Елдіктің айнасы

0 81

«Астана ақшамы» – елорданың елорда болуына көп еңбек сіңірген газет. Жұрт көбіне «қалалық басылым» деседі, бірақ ол күні бүгінге дейін елдік яки республикалық аяда ақпарат таратып жатыр.Біз Ақмолаға Еуразия ұлттық университеті ашылған соң 17 күннен кейін келген едік. Шағын қала, жергілікті халықтың үлес саны да аздау кез. Бірнеше республикалық газеттің тілшілер қосыны, «Сарыарқа», «Нива» журналдары, сонымен бірге «Арқа ажары», «Акмолинская правда» мен «Ақмола ақиқаты», «Вечерний Целиноград» бар. Кейінгі Конгресс-холдың төбесінде абажадай әріптермен «Дворец целинников» деп тұратын кез. Президент мәдениеті орталығы (қазір әскери музей) тұрған жердегі тас тұғырдың үстінде атышулы «тың дәуірін» әйгілеп трактор тұрды. Айтпақшы, қалада шағындау автобустармен қатар троллейбус жүреді. Көлік кептелісі атымен жоқ. Шаһардың арғы шетінен бергі шетіне әп-сәтте жетіп барасың. Сол жағалауда «Шұбар» деген ­ықшамаудан менмұндалап, Ақмола ауқаттыларының деңгейін айқындап тұратын. «Еділдің бойы ен тоғай» дегендей, Есілдің арғы-бергі жағы шоқ-шоқ саяжай мекендері еді. Қазақстанда тұңғыш балалар темір жолы бар қалалық паркке өзен үстіндегі жаяу көпірмен өтіп баратынбыз…
Сонымен түскен университетіміздің табалдырығынан төріне дейін зерттеп, біліп алған соң, шаһар зиялыларымен таныспаққа бүгінгі Республика, Бейбітшілік, Жеңіс даңғылдарының бойы­на орналасқан мекемелерге бас сұқтық. Мына тұстан бекзат кейіптегі Қасым ­Тәукенов пен Нұрғожа Ораз, ана тұстан зиялы қалыптағы Жомарт Әбдіхалық пен Алдан Смайыл, орталықтың қайбір көшесінен Клара Әмірқызы, Роза Иманғалиқызы, Табыл Құлияс, Жұматай ­Сабыржанұлы, Бәдуан Имашұлы, Ескермес Иманбай, Смағұл Рахымбек, Марат Дәдікбай, Оспан Сүлеймен, Амангелді Жұмабек, Әнуарбек Ералы, енді бір қапталдан Кенже Жұмағұл мен Мұратбек Тоқтағазы шыға келіп, мұнда қазақтың исі ғана емес, рухы бар екенін дәлелдеп жүреді. Иә, солай… Бірде сол ескі қаланың қақ ортасында мұрыны қоңқиған, көзі көкшиген еңгезердей бір жатжұрттық қарапайым жергілікті азаматты төпелеп тұр еді, қаракүреңнің қараторысы, Арқа сал-серілерінің шығармашылығын жатқа білетін зерделі Есекең (марқұм Ескермес Иманбай) әлгі басбұзарға тап беріп, екі-үш сөзбен жерге кіргізіп жіберді. Қоңқақ мұрын әп-сәтте зым-зия жоғалды… Сонда ойладық: «Е, Ақмолаға тәуелсіздік оңай келмеген екен ғой!..» деп.
Алаш бар, зиялылар тағылымы бар, білім жүйе­сі мен қала ономастикасы бар – жаңа қоныстағы қоғамдық-танымдық мақалаларым «Ақмола ақиқатына» жария­лана бастады.
Арада бірер жыл өткен соң, басылымды Жұмагүл Саухат апайымыз басқарып тұрғанда газетке мүйізі қарағайдай қаламгерлер Дидахмет Әшімханұлы мен Жанболат Аупбаев, жазуда төрелігі мен берендігі тең түсетін Талғат Батырхан шақырылғанды. Тәкеңді іздеп барып, осы кісілермен рухани сұхбаттасып отыратынбыз.
«Астана хабары» тұсында басылым жетекшілігіне талай газетті басқарған, саясаттың ыстық-суығын өткерген Нұртөре Жүсіп келді. Бірінші орынбасары – біздің Алматыдан араласатын әріптесіміз, профессор, атқарушы билік пен зиялы тірліктің өз адамы Бауыржан Омарұлы. Әрине, қаламның қос батырының жанында – ылғи «хан мен қарашы тұқымы». Талғат
Батырхан мен Ғалым ­Омархан. Басқа да «сен тұр, мен атайын» ұлдар мен қыздар. Мен де екі күннің бірінде сол жақтамын. «Арасында құс атып қоямын» дегендей, оқытушының көзімен қарап, ғалымның талғамымен шолатын кей тапсырманы маған жүктейді. Оны да тездетіп жазып беремін. Бұрын «Ана тілінде», «Жас алашта» қосымша тілші болған азын-аулақ тәжірибем бар. Профессордың өзі жан бағу үшін екі-үш жерде жұмыс істейтін кезең, үйде үш бүлдіршінді бағып-қаққан жұбайымыз отыр. Жазғаныма қаламақы қойылады. Ынта-шынта жолында көбірек жарияланып жатамыз. Әрине, псевдониммен. Бірде «бізге қосымша, жартылай кіріп алсайшы!» деген ұсыныс түсті. Қуана келістік. Білім, мәдениет бағытын, қала оқығанының арман-мүддесін және өз тақырыбым – Алашты қаузаймын. Бұл – қала әжептеуір астана болуға ұмтылған шақ. Мың сан тақырып, мың сан мәселе бар.
Бір жолы Нұртөре мырза тыңнан түрен салып, «газет пен университет Алашқа арналған конференция өткізсек» деп елеулі бастама көтерді. Қаржы тапшылығынан аталған жиын өтпесе де, даярлық барысында қадау-
қадау мақалалар жарияланып қалды.
Ескі қаланың нобайын танытатын орамдағы экс-­балабақша ғимаратында орналасқан газет редакция­сынан ақпарақ бүлдіршіндей аңқылдаған журналис­тердің көңілін, сезімін, шығармашылығын түйсініп қайту – біз үшін қызық бір құбылыс еді.
Айрандай ұйыған ұжым. Қызметкерлер (тілші) бір-бірін жолына, жөніне қарап сыйлайды. Газеттің әр нөмірінен жаңалықтың лебі еседі.
Сөйтіп жүргенде көп ұзамай Н.Жүсіп басқа қызметке шақырылды да, орнына әрі ғалым, әрі журналист, әрі ақын Амантай Шәріп келе қалды. Бірінші орынбасары – адамдықтан айнымас Тәкең. Тағы бір орынбасары – осы газетте көптен істейтін Ауған соғысының ардагері Ғалым Қожабек. Журналистері – кілең талапты ұл-қыз. Әу бастағы келісім орнында қалды – «жарты ставкадамын». Осы аралықта жаңа формат таптым. Атауы – «Жәкеңнің әңгімелері». Апта сайын ұсынамын. «Жәкең» – елордағы шеттен келген электр инженері. Жаңа қалада көрген-білгенін дәстүрге, тарихқа сүйеніп айтып отырады. Былайша айтқанда, бұл «Жәкең» – бәріміз. Айтылған ой, пікір, дерек, оқиға т.б. – бәрі өмірден алынған. Кейін осының бәрін «Жұрт» деген атаумен бөлек кітап етіп, жарияладым.
«Астана хабары» «Астана ақшамы» болып, қазақы атау­ға көшті. Университеттегі жұмысым және жалақым көбейіңкіреп (сірә, мұнай бағасы өсті), енді тек автор ретінде қатыса бастадым. Алдындағы Мағжан Садыхан, кейінгі Ерболат Кәмен бас редактор тұсында, қазірге Еркін Қыдыр басқарып тұрған шақта да – сол мәртебедемін.
Әр редактордың өзінше ізденісі, қолтаңбасы бар. Е.Қыдырды журналист, өлкетанушы, азамат ретінде танығаныма 35 жылдан асыпты. Сөзі мен ісі бір жерден шығатын іскер де елшіл қаламгер. «Егемен Қазақстанда» қарапайым тілшіден басылым президентіне дейін еңбегімен өсіп-жетілді. Қазақ журналистикасының алдаспаны Шерхан Мұртазаның батасын да, алғысын да алды. Газет жанкүйері ретінде қазіргі бас редакторлығына да көңіліміз толады. Ұлт пен зия­лылық ұғымына сай талдау мақалалары, басылымының дизайны мен материалды ұсынудағы ішкі-сыртқы жүйе­сі тартымды. Сын көтереді. Бұрқ-сарқ қайнаған елорда тіршілігі – «Астана ақшамы» бетінде.
Мерейтой жылы бас шаһар басылымының ардагер қаламгерлеріне, бүгінгі ақмылтық журналистеріне шығармашылық табыс тілейміз.
Астана жұртын айналған «Астана ақшамы» – ел мен елдіктің, елордада мен өңір арасын жалғайтын ақпараттың айнасы болып қала бермек.

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры,
ҚР ҰҒА академигі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

7 − 1 =