«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Елді елең еткізген

0 193

Соңғы уақытта өзінің пікірін жиі алмастырып, тез өзгеріп кете беретін қылығымен әлем жұртшылығына танылып қалған АҚШ президенті Дональд Трамп кеше тағы аунап түсті. Соның алдында ғана КХДР лидері Ким Чен Ын мырзамен 12 маусым күні Сингапурде өткізілетін болып алдын ала белгіленіп қойылған кездесуінен бас тартатынын мәлімдеп үлгерген ол енді бұл келіссөздің айтылған мерзімінде өткізілуі мүмкін екенін айтып отыр. Осыған орай, АҚШ делегациясы келісіп алу үшін Кореяға ұшып кетсе, Пхеньян кездесуді дайындау үшін өз адамдарын Сингапурге жөнелтті.
Соңғы бірер күнде жаһан жұртының құлағын елең еткізген тағы бірқатар оқиғалар болды.

Түркия доллардан бас тарта ма?

 Түркияның президенті Реджеп Тайип Ердоған елдің тұрғындарын қолдарында бар долларларын түріктің лирасына ауыстыруға шақырды.

Анадолы жерінің билеушісі мұны ұлттық валюта бағасының түсуін тоқтату керектігімен байланыстырып, алдағы уақытта доллар мен еуроны айналымнан шығаруға бағыт ұсталатынын жеткізді.
Бұдан бұрын премьер-министр Мевлют Чавушоглу Түркия жау­ларының 2016 жылғы шілдеде елде мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекет еткен кездерінде бұған түрік лирасының бағамын түсіру жолы­мен қол жеткізбек болғанын айтқан болатын.
Түрік лирасының АҚШ долларына қатысты бағамы өткен аптада тағы арзандап, өзінің тарихи төмен деңге­йіне түсті. Қазір 1 доллардың құны 4,93 лира тұрады. Соңғы екі айда түрік валютасы бірнеше рет өзгеріске көшіп, доллар мен еуроның бұрын-соңды болмаған деңгейіне төмендеді.
Ол тек соңғы айдың өзінде ғана 15 пайызға арзандап кетті.

Берлин шеру алаңына айналды

Германияның астанасы – Берлин қаласында бұрнағы күні 25 мың адам қарсылық шарасын өткізді.

Шаһар көшелерінің бойына алдымен «Германия үшін балама» оңшыл партиясы ұйым­дастырған шеруге қатысушы 5 мың адам шықты. Олар «Болашақ Германияға тиесілі болуы керек» деген ұран көтеріп, көші-қон саясатын қайта қарауды, елді «мұсылмандандыру» үдерісін тоқтатуды талап етті.
Мұның артынша қа­ланың келесі қапталы­нан оңшыл нацис­терге қарсы бағыттағы 20 мың­нан астам адамнан құралған шерушілер тобы сап түзеді. Олар қарсыластарының нә­сілдік төзгісіздіктерін қатты айыптады. Ак­ция­ға қатысушылар қолдарына осыған қатысты ұрандар ұстап шықты. Араларындағы бірнеше мың белсенді рейхстаг алдындағы алаңмен жүріп өтті.

«Британия кешірім сұрауға тиіс»

Ұлыбритания Солсбериде ұйымдастырылған оқиға үшін Ресейден кешірім сұрауы керек. Ресейдің Британиядағы елшілігінің пресс-атташесі осындай мәлімдеме жасады.

«Ресми мәлімдемелер мен баспасөз хабарларынан жұрттың бәріне мәлім, Британия классификациясы бойынша жасалған А-234 улаушы заты Батыстың ондаған елдерінде шығарылады. Өмірдің өзі Британияның бұған Ресейді кінәлауы ешбір негізсіз екенін көрсетті» деді елшілік өкілі журналис­термен кездесуінде.
Елшілікте сондай-ақ «Британия жағының Ресей тарапынан берілген ресми сауалдарға жа­уап беретін кезі келгені» атап көрсетілді. Дипломат сондай-ақ Сергей Скрипаль мен оның қызын оқшаулауды тоқтатудың қажеттігін айтты.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды