«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Елді елең еткізген [19 маусым]

0 251

ВАШИНГТОН ПХЕНЬЯНҒА ТАЛАП ҚОЙДЫ

Мұны көп күтудің орайы келген жоқ. Вашингтон өзінің Пхеньяннан талап ететін нәрселерінің тізімін жариялады.

Сингапурде 12 маусым күні өткен АҚШ президенті Дональд Трамп пен КХДР мемлекеттік кеңесінің төрағасы Ким Чен Ынның тарихи кездесуінен кейін екі жақ аз да болса бір мәмілеге келгендей көрінген. Арада 5 күн өткеннен кейін АҚШ КХДР-ға 47 позициядан тұратын талаптарын ұсынды. Олардың арасында ұсақ-түйек нәрселерден бастап, ядролық қарудан біржола бас тартуға дейінгі мәселелердің бәрі бар. Жапонияның сыртқы істер министрі Таро Кононың айтуынша, КХДР лидері Корей түбегін залалды қарудан толық азат етуге келісім берген. Алайда АҚШ әкімшілігі бұл үдерістің шеңберінде тек ядролық қана емес, сонымен бірге жаппай қырып-жоятын қарудың барлық түрі, баллистикалық ракеталар мен тиісті нысандар жойылуы керек деп есептейді. «Егер талап орындалмаса, Солтүстік Кореядан санкциялар алынбайды» деді жапон министрі. Тағы бір сарапшылар мұнда «іс жүзінде Иранға жасалған сценарий қайталанып» жатқанын алға тартты. «Шын мәнінде бұл – дәл сондағыдай Солтүстік Кореяға жасалған ультиматум» деді сарапшы Франц Клинцевич.

ПОЛИЦЕЙЛЕРДІ ҚАҚҚАНЫ ҮШІН – ӨЛІМ ЖАЗАСЫ

Иранда үш полицейді басып өлтірген автобус жүргізушісі кеше жұрт алдында дарға асылды.

Оқиға Тегеранда сопылар бас көтеріп, тәртіпсіздік орын алған кезде болған. Прокуратураның дерегіне сәйкес, Мохаммад Салас есімді автобус айдаушы ақпан айында қатты ашу үстінде келе жатып, Пасдаран көшесінің бойында құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қасақана тап берген. Бұдан бұрын хабарланғандай, сопылық «Дервиши Гонабади» органы мүшелерінің қатысуларымен орын алған тәртіпсіздік барысында бес құқық қорғаушы қаза тапса, үшеуінің ажалы айтылған жүргізушіден келген. Бұдан басқа, тағы 30 полицей дене жарақатын алған. Қарсылық қозғалысы діни орденнің лидері Нурали Табанде қамауға алынғаннан кейін басталып кеткен.

МИГРАНТ МӘСЕЛЕСІ МИНИСТРДІ АШЫНДЫРДЫ

Германия сыртқы істер министрі Хорст Зеехофер дүйсенбі күні канцлер Ангела Меркельге ультиматум қойды.

Аталмыш тұлға сонымен бірге Меркель есепте тұратын және оны канцлер етіп сайлаған Христиан-социалды одағын (ХСС) басқарады. Сондықтан үкімет басшысына қандайда бір мәселе жөнінен де талап қоя алады. Бұл жолы оның әңгімесі жасырын миграцияға қарсы әрекет турасынан қозғалыпты. Bild басылымының жазуынша, Зеехофер жалпы еуропалық босқындар проблемасын шешу үшін Меркельге екі апта мерзім беріпті. ХСС-тегілер Еуроодақтың жақын арадағы саммитінде канцлер шетелдік әріптестерімен мигранттардың теңізден рұқсатсыз жүзіп өтіп, келе берулеріне тосқауыл қоюда ымыраға келе алады деп есептеп отыр. Бұлай болмаған жағдайда ЕОның басқа елдерінде тіркелген мигранттардың Германия жерінен күштеп шығарыла бастайтыны, ал жаңа толқын келуіне жол берілмейтіні айтылған. Зеехофер бұл үшін федералды полицияға шекараны бақылауға алуды күшейтіп, Германия аумағынан баспана беруге жатпайтын босқындарды шығара бастауды міндеттеу керек деп есептейді.

Серік ПІРНАЗАР

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды