ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫН ОҚУДАН БАСТАДЫ

0 226

e5477da3b9a20f499e83914fe27

Кеше «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Сапар Ахметов №78 мектеп-гимназияның ашылу салтанатында бірінші сынып оқушыларымен бірге мектеп ауласында ағаш отырғызды. Бұл рәсімнен соң оқушылар «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты сынып сағатына қатысты.

Айсұлу Сейдахметова жетекшілік ететін 1 «в» сыныбына кіріп шықтық. 32 оқушы оң қолдарын жүрек тұсына қойып, ҚР Әнұранын орындады. Отан, Ата заң, Елбасы туралы өлеңдер оқылды. Ең бастысы, мұғалімнің қойған сұрақтары жауапсыз қалмады. Балалар зор құлшыныспен тақтаға шығып, Мемлекеттік рәміздердің авторларын атап, мән-мағынасын ашып, суреттеп берді. Сондай-ақ, мектепте қалай жүріп-тұру керек екендігін де білетін болып шықты.

Енді, мектеп жаңалығына көшелік. «1200 оқушыға арналған мектептің оқу кабинеттері жаңа заманға сай техникалық құрылғылармен жабдықталған. Сондай-ақ, технология сабағына қажетті ағаш өңдеу, іс тігу шеберханалары да бар. Оқу ордасына «Жағалау» тұрғын үй кешенінде, мектеп аумағындағы шағын аудандарда тұратын оқушылар қабылданып жатыр. Алыс жерлерде тұратын оқушыларды тасымалдау үшін 4 автобус бөлініп отыр» дейді Білім басқармасының бөлім басшысы Мәдина Тасжанқызы. Ал, №78 мектеп-гимназияның директоры Жанар Жұмабекованың айтуынша, оқуға әзірге бар-жоғы 255 оқушы қабылданыпты. 45 мұғалімнің 25-ін колледж, жоғары оқу орындарын үздік тәмамдаған жас мамандар құрайды. Жаңа білім ордасы 1-сыныптан ағылшын, неміс, француз тілдерін, ал 5-сыныптан бастап Қазақстан тарихы пәні тереңдетіп оқытатын гуманитарлық бағыттағы мектеп-гимназия болмақ.

Мәдина ЖАҚЫП

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

ten − 4 =