Елдіктің өшпес рухы

0 84

Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында «Махамбеттің жас ұрпақтары!» атты V Республикалық әдеби-музыкалық композициялар байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

Жауынгер ақын Махамбеттің ұлы мұрасын қайта жаңғырту мақсатында жыл сайын елордада дәстүрлі түрде Махамбет оқулары өткізіліп келеді. Бұл күні астаналық мыңдаған оқушы ақын жырларын жатқа оқиды. Аталмыш байқау 2016 жылдан бері республикалық деңгейінде өткізіледі. Осылайша Махамбеттің жас мұрагерлері мен ізбасарлары еліміздің түкпір-түкпірінде ұлы батырдың шығармашылығын дәріптеуде.
Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайының концерт залында өткен мерекелік бағдарлама «Махамбет» фильмімен ашылды. Одан ары байқау жеңімпаздары шараны театрландырылған алғы сөзбен жалғастырды. Марапаттау рәсімі төрт бөліктен тұрды. Ең әуелі топ жарған I, II, III орын иегерлерін, содан кейін номинация алған қатысушыларды марапаттады.
Еске сала кетсек, «Махамбеттің жас ұрпақтары!» байқауының аймақтық деңгейі онлайн форматта өткен еді. Сайысқа қатысуға Нұр-Сұлтан, Өскемен, Қостанай, Петропавл қалалары мен Алматы облысы, Павлодар облысы, Батыс Қазақстан облысы, Ақмола облысынан 50-ден астам ұжым өтінім берген. Ал марапаттау кеші санитарлық-­эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып өткізілді.
Сондай-ақ Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайы елорданың білім беру ұйымдарымен бірлесіп, елордалық әкелер кеңесінің қолдауымен «Ел тағдыры – ер тағдыры» video – stories форматында өтетін ауқымды қалалық жобаны іске қосты.
Жобаның мақсаты – қаламыз­да рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттау мен халықтың азаматтық-патриоттық тәрбиесін дамыту. Тәуелсіздіктің түйдей құрдастары 1991 жылы туылған әкелер өздерінің тағдырларын, өмір жолдары мен қалыптасу кезеңдерін аудиториямен бөлісетін болады.

Көктем ҚАРҚЫН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − two =