©2020 Астана Ақшамы
ЕЛДІГІМІЗДІ МАҚТАН ЕТЕМІЗ
Елорда мәртебесі оның тұрғындарына ерекше жауапкершілік жүктейді. Бүкіл қазақстандықтардың жарқын болашағын айқындайтын тағдырлы шешімдер ел астанасында қабылданады. Мемлекеттің қоғамдық-саяси тірлігі барша қазақстандықтарға серпін беріп, жақсы істердің жаңғырығы байтақ елімізге тарап жатады. Бұл ретте астаналықтың саяси мәдениеті бүкіл еліміздің айнасы десем, артық айтпаған болар едім.
Елордамызда 27 этномәдени бірлестік ресми тіркелген. Олардың жұмысы негізінен ұлтаралық татулық пен ынтымақты, келісім мен бейбітшілікті сақтауға бағытталған. Мемлекетіміздегі тату-тәттіліктің салтанат құруы да біздің қызметімізден өзіндік көрініс табуда. Елордалық этномәдени бірлестіктер қаланың қоғамдық тіршілігінен ешқашан сырттап қалған емес. Керісінше, ауқымды істердің ортасында жүріп, халықтар достығының көрігін қыздыруда. Қазақстан халқының салт-дәстүрлері, тарихы мен мәдениетін насихаттауда, Ел бірлігінің Доктринасы мен Қазақстан халқы ассамблеясының стратегиялық жоспарларын жүзеге асыруға бағытталған іс-шараларымызбен мақтана аламыз. Көп ұлтты елордамыздың достық туын алып жүргендер қатарында белгілі тұлғаларымыз бар. Олар – М.Гольдберг, С.Героев, Ш.Исмаилов. В.Салахов, М.Тохтибакаев. И.Берг, А.Романова, Т.Ширмер және басқалар. Бұл азаматтар өз этномәдени орталықтарындағы атқаратын міндеттерімен қатар, қалалық бірлестіктердің де жұмысына бір кісідей атсалысады.
Қалалық әкімдіктің қолдауымен өтетін түрлі шаралардың ортасында да осы азаматтардың жүретіні қуантады. Өткен жылдың орта шенінде этномәдени орталықтар арасында шахматтан турнир өткіздік. Елордамыздың мерейтойы қарсаңына орайластырған шараға 16 жастан 86 жас аралығындағы 16 адам қатысты. Шахматшылар жеті айналым жасап, жеңімпаздар анықталды. Бірінші орынды – Андрей Кван, екінші орынды – Анна Лян, үшінші орынды Әшімтай Әбдрахманов иеленді. Жастардың шығармашылық бастауларын қолдайтын «Менің отбасым – менің байлығым» атты фотоконкурс та осындай маңызды уақиғалардың бірі болды. Отбасылық құндылықтарды дәріптейтін сайыстың мақсаты да жұртшылықтың назарын аудару болатын. Адами қасиеттерді, мейірімділік пен сүйіспеншіліктің көрінісін фотообьективке таңбалаған үздіктерді марапаттадық.
Жалпы, әлеуметтік жобаларды жүзеге асырар кезде кейінгі толқын жастардың бойында патриоттық сезім қалыптастырып, Отан сүюге тәрбиелеу – біздің басты ұстанымымыз. «Біздің Қазақстан» интеллект-шоуы – осының бір дәлелі. Ішкі саясат басқармасының тапсырмасымен өткізілген шараның басты мақсаты – қазақ халқының тілі мен мәдениеті тарихына және салт-дәстүріне басқа ұлт өкілдерінің қызығушылығын арттыруды көздеген еді. Сайысқа Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және Назарбаев университетінің студенттері қатысты. Қазақтың мәдени мұрасы, өнері мен спорты басқа да ел тарихын қамтыған сұрақтарға жауап берген студент жастар білімімен қатар өнерін де ортаға салды.
Біз, аға ұрпақ өкілдері, өзіміздің және балаларымыздың бойында отансүйгіштік сезімдерін ұштауымыз керек. Еліміздің бүгіні мен өткенін зерделеп, оның құндылықтары мен игіліктеріне мақтаныш пен құрметі сезімін ұялата отырып, осы мақсатқа қол жеткізе аламыз.
Роза ПАК,
Астана қаласы корейлер этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары