әділет департаментінің Веб-сайтына 64 мақала жарияланды.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 4 =