«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Елді елең еткізген

0 148

КОРЕЙЛЕРДІҢ БАСЫ ҚОСЫЛДЫ

Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Ин Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынмен кездесу үшін Пхеньян қаласына барды.

Қос ел арасында өткен саммитте корей түбегін ядролық қарудан арылту мәселесі қаралды. Ким Чен Ын саммит барысында Тончхандағы ядролық полигонды жабуға, ал Йонбендегі нысанды толықтай демонтаж жасауға уәде берді. Бұл жұмыс шетелдік мамандардың қатысуымен жүзеге асырылмақ. Бұған қоса шиеленісті азайту үшін бірлескен әскери комитет құрылатыны белгілі болды. Оның құрамына екі елдің әскери қолбасшылығының өкілдері енеді.
Сонымен қатар, биылдан бастап қос Корея арасында көлік және пойыз жолы салынатыны белгілі болды.
Соңғы он жылда Мун Чжэ Ин Солтүстік Корея­ға алғаш рет ресми сапармен барып отыр. Ал жыл басынан бері екі ел басшысы үшінші мәрте кездесіп тұр.

 КӨНЕ ҚАЛАНЫҢ ҚҰНЫ – БІР ПӘТЕР

АҚШ-тың Джорджия штатында орналасқан Тумсборо қаласы толығымен сатылымға қойылды.

Сатып алушы тұрғын үйлерден бөлек мейрамхана, қонақ үй, диірмен, тіпті жеке опера театры секілді ғимараттарға ие болды. Мұның сыртында бірнеше құрылыс орындары, банкет залы, шаштараз, 1869 жылы салынған теміржол депосы, ескі банк ғимараты, жасанды тоған бар.
Craigslist сайтының хабарлауынша, Тумсборо қаласының құны 1,7 млн долларды құрайды. Бұл АҚШ-тың Нью-Йорк секілді ірі қалаларындағы элиталы аудандарында орналасқан бір пәтердің құнына тең. Сатушылардың айтуынша Тумсбороны музыкалық фестивальдар өтетін немесе фильмдер түсіру орны ретінде пайдалануға қолайлы.
Бір айта кетерлігі, Тумсборо XIX ғасырдың екінші жартысында теміржол депосы маңайында салынған. Оның жалпы аумағы 4,9 мың шаршы шақырымды құрайды.

ТАНЗАНИЯДАҒЫ АПАТ:  80 АДАМ ОПАТ

Бұрнағы күні Африканың Танзания мемлекетінде паром аударылып, көп адам опат болды.

Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, жолаушылар тасымалдайтын паромы Танзания, Кения және Уганда елдері аумағын алып жатқан Виктория көлінде кенет апатқа ұшыраған.
Сөйтіп, осы өңірдегі ең ірі тұщы су қоймасы талай жанды түбіне қарай тартып әкетті. Танзания­ның Мванза аймағының губернаторы Джон Монгелла апаттан 79 адамның қаза тауып, 37 адам құтқарылғанын хабарлады. Соңғы мәлімет бойынша, ондаған адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында.
Оқиға кезінде паромда нақты қанша адам болғаны әзірге белгісіз. Мұндай паромдарда көп жағдайда адам лық толы болады және ол жүздеген жолау­шы тасиды. Болжам бойынша, паром апатқа ұшырарда 300-ден астам адамды тасымалдап бара жатқан.

Аян ӘБУӘЛИ

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды