«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Елді елең еткізген

0 167

ҚОС КОРЕЯ ОЛИМПИАДАНЫ БІРГЕ ӨТКІЗУІ МҮМКІН

Сеул мен Пхеньян 2032 жылы өтетін Олимпиада ойындарын бірігіп өткізуі мүмкін.

Yonhap агенттігінің хабарлауынша, Оңтүстік Корея тарапы Солтүс­тіктегі көршілеріне Олимпиада ойындарын бірігіп өткізу туралы ұсыныс жасамақ. Бұл туралы Оңтүстік Кореяның спорт министрі До Чон Хван мәлімдеді.
– Мен бұл ұсыныс­ты Корей түбегіндегі жағдайды реттеу үшін ұсынғалы отырмын. Сеул мен Пхеньян бұл ойындарды бірігіп өткізуі мүмкін, – деді министр.
Оның айтуынша, би­ыл­ғы Пхенчханда ұйым­дастырылған қысқы ойындарға КХДР-дың қатысуы Корей түбегіндегі шие­леністі азайтты. Бір айтарлығы, осы жылы қысқы Олимпиадаға хоккейден қос елдің қыздар құрамасы бірігіп шыққан болатын.
До Чон Хван тек қысқы ойындармен шектелмейтінін, 2030 жылы футболдан өтетін әлем чемпионатын Қытай, Жапония және Солтүстік Корея елдерімен бірігіп өткізу жоспарда барын айтты. Осыған дейін спорт министрі Токиода ұйымдастырылғалы отырған жазғы Олимпиадаға Солтүстіктегі көршілерімен бір команда шығаруды ұсынған болатын.

БАЛАНЫ ҚҰТҚАРЫП, АЗАМАТТЫҚ АЛДЫ

Францияға Мали елінен қоныс аударған Мамуду Гассама есімді босқын жұрттың ыстық ықыласына бөленді. Ол осыдан бірнеше ай бұрын көп қабатты тұрғын үйлердің біріне өрмелеп шығып, балконнан құлайын деп тұрған бүлдіршінді құтқарып қалған болатын.

 Осы оқиғадан кейін ел президенті Эммануэль Макрон «өрмекші» жігітті Елисей сара­йында қабылдап, бүкіл Франция халқының атынан алғыс айтқан. Жақында Мамуду Гассамаға Франция азаматтығы берілді.
– Ол батылдығының, ержүректілігінің арқасында үлгі боларлық қадамға барды, – деді Францияның премьер-министрі Эдуард Филипп.
Айта кетейік, 22 жас­тағы босқын өткен жылдың қыркүйек айында Мали елінен заңсыз көшіп келген.

ЕҢ КӨНЕ СУРЕТ ТАБЫЛДЫ

Ғалымдар әлемдегі ең көне суретті анықтады. Ол Оңтүстік Африка Республикасындағы Бломбос үңгірінде 73 мың жыл бұрын салынған екен.

 Археологтар микроскопиялық және химиялық зерттеу жүргізіп, нәтижесінде суреттің арнайы әзірленген бояумен да­йындалғанын анықтады. Бұған қоса, суреттің толық күйде сақталмағаны да белгілі болды.
– Бұл сурет сол кезеңдегі халықтың тұрмысынан сыр шертіп тұр. Туындыға мән беріп қарасақ, бәріне түсінікті белгіні байқауға болады. Сондай-ақ, суреттің келесі бір тұсы үзіліп қалғанына қарап, толық сақталмағанын анықтап отырмыз, – деді археолог Кристофер Хеншилвуд.

Аян ӘБДУӘЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды