Электронды темекіге тыйым керек пе?

0 107

Елімізде электронды темекінің жарнамасы жиілеп кетті. Соған сәйкес тұтынушылар қатары артуда. Жуырда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары электронды темекіні сатуға тыйым салу керек деп мәлімдеді. Осы ретте, елімізде мұндай өнімге тыйым салу қаншалықты қажет деп ойлайсыз?

Самат АПАҚОВ,   дзюдо  жаттықтырушысы:

– Кез келген қазақ азаматының қандай  темекі болса да тартуына қарсымын. Жалпы, өз  денсаулығын жат қылықтармен құрту адам санасының төмендігін көрсетеді. Оның үстіне, электронды темекіні ауызға қыстырып, түтінін жұту психологиялық тәуелділікті жоймайды деп ойлаймын. Ал, тыйым салу жағына келсек, оны билік басында отырған  денсаулық сақтау саласының мамандары шешу керек. Ұлт болашағы үшін тиімді шешім қабылдау солардың қолында.

Әсем МАРАТҚЫЗЫ,  кардиохирург:

– Көптеген ғалымдар электронды түтік арқылы темекіге тәуелділіктен құтылуға болады деген пікірді жоққа шығарады.  Керісінше, жаман әдеттің электронды түрі жастарды  одан бетер әуестендіруі мүмкін екен. Сондықтан, тыйым салу керек деп есептеймін. Тіпті, демократияны желеу еткен АҚШ-тың кейбір штаттарында  электронды темекі тартуға тыйым салынған.  Расын айту керек, мұндай темекіде никотиннің мөлшері өте көп болады. Яғни, ағзаның улануына әкеледі. Дәрігер ретінде  темекі тастауға көмектеседі дегенге еш келіспеймін.

Ілияс ҚОЖАБЕКОВ, заңгер:

– Менің ойымша, заң қабылдаған дұрыс. Әрі ол заңның қағаз жүзінде қалып кетпеуіне бәріміз атсалысуымыз керек. Ата-бабамыздың өмір салтында жоқ жаман әдетке тосқауыл қоймасақ болмайды. Өйткені, өркениетті елдердің бәрінде  мұндай  жаман әдетке тыйым салынған. Өскелең жастардың салауатты өмір салтын ұстанып, дұрыс өсіп-жетілуі үшін аталмыш заңның маңыздылығы жоғары. Ең болмаса, заң жүзінде  қадағалау орындары тәртіп бұзушыдан темекіні қоғамдық орындарда  қолданбауды талап ете алады. Мұның өзі жетістік. Дегенмен, электронды темекіні жақтайтындар мен жарнамалайтындардың  айтары басқа.   Өндірушілер темекіге әуес адамдардың жаман әдеттен арылуларына  септігін тигізетінін алға тартады. Оған қоғамдық орындарда тыйым салғаны дұрыс, бірақ түбегейлі тұтымнан алып тастау қажет деп есептемеймін. Темекіден арылуға көмектеседі деген пікірлерге де құрметпен қараған дұрыс сияқты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 − 15 =