Елбасының елеулі бағдарламасы

0 72

Елордада «G-Global – жаһандық коммуникациялардың жаңа форматы» атты сараптамалық форум өтті. Елбасының тың бастамасын негізге алған шарада серпінді ойлар айтылып, маңызды мәселелер көтерілді. Жиын соңында «Экономикалық зерттеу институты» АҚ-ның президенті, «Ұлттық талдама орталығы» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі, профессор Арыстан Есентүгеловті әңгімеге тартып, тілдескен болатынбыз.

– Арыстан Есентүгелұлы, Президентіміздің G-Global бағдарламасы біздің қоғамда кеңінен талқыланып, қолдау табуда. Бастаманың маңыздылығына тоқталып өтсеңіз.

– Әлемдік экономика түбегейлі өзгерді. Ал, оған қатысты институттар өзгермей қалды. Қазіргі уақытта ең басты мақсат осы институттарды өзгерістерге сай бейімдеп, инфрақұрылымдарды өзгерту керек. Сондықтан, осы тұрғыда G-Global өте батыл шешімдер ұсынып, дер уақытында көтеріліп отыр. Өйткені, бұны әлі ешкім де көтерген жоқ.

– Дағдарыс әлемнің алпауыт елдерін алқымнан алуда. Осы форумның негізгі тақырыбына айналған бастаманы неге өзімізден тәжірибеден өткізбеске?..

– Қазір кез келген мемлекет жаһаннан тыс өз күшімен дағдарыстан шыға алмайды. Дағдарыстан шыққанменен қайтадан кіре береді. Сондықтан көп мәселелер әлемдік деңгейде шешілуі керек. Міне, Қазақстан мемлекеті, Елбасымыз жаһандық бастама көтерді. Қазіргі уақытта әлемнің түкпір-түкпірінде бұл ұсыныс талқылана бастады. Бұл оның пайдалылығын, дер кезінде қозғалғандығын көрсетеді. Егер әлемдік институттарды өзгеріске ұшыратпасақ, инфрақұрылымдарымызды бейімдемесек, біз еш уақытта да дағдарысты еңсере алмаймыз.

– Шара барысында басқа да игі, мақсатты, маңызды ойлар, ұсыныстар айтылған болар?

– Қазақстанның әлем қауымдастығына ұсына алар тәжірибелері жетерлік. Соның бірі – Жаңа индустрияландыру Президенттік бағдарламасы. Қазақстанның индустрияландыру тәжірибесі өте үлгі тұтарлық дүние. Өйткені, мұнайға сене беруге болмайды. Сондықтан, экономиканы әртараптандыру – қазіргі уақыттың талабы. Оның бер жағында ең маңыздысы – қазір алға түсіп отырған қаржылық сектор. Дағдарыс та содан басталады, даму да содан басталады. Үкіметтің қолға алып отырған басты мәселесі – қаржылық саланы қалай реформалау қажет, қалай өзгерістерге бейімдеу керек, қалай жолға қою керек. Бұл ұзақ жүретін үдеріс, қысқа уақытта шешілетін іс емес. Бүгін соны көтерудеміз.

Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 1 =