Елдігіміздің жүрегі, азаттығымыздың айнасы

0 115

Кеше «Астана-Опера» мемлекеттік опера және балет театрында Астана күніне орай салтанатты жиын өтті. Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, күллі қазақстандықтарды мерекесімен құттықтады.

– Біз дүйім дүниеге қазақ елінің жаңа Астанасын паш етіп, беташарын жасаған күн кеше ғана сияқты еді. 1998 жылы Астана Есілдің оң жағалауына иін тірескен, ескі үйлерден тұратын шағын ғана шаһар болғаны есімізде. Небары 15 жылда сәні мен сәулеті келіскен заманауи қалаға айналды, – деді Президент.

Елбасы «Қазақстан – 2050» стратегиясында айтылған ұрпақтар сабақтастығы идеясы Астана шежіресінен көрініс тапқанын айта келіп, Ала­таудан Арқаға бет алған ұлы көш – тәуекел тәуел­сіздігімізді нығайтуда тарихи қадам болғанын, тұтас ел болып жүзеге асырған осынау үрдісті бейбіт күндегі ерлік деп бағалауға болатынын атап өтті.

Ол егемендігіміздің тірегі, елдігіміздің жүрегі, азаттығымыздың айнасы – Астананың қарқынды дамуын нақты дәлелдермен айшықтады.

Соңғы 15 жылда еліміздің жалпы ішкі өніміндегі Астананың үлесі 45 пайызға өскен. 2009-2012 жылдар аралығында елордада жыл сайын 17-18 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Елордалықтардың орташа жалақысы 10 есе өсіп, 140 мың теңгеге жеткен.

Қалада бой көтерген халықаралық білім ордалары мен зияткерлік мектептері де көп. Бүгінде бас шаһардағы 14 жоғары оқу орнында 15 мыңға жуық студент оқиды, 1,5 мың жас өрен әлемдік деңгейдегі ғылым мен білім орталығы – Назарбаев университетінде білім алуда.

Егер 1998 жылы Астанада небары 200 мың тұрғын болса, бұл 15 жылда 4 есеге өсіп, 800 мыңнан асты. Жалпы есеп бойынша 1 мил­лионға жетіп қалуы да ықтимал. Бас қаланың қан­шалықты дамып келе жатқанын осы екі көрсеткіш айғақтайтынын айтқан Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде мыңжылдық қаланың іргетасы берік орныққанын атап өтті.

Елбасының айтуынша, енді жас астанамыздың қаласы да, оның тұрғындарының санасы да жаңа заманға лайық болуы керек. Сонда ғана шығар шыңымыз шырқау биікте болады.

«Халқымыздың жаңа ғасырдағы жарқын шежіресі дәл осы жерде жазылып жатыр, жазыла береді. Жасампаздықтың жарқын үлгісі, бейбітшіліктің бесігі – Астанамыз мәңгілік елдің арқауы болып жасай берсін!» деген Елбасы барша қазақстандықты мемлекеттік мереке – Астана күнімен құттықтап, игі тілегін айтты.
Салтанатты жиынның соңы мерекелік концертке ұласты.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twelve + 20 =