Электронды әкімдік

0 112

ЖАРНАМАЛАР ЖӨНСІЗ ІЛІНГЕН

Қайда барсақ, қаптаған жарнама. Қазір түрлі-түсті қағаздарды жалбыратып, кіреберіске, қабырғаларға жабыстырып кете береді. Мұндай жағдайлар, әрине, тұрғындардың ашу-ызасын туғызады. 

1

Қалалық әкімдіктің сайтына хат қалдырған Сергей М. есімді тұрғын «Басқа емес, өзіміздің тазалыққа жауапты ПИК өкілдері қалай болса, солай рұқсат етілмеген жерге хабарлама іліп қояды» деп күйініпті. Оның мәліметінше, Сейфуллин көшесіндегі 13/1-үйдің кіреберіс есігіне «Коммунальник 2» ПИК-і жос­парланған шаралар жөнінде құлақтандыру қағаздарын үнемі жабыстырады.
Бұл шағымға бір аптаның ішінде жауап берген Тұрғын үй инспекциясы басқармасының өкілдері аталған «Коммунальник 2» ЖШС директорымен сөйлескендерін, оларға хабарландыру тақтасын орнатуды міндеттегендерін айтыпты.
Осындай мәселемен Ш.Қосшығұлұлы көшесіндегі 20-үйдің тұрғыны Ердәулет Қазыкенов шағымданыпты. Ол үйдің қасбетіне әлдебіреулер өз еркімен, ешкімнің рұқса­тынсыз таланттарды дамыту орталығының жарнамалық баннерін баттитып іліп кет­кенін, онысы үйдің сәнін кетіріп тұрғанын жеткізіпті. Құзырлы орындардан тез арада бұл жағдайдың реттелуіне мән беруін сұрап, «ұсақ құқықбұзушылық ұдайы назарда болса екен» деген ниетін білдірген.
Көрсетілген факт бойынша әрекет еткен Сәулет және қала құрылысы басқармасының өкілдері үй қасбетіндегі жарнамалық-ақпараттық баннердің жойылуына ықпалды болды.

АШЫҚ  ҚҰДЫҚТАН  АБАЙ  БОЛЫҢЫЗ!

«Халықтық бақылау» бө­лі­міне жолданған хат­тар­дың біразында жол­дардағы қауіп тудыратын жағдайлар баяндалыпты.

Мәселен, «Нұржол» жасыл желегінде едірейген шегелері бар екі темір тақтайша жалпиып жатыр. Бұл туралы хабарлаған Нафиса есімді тұрғын әрі-бері жүгіріп, ойнаған балалар үшін өте қауіпті екенін жеткізіпті. Тіпті бір кішкентай сол маңайда сүрініп құлап, абырой бол­ғанда ауыр жара­қаттан аман қалыпты.
Бұл сауалдың жауабын берген Есіл ауданы әкімдігі ол темірлер мерекелік конструкция ретінде пайдаланылғанын, қазіргі таңда «Меридиан – Энерго М» мердігерлік ұйымының күшімен алынып тасталғанын айтыпты.


Жаяу адамдардың жолына көбінесе аузы ашық жатқан құдықтар да кедергі келтіреді. Осындай арызбен Әсел Тоқ­тарова есімді тұрғын хат жа­зыпты. Ол А19 көшесінде тротуар жоқтығын, жұрттар тасжолдың шетімен жүруге мәжбүр екендерін, ал жол бойын­да беті жабылмаған құ­дықтар барын айтқан. Қауіпті қа­перлейтін ешқандай ес­керт­пелер де жоқ екен.
Осы шағым бойынша дереу іске кіріскен Астана қаласының Автомобиль жолдары басқармасы бүгінде аталған көшедегі барлық ашық қалған құдықтарды жауып шығыпты.

ҚАСБЕТТІҢ ҚАПТАМАСЫ ҚҰЛАП ЖАТЫР 

Жел тұрса, көп қабатты үйлердің төбесінен қаптамалар құлап, тұрғындардың зәре-құтын алады. Осындай мәселемен шағым түсіретін шаһар жұрты да жетерлік.

Солардың бірі Зарина есімді тұрғын Боталы кө­шесі, 26 мекенжайындағы «Евро­пейский» тұрғын-үй кешенінің қасбетінен қаптамалар ұшып жатқанын айтып, көмек сұрапты. Үйдің дәл жанында мектеп бар, әрі-бері өтетін балалар көп. Сондықтан бұл маңайдан жүру қазіргі уақытта қауіпті болып тұр екен.
Бұған жауап қайтарған қалалық Тұрғын үй инспекциясы басқармасы «Құрмет 2000» ЖШС-не қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді. Нәтижесінде тиісті орынға анықталған келең­сіз жағдайды реттеуге нақты уақыт берілді.

ТҰРАҚТЫ  ТАРЫЛТҚАН  ҚОРШАУЛАР

Көліктердің көптігінен аулаларда тұрақтардың тапшылығы қатты сезіледі. Көлігін қаңтаратын орын таппай сенделген тұрғындардың арасында дау-дамай да туып жатады.

Ермек Қойшыбаев Қ.Сәтпаев көшесі 10/1-үйдің алақандай ауласында әлдекімдер көлік тұрағының әжептәуір жерін қоршап алғанын айтып, хат қалдырған. Өтінішінде әкімдіктің ықпал етуімен бұл заңсыз қоршаудың тезірек алынып тасталуын және үнемі қадаға­лануын сұрапты. Өйткені мұндай жағдай бір емес, бірнеше мәрте қайталанған сыңайлы.
Шағымданушы талабын еске­русіз қалдырмаған Алматы ауданы әкімдігі екі күннен соң сол үйдің тұрғын­дарының күшімен-ақ көлік тұрағы толығымен ашылғанын жазыпты.
Орын таппаған кейбір жүр­гізу­шілер көліктерін жаяу адамдар жүретін тротуарға шейін шығарып қояды. Осындай бір жағдайға Р.Қошқарбаев көше­сіндегі 46-үйдің тұрғыны Еркін Хұсайынов наразылық танытып, «809 NAA 01» нөмірлі Toyota Camry көлігінің иесіне шара қолдануды сұраған.
Астана қаласының Ішкі істер департаменті жөнсіз қойылған көліктің иесін әкімшілік жауап­кер­шілікке тартып, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Ко­дексінің 597-бабы, 2-тар­мақшасы бойынша 15 айлық есіптік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салды.

Бетті дайындаған: Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Деректер www.astana.kz сайтының «Халықтық бақылау» бөлімінен іріктеліп алынды

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × two =