«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Елді елең еткізген

0 145

ҚЫТАЙ МЕН АҚШ АРАСЫ УШЫҚТЫ

Қытай мен АҚШ арасында «сауда соғысы» күннен-күнге ушығып барады.

Құрама Штаттар Қытайдан келетін жалпы құны 200 млрд долларды құрайтын бірқатар тауарға баж салығының мөлшерін 10 пайызға арттырмақ. Ал алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл көрсеткіш 25 пайызға көтеріледі.
BBC-дің мәліметі бо­йынша баж салығы Қы­тайдан жететін 6 мыңға жуық тауарға енгізілмек. Олардың қатарын­да әйелдер сөмкесі, то­қыма маталар, күріш секілді өнімдер бар. Бір қызығы, жұрт арасында сұранысқа ие «ақылды сағат», балалар орынды­ғы сияқты тауарларға салық салынбайды.
Өз кезегінде Қытайдың Сауда министрі Ван Шоувэнь АҚШ-тың мұндай әрекеті тығырыққа тіреп отырғанын айтты. Бұған қоса, Аспан асты елі Америкадан импортталатын түрлі өнімдерге де салық мөлшері артатынын мәлім етті. Дегенмен Дональд Трамп мұндай жағдайда баж салығының келесі кезеңін қарастыруға мәжбүр болатынын жеткізді.

1700-ден АСА БОСҚЫН ЖОЛДА ОПАТ БОЛДЫ

Биыл жыл басынан бері Еуропаға Жерорта теңізі арқылы 80 мыңнан астам босқын бас сауғалап келді. Алайда олардың 1700-ден астамы жолда опат болыпты.

«ҚазАқпарат» агенттігінің хабарлауынша, бұл мәліметті Халықаралық көші-қон ұйымы мәлім еткен. 23 қыркүйек күнгі жағдай бойынша Еуропаға жалпы саны 80602 болатын босқындар мен мигранттар қоныс аударса, 35,7 мыңы, яғни 44 пайызы Испанияға барыпты. Бұл көрсеткіш бойынша 23 мың адамға пана болған Грекия екінші орынға, ал 21 мыңын қабылдаған Италия үшінші орынға табан тіреді.
Халықаралық көші-қон ұйымы биыл мигранттар саны өткен жылдарға қарағанда едәуір азайғанын хабарлады. Мәселен, былтыр осы уақытта кәрі құрлыққа 133 мыңнан аса адам қоныс аударса, 2016 жылғы көрсеткіш 320 мыңнан асыпты.

ТҮРКИЯҒА ТРАМПТЫҢ БҰЙРЫҒЫ ЖҮРМЕЙДІ

Анкара Вашингтон қойған талаптан бас тартып, Ираннан табиғи газ алуды жалғастыра бермек. Түркия президеті Режеп Тайип Ердоған Reuters агенттігіне берген сұхбатында бұған АҚШ тарапы қоюы мүмкін санкциялар да әсер етпейтінін мәлімдеді.

Сөз арасында ол Американың мұндай талабы бұрынғы президенті Барак Обаманың кезінде де болғанын, бірақ мұндай шиеленіске жетпегенін айтып қалды.
Оның айтуынша, Ан­кара ірі көлемде таби­ғи газ импорттайды. Нақтырақ айтқанда, 50 па­йыз газ Ресейден жеткізілсе, қалған бөлігі Әзербайжан, Иран және Ирак елдерінен келеді. Сондықтан бірінші кезекте АҚШ басшысы Дональд Трамптың емес, түрік елінің жағдайы басты назарға алынады.
Айта кетейік, Дональд Трамп АҚШ-тың Иранмен «ядролық келісімнен» шыққаннан кейін 4 қарашадан бастап Тегеранға салынатын санкция күшейтілетінін хабарлады. Бұған қоса, өзінің одақтастарына Ираннан табиғи газ импорттауға тыйым салды.

Аян ӘБДУӘЛИ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды