«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Елді енді Қасым-Жомарт Тоқаев басқарады

0 706

Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің өкілеттігін тоқтататынын ресми БАҚ-тар арқылы мәлімдеді. Президент сайлауына дейін Мемлекет басшысының міндетін Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев атқарады.

Елбасы өзінің өкілеттілігі тоқтатылған жағдайда Мемлекет басшысының міндетін Қасым-Жомарт Тоқаев атқаратынын айтты. «Қазақстандағы билік сабақтастығы конституциялық тұрғыдан реттелген. Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда оның өкілеттігі қалған мерзімі аяқталғанға дейін Сенат төрағасына беріледі. Содан кейін жаңа Президент сайлауы болады. Қазір Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев» деп жалғады сөзін Н.Назарбаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Президенті қызметіне ағымдағы жылдың 20 наурызынан бастап кіріседі. Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа үндеуінде мәлім етті. «ҚР Конституциясының 42-бабының 3-тармағына сәйкес, 2019 жылдың 20 наурызынан бастап өзімнің Қазақстан Республикасының Президенті өкілеттігімді тоқтатуға қаулы етемін. Конституциямыздың 48-бабының 1-тармағына сәйкес, ҚР Президентінің қалған мерзімдегі міндеті Қазақстан халқына ант берген сәттен бастап Сенат төрағасына көшеді» деді Н.Назарбаев.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 1953 жылы туған, ұлты – қазақ. Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын, Пекин лингвистикалық институтын (КХР), Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын бітірген. Саяси ғылымдарының докторы. Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық академиясының құрметті докторы және профессоры. Женева дипломатия және халықаралық қатынастар институтының құрметті докторы. Бүкіләлемдік Жаратылыстану және гуманитарлық академиясының толық мүшесі. Дипломатиялық дәрежесі – Төтенше және өкілетті елші.
Өзінің саяси мансабын 1975 жылы КСРО-ның Сыртқы істер министрлігіне қызметке келумен бастаған. Біраз уақыттан кейін Сингапурдағы кеңестік елшілікке жұмысқа ауысты. 1979 жылы КСРО СІМ-нің аппаратына қайтып оралды. 1984-1991 жылдары Бейжіңдегі елшілікте екінші, бірінші хатшы, кеңесші болып қызмет етті. 1992 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары болып тағайындалды. 1999 жылдың наурыз айында Премьер-министрдің орынбасары болды. Сол жылы қазан айында Үкімет басшысы қызметіне тағайындалды. Осы қызметті 2007 жылға дейін атқарды. Одан әріде Мемлекеттік хатшы, Сыртқы істер министрі, үшінші, төртінші сайланымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы болды.
БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры, Қарусыздандыру конференциясының Бас хатшысының қызметінен 2013 жылғы 16 қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Парламент Сенатының депутаттығына тағайындалып, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы болып сайланды.
2017 жылғы 14 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының отырысында Президенттің ұсынысы бойынша жасырын дауыс беру арқылы Қасым-Жомарт Кемелұлы ТОҚАЕВ Қазақстан Рес­публикасы Парламенті Сенатының Төрағасы болып қайтадан сайланды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды