Елді елең еткізген

0 105

АҚШ кеше Ресейге қарсы санкциялар ауқымын кеңейтті. Оның шеңберіне бірқатар компаниялар мен жекелеген азаматтар түсіп қалды. Вашингтон бұдан бөлек, Ресейдің елдегі жүздеген миллион долларына тұсау салды. Бірақ Мәскеу бұдан айы­лын жия қойған жоқ. Ол Штаттарға қарама-қарсы санкция салатынын жария етті. Осы екі ортада Сербия АҚШ-тың талабымен Ресейге санкция қоймайтынын мәлімдеді. Ал Иран өзінің тарихындағы тұңғыш истребителін жасап шығарды. Қытай сауда жөнінде келіссөз жүргізу үшін АҚШ-қа делегат аттандырды. Венесуэла азық-түлік бағасын ырықтандыру саясатын қолға алды.

БАЛАСЫНАН БАС ТАРТТЫ

Шешенстан тұрғыны Рамзан Мусаев жергілікті полицейлерге шабуыл жасауды ұйымдастырған ұлынан бас тартты.

Оқиға бұдан үш күн бұрын Шали ауданында орын алды: жастары 11-18 аралығындағы бірнеше жасөспірім дүйсенбі күні «жұртты дүрліктіретін қылмыс» жасау үшін жергілікті ішкі істер бөлімінің қызметкерлеріне қару ала жүгірген. Олардың бәрі ұрыс барысында атып өлтірілді. Біреуі өзін-өзі жармақ болып, жарылыс жасағаннан кейін ауыр жарақат алып, ауруханада жан тәсілім етті.
Осы жас лаңкестерді айтақтап жүрген Рамзан Мусаевтың ұлы Магомед болып шықты. Ол бұдан бұрын өзіне күдік түскенде әкесі ара түсіп, алып қалған. Бірақ әке айтқанында тұрып, баласын адал жолға қайта сала алмады. Сондықтан ол қаскөй ұлынан ресми түрде бас тартуға мәжбүр болды.

БАЮ ДЕГЕН ДЕ БІР СӘТТЕ ЕКЕН

Бельгия тұрғыны еуропалық EuroMillions лотереясынан 107 млн еуро ұтып алды.

Елдің тұрғындары осы ойынның арқасында жыл сайын миллионерлер қатарын бірер адамға көбейтіп келеді. Осылайша, мәселен, 2016 жылғы қазанда Брюссельде көше сыпырушы болып жүрген бір жігіт EuroMillions джекпотынан 168 млн еуро ұтып, аяқ астынан миллионер болып шыға келді. 2017 жылы мұндай бақытқа екі адам қол жеткізді. Олардың бірі лотереядан 153 млн ұтып алса, екіншісі 23 млн еуроны қалтаға салды.

68 ЖЫЛҒА СОЗЫЛҒАН ҮЗІЛІС

Оңтүстік Кореяда тұратын Ли Кеум-Сеом есімді кейуана әйел өз ұлымен 68 жылдан кейін кездесті.

КХДР азаматы Санг Чел туған анасымен кездесуге 20 тамызда екі Кореяның келісімімен өткізілген «туыстар кездесуі күнінде» қол жеткізді.
Кездесу Солтүстік Кореяның оңтүстік-шығыс жағалауындағы Маунт-­Кумган курортында өтті. Оған Қызыл Крест қоғамының қызметкерлері қатысты.
Ресми ақпарат көздері 92 жастағы Ли Кеум-
Сеомның ұлын соңғы рет 4 жасында көргенін мәлімдейді. Бұл отбасы 1953 жылы Корея соғысы кезінде екіге бөлініп қалған екен.
Кездесуде Санг анасымен кездесуге сол жақта өзімен бірге қал­ған өз әкесінің суретін ала келіпті.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды