Елдің ұсынысы ескерусіз қалмайды

0 32

Кеше Есіл ауданының әкімі Берік Жәкеновтің халыққа есеп беру кездесуі №59 мектеп-лицейінде жалғасын тапты. Қала әкімінің орынбасары Малика Бектұрова ашып берген кездесуге қалалық мәслихат депутаттары, Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік мекемелері және коммуналдық қызметтерінің, құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.Алдымен бас қалада ұйымдастырылатын көптеген халықаралық шаралардың Есіл ауданында өтетініне тоқталған әкім өткен жылы 120-дан аса іс-шара өткізілгенін жеткізді. «Бас қаламыз­дағы халықаралық деңгейдегі әлеуметтік нысандардың көбі Есіл ауданының аумағына орналасқан. Бұл біздің аудан үшін үлкен мерей болса, екіншіден, үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Біз осы жауапкершілігімізді абыроймен атқаруға әрқашан дайынбыз. Дегенмен, біздің әрбір қызметіміз аудандағы тұрғындардың қолдап-­қуаттауынан құралады. Былайша айтқанда, біздің нәтиже сіздердің қолдауларыңыздың арқасында жүзеге асады» деді аудан әкімі кездесуге келген тұрғындарға.
Берік Жәкенов аудандағы ардагерлер кеңесінің көптеген тәрбие­лік жұмыстар атқарып жатқанын айрықша атап өтті. «Ауданда зейнеткерлерге арналған 15 шағын орталық жұмыс істейді. Жақында тағы бір орталық пайдалануға беріледі. Ауданымызда 21 мыңнан аса зейнеткер бар. Оның 243-і тылда еңбек еткендер болса, алтауы – соғыс ардагері. Соғыс ардагерлерінің алды биыл 100 жасқа толады. «Сәлемнің де сәті бар» дегендей, бүгінгі кездесуде сол толарсақтан қан кешкен жауынгер аталарымыздың ғасыр жасы құтты болсын, денсаулықтары мықты болсын деген тілек айтамын» деді Жәкенов.
Әкімнің баяндамасынан кейін сөз кезегі тұрғындарға берілді. Қала тұрғындары жылу, қоршаған ортаның тазалығы, аялдама және балалардың қауіпсіздігі мәселесіне саятын түйіндер төңірегінде әкімге сұрақ қойды. Кездесуге келген зейнеткерлер де әкімнің істеген жұмыстарына ризашылық білдірді. Сондай-ақ ішінара тұрғын үй кешендерінде қоқыс шығару жұмыстарының дұрыс атқарылмай жатқанын, ауданға қарасты аумақтардағы жолдардың бойында орындықтардың жоқ екенін айтып, бұл жол бойларын жағалап сейіл-серуен құратын қарттарға өте қолайсыздық тудыратынын жеткізді. Тұрғындардың бір емес, бірнешеуі айтқан бұл ұсынысқа әкім баса назар аударатынын айтты. «Тазалық мәселесіне байланысты бүгіннен бастап өзім қадағалаймын. Ал жол бойындағы орындық санын көбейтуді көктем шыға қолға аламыз. Көпшіліктің атынан айтылған ұсыныс әрқашан ескерусіз қалмайды. Аудан тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік жасау – біздің жұмыстағы басты бағытымыздың бірі» деді аудан әкімі.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty + fifteen =