ЕЛДІК ҚҰНДЫЛЫҒЫМЫЗҒА – ЕРЕКШЕ ҚҰРМЕТ

0 138

рамиз 2

Бұрнағы күні «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориал­дық кешенінде қала әкімінің орынбасары Аида Балаеваның төрағалығымен Астана қаласы әкімдігі жанындағы Мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның мерекелік отырысы өтті.

Қазақстанның Мемлекеттік рәміздері 1992 жылы бекітілгені белгілі. Жиыр­ма жылдан астам уақыт бойы Туымыз, Елтаңбамыз бен Әнұранымыз халқымызды рухтандырып келеді. Бірақ, оларды насихаттауда кемшін тұстар кездеседі. Бұл – Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков­тың ойы. Әр бес жыл сайын жаңа стандарт бекітілетінін айтқан ол осыған көңілі толмайтынын жеткізді. Әсіресе, Елтаң­баға қатысты: «Осы уақытқа дейін Елтаңбаны жасау, құрметтеу, дәріптеу ісі жоғары деңгейде емес. Оны жасауға лицензия алғандар стандарттар нормасын сақтамайды. Сапасын да қатырмайды. Саяси және тарихи маңызына да көңіл бөлмейді. Елтаңба – тек кеудеге тағатын немесе мекеменің іші-сыртына іліп қоятын логотип сияқты нәрсе емес» деген ол Елтаңбаны қазақтың жандүниесіне жақын дала мәдениетімен, әсіресе, киіз үймен байланыстырып жасағанын айтты.

Сөзін жалғастыра келе: «Елтаңба деталь­­дары қандай мағына беретіндігіне ешкім бас қатыр­майды. Желбау, күлді­реу­іш, тоғын, басқұр, керегенің не еке­нін сұрасаң, көпшілігі білмейді. Киелі тұлпар­лар­ мен жеті сақинаны бейнеледім. Жеті сақина – жеті атаны, тектілікті білдіретін ұғым. Мен өзім Елтаңбадағы бейнелерге қырыққа жуық атау бердім. Сол атауларды біліп отырып, оны жасайтын азаматтың елге, атамекенге, халыққа деген құрметі артады. Міне, Елтаңбаның сипатын жазып, жаңа стандартқа енгізсек, жастар бұған басқаша көзбен қарайтын болады» деді.

Жандарбек Мәлібековтің рәміздерімізді тиісті деңгейде насихаттай алмай жатырмыз деген сөзімен келіскен Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары Амангелді Қашқымбаевтың пікірінше, Туымыз, Елтаңбамыз бен Әнұранымыз ұлтымыздың тарихы мен болмысын әйгілейді. Ол Ата Заңымыз бойынша рәміздеріміз еліміздің еркіндігі, тәуелсіздігі және егемендігінің символы екенін еске салып, оларды «Мәңгілік Ел» ұғымымен астастырды.

Қазақстан Республикасы мемлекеттік Күзет қызметінің бөлім басшысы Бауыржан Таңатаров Мемлекеттік Туымыз­дың қандай рәсімдік іс-шаралар­да қол­да­ны­ла­тындығынан хабар берді. Оның айтуынша, Мемлекеттік Ту – ҚР Президентін ұлықтау, шетел мемлекеттерінің басшыларын салтанатты қарсы алу, Отан қорғау­шылар монументіне гүл шоқтарын қою және еліміздегі шетел елшілеріне Сенім грамоталарын тапсыру рәсімдерінің ажырамас бөлігі.

Қазақстанның стандарттау және сер­ти­фи­­кат­тау институтының бөлім басшысы Евгений Цхай соңғы кезде Елтаң­ба­ның мемлекеттік стандартқа сәйкес кел­мей­тін­дігі жөнінде түрлі органдар мен жеке адамдардан түсетін шағымдар көбейіп отырғанын айтты. «Осыны ескеріп, стан­дарт­ты қайта қарайтын арнайы жұмыс тобын құрдық. Елтаңба авторының фило­со­фия­сынан ауытқымау мақсатында оның құрамына Жандарбек Мәлібекұлын енгіздік. Атқарылған істердің нәтижесінде үстіміздегі жылдың 15 мамырында тиісті құжатты қабылдап, өкілетті органның сайтына жарияладық. Сондай-ақ, Елтаңбаны жасаушы 50-ден аса мекемеге құжатты жібердік. Ол құжатта Елтаңбаның түсіне, көлеміне, конструкторлық сызбасына қатысты өзгерістер бар. Сонымен қатар, Елтаңбаның кепілді мерзімін белгіледік. Бұл мерзім 3 жылды құрайды. Тиісті мекемелерде ескі Елтаңба жаңа стандартпен жасалған Елтаңбаға бірте-бірте ауыстырылатын болады» деді ол.

Оның сөзін нақтылай түскен Аида Балаева жаңа стандарттағы Елтаңбаның мекемелерге алынғаны-алынбағаны шартты түрде бір жылдан кейін тексерілетінін жеткізді. Жалпы, рәміздерді сатып алу ісіне келгенде конкурстық түйткілдер туындайтынын айтқан қала әкімінің орынбасары кейде бір ғана Ту сатылып алынып, ол жарамсыз болып қалғанда дер кезінде орнына жаңасының ілінбеуін сонымен түсіндірді.

Жастар арасында Мемлекеттік рәміз­дерді насихаттау маңызды. Бұл жұмыс жайлы Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Талғат Рахманберді егжей-тегжейлі баян­дады. Оның айтуынша, елордада 85 мың студент, 15 жоғары оқу орны мен 35 колледж бар. Қаламыздың ең белсенді жастары осы оқу орындарында оқиды. Барлық білім беру ошақтарында құрылған Жастар ісі комитеттері тиісті жұмысты атқаруда.

Отырыстың соңында Аида Ғалымқызы Астана қаласы әкімдігі жанындағы Мемле­кеттік рәміздер жөніндегі комиссияның бір жылдық жұмысының нәтижесінде республикалық комиссияға ұсыныстар жіберілетіндігін айтты. «Бүгінгі таңда тек мемлекеттік органдар күшімен рәміздерді насихаттау мүмкін емес. Оған еліміздің әр азаматы атсалысуы тиіс. Халқымыздың біраз бөлігі одан қашпайды да. Алайда, заң тұрғысынан оған шектеу қойылған. Онда «Мемлекеттік рәміздерді заңсыз қолдану» деген анықтама бар. Бұл анық­тама азаматтарымыздың қолын байлап, патриоттық сезімін көрсетуге тыйым салып отыр. Мәселен, кейбір адамдар Мемлекеттік Туды үйіндегі қастерлі орынға қойғысы келеді дейік. Бірақ, заң оған рұқсат етпейді. Осы жағдайда атап өтетін жайт – көптеген елдердің заңдарында біздікіндей норма­ жоқ. Мысалы, шетелдерге шығып жүр­ген болсаңыздар, ол елдердің Туын жанар-жағар май құю станциясының маңдайша­сы­нан да көре аласыздар. Осыған байланысты Парламент депутаттарына «ҚР Рәміздері туралы» Заңын қайта қарауды ұсынамыз. Екіншіден, рейдтерді жасау барысында, негізінен, заңды тұлғалар мен ірі ұйымдар аталған Заңды жиі бұзатынына көз жеткізіп жүрміз. Біз шара қолданып, тек 4 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын айыппұл ғана сала аламыз. Бұл айыппұлды заңды бұзғандар жұғын көрмей, айыбын қайталап жүр. Сондықтан, заңды тұлғалар мен ірі ұйымдар үшін айыппұл көлемі екі есе өсірілсе екен дейміз. Ал, рәміздерді қорлайтындарға айыппұл салынбай, оларды бірден қылмыстық жазаға тарту керек. Стандарттарды сақтамайтын рәміздерді жасау мен жеткеруге лицензия алғандар да аттес­таттаудан өтіп, қайта лицензиялаудан өткізілсе де артық емес» деген ол отырыста айтылған ұсыныстар да ескерусіз қалмайтынына сендірді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × one =