Электронды әкімдік

0 131

Жүгенсіз жүргізуші неге көп?

Қаламызда көлігін кез келген жерге жөн-жосықсыз қалдыра беретін дөрекі жүргізушілер аз емес. Келген хаттардың біразы осындай жүргізушілерді сабасына түсіріп, шара қолдануды сұрапты.

Бөгенбай 54

Мынау Евгений Сеньковский есімді қала тұрғыны жіберген фотолар. Сурет авторы тәртіпке бағынбайтын «Хюндай» маркалы көліктің (мемлекеттік нөмірі 159 COA/01) Бөгенбай батыр даңғылы бойында тұрғанын жеткізген. Екінші суреттен 492 DUA/01 нөмірлі «Nissan» көлігінің тоқтауға болмайтын жерден көлеңке тауып, қалғып тұрғанын байқауға болады. Фото 23 мамыр күні Абай даңғылы бойынан түсіріліпті.
Астана қаласының Ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметі екі көлік иесінің заң бұзғаны анықталып, тиісті шара қолданылғанын хабардар етіпті. Бірінші көлікке Қазақстан Рес­пуб­ликасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 505-бабының 1-бөлігі, яғни, қалалық абаттандыру ережелерін бұзу фактісі бойынша әкімшілік жаза тағайындалып, айыппұл салынса, екінші оқиға бойынша, жол белгілерін сақтамағаны үшін 5 АЕК айыппұл мөлшерінде әкiм­шiлiк жаза қолданылған.

Тұт көбелегі тұлдай қылмасын

Әкімдік сайтына шаруашылық қызметіне көңілі толмай хабарласып жататындар баршылық. Нина Дзюба есімді тұрғын әр түрлі зиянкестерге қарсы жүргізілуі тиіс профилактикалық жұмыстардың жүйесіздігіне ренішін білдіріпті. Дер кезінде улау жұмыстары жүргізілмегендіктен, кейбір аула ағаштары қурай бастаған. 

гусеница2

«Біздің үйдің аула­сындағы (Байсейітова, 8) күніміз түсіп отырған бірнеше түп ағаш кеміргіш құрттардың кесірінен қурап жатыр. Тұрғындар өз күшімізбен залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп көрмек болған едік, алайда еш нәтиже болмады. Жапырағын түгел жеп қойғандықтан, төрт түп ағаш әлден қурап қалды. Шара қолдану­ла­рыңызды сұраймыз» деп, жапы­рақтарды армансыз жеп жүрген жасыл құрттардың суретін қоса салып жіберген.
Құзырлы мекеме де ша­ғымданушыға көпке созбай жауап беріпті.
Жауап хатта «Кұрметті, Дзюба Нина Юрьевна! Астана қаласы Сарыарқа ауданы әкімінің аппараты Сіздің хатыңыздан кейін, «Астана көгалдандыру құрылысы» АҚ химиялау қызметінің мамандары Байсейітова, 8 көшесі аума­ғындағы жасыл желек­терде улау жұмыстарын жүргізді. Барлығы 60 түп ағашқа өңдеу жұ­мыстары жүр­гізілді» делін­ген жауап хатта.

«Тұрмыс» қашан түзеледі?

Бүгінде Астана қаласында дер кезінде жаңғырту жұмыстары жасалып, алдын алу жұмыстары жан-жақты қолға алынып жатыр. Алайда соған қарамастан, шешімін таппай жататын жайттар да жоқ емес. «Халықтық бақылау» айдары арқылы Астана қаласының әкімдігіне келіп түсіп жататын хаттардың көбі ПИК мәселесіне қатысты болып жатады. 

Сарыарқа ауданына қарасты 189 көшесіндегі 12/1-үйдің тұрғыны Дархан Нұрсадықов есімді бір тұрғын Астана қала­сының әкімдігінің сайтына «Тұрмыс» ПИК мекемесінің жұмысына көңілі толмайтынын айтып, күллі үй тұрғындарының атынан деп бір құшақ шағым жолдапты. Тұрғынның айтуынша, үй тұрғындары ауық-ауық судан ажыратылып қалады екен. «Әсіресе, соңғы екі айдан бері ыстық және суық суға жарымай отырмыз. Жертөледегі сорғыш-компрессорлық құрылғылардың жиі-жиі істен шығып қалып жатыр. Төтенше қызмет мамандары бірнеше күн жағаласып, іске қосып кетеді. Алайда, құрылғылар ары кетсе бір апта ғана шыдайды. Қайтадан бұзылады. Кейбір демалыс күндері мүлдем сусыз отырамыз. ПИК мамандары демалыс күндері жұмысқа шықпайды. Телефон соқсақ көтермейді, офисте ешкім болмайды» дейді шағым айтушы.

стена
Сонымен қатар, өтініш иесі үй иелерінің аула тазалығына көңілдері толмайтынын білдірген. № 12/1, 12/2 және 12/3 үйдің аулалары әлі күнге дейін жөнделмеген. Бордюрлер мүлдем жарамсыз жағдайға жеткен. Ал жолдың жиегі деген атымен жоқ. Соның кесірінен көліктер дөңгелегімен ілесе келген құм-балшық аулаға шашылып жатады. Жаңбырлы күндері жүру мүмкін емес екен.
Сондай-ақ, «Тұрмыс» ПИК-і тұрғындардың келісімін алмас­тан үй шатырына байланыс опе­раторларының бірінің сервері мен антеннасын орнатып қойғанын айтады. «Бұл тұрғындардың өміріне қауіп төндіріп отыр. Антеннадан тарайтын радиациялық сәуле әсіресе, жоғары қабат тұр­ғындары (өзім де жоғары қабатта тұрамын) үшін өте қауіпті. «Тұрмыс» мекемесіне айына 2600-3000 теңге аралығында ақша төлейміз. Бұл ақшалар қайда жұмсалып жатыр? Шара қолдануларыңызды сұраймыз» делініпті хатта.
Бұл хатқа Тұрғын үй инспекциясы басқармасы 6 күн ішінде жауап беріпті. «Құрметті, Дархан Нұрсадықов! Сіздің хатыңызды қарастырып біз мынаны хабарлаймыз: сіз келтірген деректер тексеріліп, шаралар қолданылды. «Тұрмыс» мекемесінің бас инженерімен болған түсіндіру жұмыстары барысында осы жыл­дың мамыр айында аталмыш тұрғын-үй аумағында қалалық ком­муналдық қызмет мамандары жылыту және сумен жабдықтау құрылғыларына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгені белгілі болды. Сіз сөз еткен жайттар осы кезде туындауы мүмкін екенін ескертеміз. Сондай-ақ, ауланы көркейту туралы шағымыңыз коммуналдық шаруашылық бас­қармасының қарауына жі­берілді» делінген жауап хатта.
Ал ұялы байланыс антеннасына қатысты сауалға аталмыш құрыл­ғылардың электромагниттік сәуле бөлу фактісінің ешқашан анықталмағанын әрі бұл толқын таратушы стансалардың сани­тарлық-эпидемиологиялық ба­қылау орталығынан алған тиісті паспорты бар екені көрсетіліпті.
«Тұрмыс» ПИК-іне қа­тысты мәселе мұнымен ғана шек­тел­мейді. Саят Сұлтан есімді тағы бір тұрғын «Тұрмыс» мекемесі қызмет ететін Тілендиев көшесі, 36-үйдің қасбеті көптен бері салбырап бос тұрғанын жазып отыр. Бүгінде адам өміріне қауіп төндіріп тұрған қасбет жөнделген. Тұрғын үй инспекциясы басқармасы «Тұрмысқа» қатысты тиісті шаралар қолда­нылғанын жазыпты.

Дайындаған Бүркіт НҰРАСЫЛ

Деректер www.astana.kz
сайтының «Халықтық бақылау» бөлімінен іріктеліп алынды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × one =