Елдің бәрін емізікке үйретуге болмайды

0 101

Мемлекет 9 әйелді «миллиардер» атандырды. Қалай дейсіз ғой? Қолданыстағы заң­ның солқылдақ тұсын ұтымды пай­да­лан­ған әйел­дер «ау­­зы­­ңа саңғыт!» деп мем­­­лекеттік әлеуметтік сақ­­­­тандыру қорынан жөр­­гек­­пұлға деп 33 миллиард теңге «қа­ғып кеткен». Мұндай қо­­­мақты соманы естіп, есең­­гіреп қалған депутаттар дереу есін жиып, кеш те болса, қатесін түзеп, «Міндетті әлеу­­меттік сақтандыру туралы» заңға жедел түрде өз­­­­герістер енгізді. Бұл құжат бірден екі оқылымда ма­­құл­­да­­нып, Президенттің қол қоюына жөнелтілді.

Әрине, қор қазынасынан миллиардтаған қаражат алған әлгі әйелдерді «алтын құрсақ аналар» деп әсте ойламаймыз. Осынша жөргекпұл алғанына қарағанда жалақысы көп, лауазымы жоғары бикелер екендігі анық. Ал мансап қуған әйелдердің «құрсағым алтын» деп бұлдайтындай, көпбалалы екендігіне күмәніміз бар. Не десек те, «болары болып, бояу сіңді». Енді қордың шексіз «ақкөңілділігін» пайдаланып, айласын асырып кеткен әйелдердің мәселесімен тиісті органдар айналысатын болады.

Ал естерін жиып, еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізген ел азаматтары дүниеге сәби әкелгені үшін мемлекеттен берілетін біржолғы төлемақыны «10 ең төменгі жалақы» мөлшерімен шектеу қойды. «2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңына сәйкес, 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап, еліміздегі ең төменгі жалақы мөлшері – 18 мың 660 теңге. Яғни, біржолғы төлемақының шекті мөлшері – 186 600 теңге.

Еліміздегі әйелдердің 98,8 пайызының айлық жалақысы 200 мың теңгеден төмен екен. Демек, жаңа заңдағы өзгерістер әйелдердің көпшілігіне ешқандай да зиянын тигізбейді, бұрын жалақысына қарай қандай жөргекпұл алса, сол қалпында қала береді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мамандарының сөзімен айтсақ, егер де әйелдің орташа жалақысы 150 мың теңгені құраса, онда ол бұрынғыдай шамамен 600 мың теңгені ала береді.

Заңдағы бұл толықтыру ай сайын 200 мың теңгеден асырып алатын әйелдерге ғана қиын болғалы тұр. Жалпы әйелдердің 1-2 пайызын құрайтын жоғары жалақы иелері (ресми мәлімет бойынша, 6 мыңдай әйел) енді қанша көп айлық алса да, «декреттік төлемақысы» 186 мың теңгеден есептелетін болады.

Әрине, қаржыны қарпып алып үйреніп қалған бикелерге бұл ақша тым аз көрінетіні түсінікті. 780 мыңды қанағат етпеген әйелдер, тіпті, наразылық шарасын да өткізбекке бел байлап жатқан көрінеді.

«Дәніккеннен құныққан жаман». Әйтпесе, еш жерде жұмыс істемей-ақ, бір бала туғанға берілетін бір реттік 9 мыңдай теңгені де қанағат тұтып, ешкімге қол жаймай-ақ, бауыр еті балаларын «қанаттыға қақтырмай», ешкімнен кем қылмай асырап отырған аналар қаншама?! Жаңағы жоғары айлық алатын бикештердің ішінде ай сайын миллиондап жалақы алатындар да бар екен. Олардың жөргекпұлды өзіне ғана емес, өзгеге де сыйлай алатындай жағдайы бар ғой. Нәрестесіне берілетін несібесіне өкпелемей, қайта жоқ-жітімдерге қарайласқаны анағұрлым сауап емес пе?

Кейде «адамдарды масылдыққа үйретіп жатқан мемлекеттің өзі ме» деген ой қылаң береді. Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда материалдық көмек көп кісілерге берілді. Кейін барып, адамдар іріктеле келе, қаржылай көмекті тек нағыз мұқтаждылар ала бастады.
Негізі, жәрдемақы дегеннің өзі нақты иесін табу керек әрі әділ бөлінгені ләзім. Елдің бәрін еміздікке үйретудің қажеті жоқ. «Үрерге иті, сығарға биті жоқ» талай адамдар, отбасылар бар елімізде. Әлеуметтік көмек сондай жандарды көбірек қамтыса дейміз. Сол сияқты жөргекпұлды беру мәселесінде де бұрын шек болмауы себепті әлеуметтік теңсіздік болды. Заңның осалдығы тіпті, алаяқтыққа да, жемқорлыққа да алып келді. Енді бұл мәселеге де нүкте қойылған сыңайлы.

Ал, жалақысы жоғары бикелердің қатты қапаланбауына да болады: мемлекет төлегеннен қалған ақша айырмашылығын жұмыс беруші төлейді. Ол үшін, әрине, ұжымдық келісім-шартта бұл мәселе көрсетілуі тиіс. Өз маманын бағалайтын болса, жұмыс беруші заң міндеттемесе де, мұндай қадамға барары сөзсіз.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
q.toqtamurat@astana-akshamy.kz

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 + two =