«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Электр энергиясы қымбаттай бере ме?

0 141

«Астана ақшамының» 18 қаңтардағы санында тарифтердің тағы құбылып, коммуналдық қызметтің қымбаттағанын айтқан болатынбыз. Бұл мәселе депутаттар тарапынан да қызу қолдау тауып отыр. Кешегі Мәжілістің отырысында Қазақстан халқы ассамблеясының депутаттары сараланған тариф тоқтатылғаннан кейін электр энергиясының бірден қымбаттап кеткеніне алаңдаушылық білдірді.

Аталған мәселеге байланысты мәжі­лісмендер Премьер-министр­ге депутаттық сауал жолдады. Осыған дейін Мәжіліс­те «ҚР-дағы электр энергиясы мәселелері бо­йынша кейбір заңнама актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралған болатын. Сол тұста Энергетика министрлігі электр энергиясы тарифін төмендету мен энергия таратушы кәсіпорындарды қолдау бағытында заңнама нормаларына сәйкес барлық шаралар қолға алынатынын айт­қаны да есте. Аталған заң жоба­сының алғашқы міндеті ай­мақтық электржелілі компания­ларды ірілендіру арқылы электр энергиясының бағасын төмендету болған. «Алайда іске келгенде мұның бәрі керісінше болып шықты. Керісінше, 2017 жылдың 1 тамызында Энергетика министрлігі сараланған тарифті алып тастады. Ал бұл электр энергия­сының бірден қымбаттауына алып келді. Халыққа бұрынғыдан көп ақша төлеу­ге тура келді. Құзырлы ведомство заңның нормалары мен талаптарына қарамастан, тарифтердің өсіміне жол беріп, электр желілерін күшейту бойынша жұмыс нәтижесін халыққа таныстыр­ған жоқ» дейді депутат Шәкір Хахазов. Бұған қоса, депутат Энергетика министрлігінің «2019 жылы тариф арзандайды» деген ақпаратына күмән келтірді. Ш.Хахазовтың айтуынша, Энергетика министрлігі халық пен депутаттарға берген уәдесін орындамақ тұрмақ, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап бүкіл рес­публика бойынша электр энергиясын тағы 10 пайызға қымбаттатып жіберген. Осыған байланысты ҚХА депутаттары Премьер-министрге депутаттық сауал жолдап, Энергетика министрлігін нақты осы мәселеде бірқатар шараларды қолға алуға міндеттеуді сұрап отыр.

 

Гүлжан РАХМАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды