Электронды кітапхана тәулік бойы қызмет көрсетеді

0 195

Қазір Ұлттық академиялық кітапхана қашықтан оқырмандарға онлайн қызмет көрсетуді қолға алды. Кітапхана базасындағы қазақстандық ұлттық электронды кітапхана күнделікті 24/7 режимінде жұмыс істеп тұр.

Қазақстанның ұлттық электронды кітапханасы порталы интернет­ке кіру мүмкіндігі бар барлық елге қолжетімді. Ұлттық академиялық кітапханада 8000-нан астам сирек басылымдар контенті бар. Сондай-ақ кітапхананың сирек қоры бірегей басылымдарды ұсынады. Мәселен, Құран Тәпсірі кітабы VIII ғасырда басталып, XIV-XV ғасырларда аяқталған. Қолжазба 500-ден аса беттен тұрады. Келесі бірегей кітап – адам терісінен жасалған қолжазба. Оның мұқабасы 1532 жылы шыққан адам терісінен жасалған және ескі латын графикасында жазылған. Француз ғалымдарының пікірінше, ол Еуропадан әкелінген және Солтүстік Италиядан нотариалдық жазбалардан тұрады. Сирек кітаптар қорында 1735 жылы Қытай ілімінен хабар беретін кітаптарды да оқуға болады. Сыйға алынған құнды басылымдардың бірі П.Гнедичтің кітабы болды (Кес­кіндеме. Ваяние.) Т. 1-3, Мәскеу, Санкт-Петербург, 1907. Бұл – ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Дариға ­Назарбаеваның тартуы, ең толық және үшінші басылым. Сонымен қатар сирек кітаптар қорында батыс еуропалық және орыс әдебиетінің үлкен коллекциясы саналатын Гогольдің басылымдары, Пушкиннің 1792 жылғы шығармаларын басып шығару және «Ресей мемлекетінің тарихы» атты Карамзиннің басылымдары жинақталған. 1909 жылы шыққан Ахмет Байтұрсыновтың «Қырық мысал» кітабының түпнұсқасы, 1929 жылы шығарылған қазақ тілінің «Әліпбиі» атты иллюстрацияланған оқулықтар да бар. Осы және басқа да басылымдарды ұлттық электронды кітапханадан таба аласыз. Карантин кезеңінде оның қызметіне жаңа бірегей пайдаланушылар жүгініп, оқырмандар саны 40000-нан асты.
Қазіргі уақытта электрондық ресурстың жалпы көлемі 60000-нан астам құжаттардың е-көшірмелерін құрайды. Кітапхана өзінің пайдаланушыларына жедел кәсіби көмек көрсету үшін виртуалды анықтама қызметін ұсынады, ол ақпаратты іздестіруде ыңғайлы және тиімді. Сонымен қатар виртуалды анықтама режимінде өз пайдаланушыларының барлық сұрақтарына жауап береді.
Қазақстанның ұлттық электронды кітапхана қызметін әлемнің 100-ден астам елінен пайдаланушылар қолданып жатыр. Олардың қатарында Ресей, Қытай, Түркия, АҚШ елдері бар. Одан бөлек, «Online-кітапхана» жобасы іске қосылды. Бұл жоба Қазақстанның барлық кітапханашылары мен ел азаматтарына арналған. Қазіргі заманғы жаңа технологиялар бойынша әртүрлі тақырыптағы күнделікті дәрістер өткізеді.
Бүгінде ұлттық кітапхана елімізге белгілі ақын-жазушылармен онлайн-кездесуді қолға алды. Қазірге дейін оқырмандар жазушы Дария Жұмагелдиновамен, абайтанушы ғалым Кенжехан Матыжановпен, сатирик Көпек Әмірбекпен, ақын Дәулеткерей Кәпұлымен онлайн жүздесті. Сондай-ақ жазушылар Толымбек Әбдірайым мен Сәуле Досжанова балаларға арнаған шығармаларын оқып берді. Бұдан бөлек, академиялық кітапхана басшысының орынбасары Нұржан Жолдыбалинов қазіргі заманға сай жаңа және IT-технологиялар, электронды құжаттарды сақтау түрлері, компьютерлік бағдарламалар және т. б. тақырыптарда аптасына үш-төрт рет онлайн сабақтарын өткізді.
Сонымен қатар YouTube арнасында және әлеуметтік желілерде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қарымды қаламгер Көпен Әмірбектің «Абай – сатирик» тақырыбында дәрісі және филология ғылымдарының докторы, профессор Шәкір Ыбыраев пен ақын Баянғали Әлімжановтың онлайн-сұхбаты ұйымдастырылды. Бұл игілікті шаралар әлі де жалғасын таба береді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twelve + twelve =