Елдің бірлігі – дамудың негізі

0 57

Нұр-Сұлтан қаласы Дін істері жөніндегі басқарма жұмысының негізгі бағыты – конфессияаралық, дінаралық келісімді сақтау, дәстүрлі емес діни ағымдар идеологиясының таралуына жол бермеу және халық арасында дін саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру. Нұр-Сұлтан қаласы Дін істері жөніндегі басқарма басшысы ­Нұрдаулет АЛЬМУХАНОВ карантин режиміндегі діни ахуалға қатысты сұхбат берген болатын.– Қалалық Дін басқармасы елдегі жағдайға байланысты халықты сабырға шақырып, рухани дамуына негіздейтін қандай бастамаларды жүзеге асырып отыр?
– Карантин режимі басталғалы бері дәстүрлі емес діни ағым идеологиясының таралуына жол бермеу мақсатында Дін мәселелерін зерттеу орталығында ресми Instagram, Facebook, В Контакте парақшасында тікелей эфир арқылы қала басшылығымен бекітілген ақпараттық-түсіндіру тобының білікті мамандарының қатысуымен түсіндіру жұмыстары өткізілуде. Барлық дәрістерде коронавирустық инфекцияның таралу жағдайындағы сақтық шаралары және карантин режимін сақтау қажеттілігі туралы ақпараттар айтылады. «Нұр Отан» партиясының қолдауымен, «Bizbirgemiz» шарасы аясында Дін мәселелерін зерттеу орталығында әлеуметтік көмек алып жатқан әйелдер азық-түлік және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді. Бұл әйелдердің ішінде «Жусан» операциясымен елге қайтарылған әйел­дер де бар. Сонымен қатар, «Зекет» қа­йырымдылық қорының қолдауымен мұқтаж отбасыларға 500 азық-түлік себеті таратылды.
– Жалпы, елордада қанша діни бірлестік бар?
– Қазіргі таңда елордада 54 діни бірлестік, 30 діни ғимарат жұмыс жасайды. Барлық діни бірлестіктердің жетекшілерімен тұрақты байланыс орнатылған.
– Індетпен күресте ол бірлестіктермен бірігіп қандай жұмыстар атқарылуда?
– Діни бірлестіктермен бірлесе отырып, ірі діни мерекелерге орай («Песах», «Пасха», «Родительский день», «Қасиетті Рамазан айы» және т. б.) келушілердің қатысуымен өтетін мерекелік діни жоралғыларды тоқтату туралы шешімді түсіндіру жұмыстары өткізілді. Сонымен қатар, діни бірлестіктердің жетекшілерінің қатысуымен COVID-19 коронавирустық инфекциясы туралы (белгілері, сипаты, сақтық шаралары және т. б.) онлайн кездесу өтті. Діни ғимараттарда (мешіттер, храмдар, синагога және т. б.) діни бірлестік өкілдерінің қатысуымен санитарлық-ағартушылық жұмыстары өткізілді. Діни бірлестіктерге коронавирус инфекциясынан қорғану ақпараттары көрсетілген буклеттер, кітапшалар таратылды. Барлық діни ғимараттарда антисептикалық құралдарды орнату және санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтау бойынша шаралар күшейтілген. Бұл шаралар діни бірлестіктердің ғимараттарында қызмет көрсетіп жатқан діни қызметкерлер мен күзет қызметі, техникалық қызметкерлердің қауіпсіздігі үшін жасалып отыр.
– Рамазан айына қатыс­ты кеңестеріңізбен бөліссеңіз.
– 2020 жылғы 14 сәуір күні Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму істері министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Е.Нүкежанов, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы және Қазақстан Орыс Православ шіркеуінің басшысы Митрополит Александрдың қатысуымен брифинг өтіп, төтенше жағдай кезінде діни мерекелерді атап өту ережелері түсіндірілді. Республикалық діни бірлестіктердің басшылары – Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы және Митрополит Александр тарапынан Құдайға құлшылық ету шараларын үйде өткізу ұсынылды.
– Нұр-Сұлтан қаласындағы төтенше жағдайға байланыс­ты барлық діни ғимараттардағы келушілермен өтетін құлшылық ету шаралары уақытша тоқтатылғандығын естеріңізге саламыз. Мұның барлығы – халықтың қауіпсіздігі, денсаулығы үшін жасалған қадамдар, сондықтан елорда тұрғындары мен қала қонақтарын төтенше жағдай және карантиндік режим кезіндегі ережелерді сақтауларын сұраймыз!
– Нұрдаулет Иманәліұлы, елдің бірлігі – оның дамуының негізі. Осы орайда басқармада діни саладағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру тұжырымдамасына сәйкес қандай жұ­мыс­тар бекітілген?
– Нұр-Сұлтан қаласының Дін істері жөніндегі басқармасы – елорда аумағында мемлекеттік дін саясатын жүзеге асыратын жергілікті атқарушы орган. Басқарма ҚР Конституциясы, ҚР «Діни бірлестіктер және діни қыз­мет туралы» заңы, ҚР «Дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы» сияқты нормативтік құқықтық актілерін негізге ала отырып қызмет жасайды.
– Арнайы мамандар жұмыс істей ме?
– Басқарма Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындарының арасында дәстүрлі емес діни ағымдар идеологиясының таралуының алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын өткізеді. Құрамында білікті әлеуметтанушы, дінтанушы, теолог және психолог мамандар бар ақпараттық-түсіндіру тобы құрылған. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жан-жақты форматта өтіп, қоғамның түрлі топтарын қамтиды (студент, маргинал жастар, мемлекеттік қызметкерлер, жеке кәсіпкерлер, мәдениет және спорт өкілдері, құрылыс объектілерінің жұмысшылары және т. б.). Бұл жұмыс барысында тыңдау­шыларға тек қана дін саласындағы ақпараттар емес, Қазақстан Республикасының заңдары, мемлекеттік бағдарламалар да түсіндіріледі. Сонымен қатар, дін саласында сабақ беретін ұстаздардың барлығын орталықтандыру мақсатында басқарма тарапынан «Дінтанушылар хабы» ашылды. Хаб құрамына жоғары оқу орындары, колледждер мен мектептердегі «Дінтану» пәнінің ұстаздары кіреді. Басқарма тарапынан хаб мүшелерінің біліктілігін арттыру семинарлары өткізіліп, тұрақты түрде әдістемелік нұсқаулықтар жолданып тұрады. Бұл шара ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының тиімділігі мен бірізділігін біршама арттыр­ды.
– Енді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жанындағы Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңесі туралы айтып өтсеңіз. Кеңес не үшін керек, немен айналысады?
– Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан Республикасы, әркімнің діни нанымына қарамастан, тең құқылы болуына кепілдік беретін зайырлы мемлекет.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Сан ғасырлар бойы түрлі этностар мен діни нанымдардың рухани мұрасымен кемелденген Қазақстанның біртұтас халқы өз бойына толеранттылық, діни төзімділік және жаңа атаулыны қабылдауға деген ашықтық секілді қасиеттерді қалыптастырған» деп атап өтті. Сондықтан да басқарманың негізгі міндеттерінің бірі – бүкіл әлемде баламасы жоқ, елімізде қалыптасқан конфессияаралық және дін­аралық келісімнің ерекше моделін нығайту және оны одан сайын күшейту.
Осы орайда елордадағы діни бірлестіктермен тиімді байланыс алаңына айналған, құрамына мемлекеттік мекеме басшылары мен діни бірлестіктердің жетекшілері кіретін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жанындағы Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңесін ерекше атап өткім келеді. Кеңестің басты мақсаты – азаматтардың діни наным еркіндігі мен діни бірлестіктермен өзара қарым-қатынас құқықтарын қамтамасыз ету, қоғамдағы рухани келісімді нығайту, конфессияаралық қатынас­тарды үйлестіру саласындағы мемлекеттік саясат мәселелері жөніндегі ұстанымдар мен ұсыныстарды әзірлеу. Кеңес жұмысы аясында Нұр-Сұлтан қаласының «Конфессияаралық – келісім аллея­сы» ашылды, көптеген өзекті мәселелер талқыланып, тиімді шешімдер қабылданды. Сонымен қатар, жыл са­йын «Рухани келісім» күніне орай дәстүрлі «Рухани келісім – бірлік пен тұрақтылықтың кепілі» атты республикалық ­конферен­­ция­сы тұрақты түрде өткізіледі.
– Қаладағы Дін мәселелерін зерттеу орталығының танымалдылығы артып келе жатқандай. Осы жөнінде тоқталсаңыз.
– Қаламыздың діни ахуа­лына оң септігін тигізетін басқармаға қарасты Нұр-Сұлтан қаласының Дін мәселелерін зерттеу орталығын атап өткен жөн. Орталық дін саласындағы ахуалға талдау, зерттеу жұмыстарымен қатар, тиісті көмек берумен де айналысады.
Мысалы, жақында «Жусан» операциясымен елге оралған және орталықтан көмек алып жатқан әйелдерді қоғамға бейімдеу және жұмыспен қамту мақсатында тігін цехы іске қосылды. Бүгінгі таңда 10 адам өз жұмыстарын бастап, төтенше жағдайға байланысты 400-ге жуық бетперде (маска) әзірледі. Бұл бетперделерді әлеуметтік аз қамтылған отбасыларына тегін тарату жоспарлануда. Бұл азаматшаларға тегін түскі ас ұйым­дастырылып, сондай-ақ жұмыспен қамту орталығы арқылы еңбекақы мәселелері шешілуде. Аталған бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.
– Қала тұрғындары сіздермен қалай байланыса алады?
– Қазіргі таңда әлеуметтік желілер халық арасында жоғары сұранысқа ие. Осыған орай, Telegram желісінде «Сіздің діни сұрақтар бойынша жеке кеңесшіңіз» каналы ашылды. Аталған канал арқылы білікті дінтанушы, теолог мамандардан дін саласындағы кез келген сұраққа жедел жауап алуға болады. Жалпы, Нұр-Сұлтан қаласындағы діни ахуал тұрақты деп айтуға толыққанды негіз бар.

Салтанат
СӘДІБЕКҚЫЗЫ,
журналист

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 − eleven =