Елбасы және елорда

0 206

Биыл – Алаш жұрты, Қазақ елі үшін ерекше мерейлі жыл. Тәуелсіз мемлекет атанған Қазақстан 30 жылдық белесіне шықты. Бұл, тарих безбеніне салсақ, көп уақыт емес, десек те дербес мемлекет ретінде дамудағы сындарлы жылдар болғаны айқын. Жыл санап тарих қатпарына айналып бара жатқан сол жылдар Қазақстан елі үшін, қазақ халқы үшін ғасырға татитын тарихи оқиғалармен өрнектелді. Солардың ішінде егемен еліміздің, тәуелсіз мемлекетіміздің тарихындағы алтын әріппен жазылған ақжолтай оқиғаның бірегейі жаңа астанамыздың салынғаны болса керек. Бұл жоба, бұл көш ұлттың мерейін ұлықтады, халықтың рухын көтерді.Тарихтың қатал талабы осындай

Бүгінгі мақала тәуелсіздігіміздің тұғырына айналған жаңа астанамыз жайында болған соң, осы қаланың негізін қалаған Нұрсұлтан Әбішұлының бір сұхбатында берілген жауаптарынан үзінді жариялауды жөн көрдім.
«…Астананың алғашқы авторы – тәуелсіздік. Қазақстан тәуелсіздік алмаса, Астана өмірге келмес еді. Бұл басы ашық жай.
Астананы көшіру Қазақстанды жас тәуелсіз мемлекет ретінде орнықтыруда зор рөл атқаратынына сенімді болдым.
Тәуелсіздік – қасиетті ұғым. Ел қатарлы Одақтан бөлініп шыққаннан, тәуелсіздік алғаннан, Біріккен Ұлттар Ұйымына қабылданғаннан, Туды, Гимнді, Гербті бекіткеннен ел бірден шын мәніндегі тәуелсіз мемлекет бола қалмайды. Шынтуайтында, жаңағы жайлардың бәрі – кез келген мемлекеттің міндетті атрибуттары. Тәуелсіздіктің басты белгісі – өзіңнің тағдырыңды өзің шешуге қабілеттілігің. Тәуелсіз саясат жүргізе алуың. Соған шамаңның жетуі, мүмкіндігіңнің келуі. Еуразияның қақ ортасында біз орнатқан Астана – Қазақстан халқының дербес таңдауы. Астана – елдің болашаққа салған көпірі. Жаңа қоғамның символы. Біз іс жүзінде жаңа мемлекет орнатуды астанамызды жаңадан салудан бастадық десек те артықтығы жоқ».
Елбасының мына бір сөзіне зейін қойсақ, жүрек толқымай тұрмайды деп ойлаймын: «Ашығын айтайын, бұл шешімнің біздің ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қатысы бар. Мыңдаған жылдар бойы ата-бабаларымыз мекен еткен қасиетті қазақ жерінің бір бөлігін – аяулы Сарыарқаны саяси саудаға салып, дархан даламызды дау-дамайға айналдырғысы келетіндер бар кезде, солтүстіктегі шұрайлы өңірге суық көзінің сұғын қадайтындар бар кезде біз мына жылы жерде, әсем қала Алматыда тыныш отыра алмас едік.
Біз Алатаудың бауырына сыймай кеткен жоқпыз, қайта жер жәннаты Жетісуды қимай-қимай кеттік. Тарихтың қатал талабы осындай».
Иә, Елбасы ел тағдырына балаған елордамыздың бүгінгі келбетіне шаттана қарап отырып, осыдан 23 жыл бұрынғы күндерді еске алсақ, байырғы Ақмола бүгінгідей астана болады дегенге біріміз сеніп, біріміз күмән келтіргеніміз де айдай ақиқат еді. Сонау 1994 жылдың 6 шілде күні Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жоғарғы Кеңестің кезекті сессиясында мемлекет астанасын Ақмола қаласына көшіру туралы ұсынысын ортаға салғанда, бұл ұсынысқа көпшілік күмәнмен қарағандар да болған. Дегенмен Елбасының көрегендігі мен табандылығы ел мүддесімен үндесіп жатқанын түйсінгендер қатары көп кешікпей көбейе берді. Сөйтіп 1997 жылдың 10 желтоқсаны күнінен бастап Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың елдіктің келешегіне жасаған тарихи шешімі, яғни мемлекеттің астанасын көшіру туралы бастамасы ресми жағдайда жүзеге аса бастады. Алдымен Президент резиденциясын салу қолға алынды. Облыстық әкімдіктің ғимараты, бұрынғы Кеңестер үйі айналдырған алты айда қайта жарақтандырылып, Мемлекет басшысының жұмыс орнына айналып шыға келді. Ал оның жанындағы он тоғыз қабатты ғимаратқа Парламент орналасты. Есілдің сол жағалауында Үкімет, министрліктер үйлерінің де қазықтары қадалып жатты.
Ел үшін бір жағынан стратегиялық, бір жағынан ұлттық мүдделерді, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани жаңғыртуды жүзеге асыратын осы ғаламат жобаның авторы өзі болғандықтан, Нұрсұлтан Назарбаев жаңа астанаға бірінші болып өзі келген еді. Елбасының бұл қадамы пессимистердің күмәнін күлдей ұшырды.
Сөйтіп белгіленген уақытта Сарыарқаның сарышұнақ аязы буып тұрған сәтте Мемлекеттік ту, Елтаңба эталондары, Президент штандарты жаңа елордаға әкелінді. Өз көзіммен көрген осы бір тарихи шараның әрбір сәті әлі күнге дейін жадымда жатталып тұр. Президент резиденциясынан Нұрсұлтан Назарбаев бастап шыққан Парламент және Үкімет мүшелері мінберге көтерілген сәтте қалың жұрт қуана қол соғып, зор қошеметін білдірген еді. Елбасы осы бір тарихи сәттің үстінде елжіреп сөйледі. Осы сәттен бастап тәуелсіз Қазақстанның астанасы ресми түрде Ақмола қаласы болатынын жария етті. Осылайша қала тұрғындары үшін ғана емес, барша қазақстандықтар үшін тарихтың жаңа беті ашылды. Ұлт рухын сілкіндірген ұлы көш басталды.
Екі ғасырдың тоғысында орын алған қиындықтарға қарамастан мемлекеттің жаңа астанасын айқындаған Қазақстанға сол кезде бүкіл әлем қауымдастығы түрлі қөзқараспен қарағаны да жасырын емес. Бірақ жас мемлекеттің кемел келешегі, ұлттың баянды болашағы үшін осындай қадам жасауға бекінген Нұрсұлтан Назарбаев алған бағытынан айнымады. Тәуекелге бел буып, жаңа астананы, жас қаланы салуға бел шешіп кірісіп кетті.

Ақмолаға ел ағылды

Осылайша 200 мыңға жетер-жетпес тұрғыны бар Ақмолаға ел ағылды, жұрт жиналды. Әсіресе, жастар жағы жаңа астанаға көптеп келе бастады. Дәл бүгінгі таңда елорда тұрғындары 1 миллион 200 мыңнан асып отыр. Қаланың аумағы бұрын 300 мың шаршы метр жерді алып жатса, бүгінде бұл көрсеткіш үш есеге дейін ұлғайған. Бір ғана мысал айтсақ, бұрынғы қалада жылына шамамен 4 мыңға жуық сәби дүниеге келетін болса, қазіргі кезде 25 мың астаналықтың кіндігі кесіледі екен. Қазір бұл қалада 100-ден аса мемлекеттік балабақша, 300-ге жуық жеке балабақша бар.
«Қала деген – қамалдар емес, адамдар» деген тәмсілді ұстанған Елбасы мемлекет басшысы ретінде бұл қаланың қарқынды дамитынын алдын ала болжап, алғашқы құрылыстардың басында өзі болып, әрбір салынатын жаңа нысанның архитектуралық-жобалық жұмыстарына ерекше назар аударды. Түсіне білсек, қала салу деген – тәуекелді қарекет, бұл – жүздеген, миллиондаған адамның келешегіне өзгеріс әкелетін үлкен құбылыс.
Шын мәнінде, Нұрсұлтан
Назарбаев үлкен тәуекелге барғаны сөзсіз еді. Өйткені 90-жылдары астана салмақ түгілі, бұрынғы одақтас елдердің көпшілігінде «ұлы күйреуден» кейін елдің әлеуметтік тұрмыс-тіршілігін тұрақтандырудың өзі оңайға соқпай жатқан кез болатын. Алайда қазақ көшбасшысы алған бетінен қайтпады, тек келешекке көз тікті. Қазақ елінің жаңа астанасын салуға дүние жүзінің назарын аудартты. Қолда барды мүмкіндігінше пайдалана отырып, шетел инвесторларын да қызықтырып тарта білді.

Шығыс пен батыс жауһары

Сол бір сындарлы кезеңді Нұрсұлтан Әбішұлы «Еуразия жүрегінде» атты кітабында былай деп еске түсіреді: «Жаңа астана салу конкурсқа айтулы сәулет державаларынан және бұл тұрғыда әлемге жайылған атақтары бар: Жапония, АҚШ, Австралия, Италия, Франция, Германия, Ресей, Финляндия, Корея, Болгария, Пәкістан, Польша, Чехия, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан және Латвия сияқты елдерден 50-ден астам жоба түсті. Барлық жобалар Конгресс-холға қойылды, сөйтіп олармен әркімнің танысуына толық мүмкіндік туды. Ұсыныстар топтамасының ішінен халықаралық конкурстың шарттары мен талаптарына жауап бере алатын 27 жобалық әзірлеме беделді қазылар алқасының қарауына іріктелді. Сөйтіп конкурс қорытындысы бойынша Қазақстанның жаңа астанасын салудың бас жоспары ретінде заманымыздың аса көрнекті сәулетшілердің бірі – жапон концептуалисі Кисе Курокаваның жобасы қабылданды».
Әлемдік сәулет өнері тарихында өзіндік қайталанбас қолтаңбасымен танылған, Амстердам қаласындағы Ван Гог мұражайы, Куала-Лумпурдың халықаралық әуежайы, Осака қаласының Ұлттық экологиялық мұражайы, Болгариядағы «Витоша» қонақүйі, «Сони» корпорациясының мұнарасы сияқты жобалардың авторы, атақты жапон архитекторы Кисе Курокава Астана бас жоспарының бас сәулетшісі атанды. Курокаваның бас жобасы бойынша астананың архитектуралық ансамблі қазіргі заманның еуропалық және азиялық сәулет өнері жетістіктерімен үндесті. Атақты сәулетші идеясының мәні қала құрылысы мен табиғи экологиялық жүйенің үйлесімдікпен дамуы болып саналды. Қала құрылысы доктринасының нақ осындай үлгісі тұңғыш рет Астана қаласы құрылыс алаңдарында тәжірибе жүзінде іске асырыла бастады. Осылайша Қазақ елінің жаңа астанасы әлемдік архитектуралық ақыл-ойдың тәжірибе алаңына айналды. Астаналық архитектуралық ансамбльде шығыс сәулет өнерінің жауһарлары мен батыс сәулетшілерінің батыл идеялары жарқырай көрініс тапты. Бас қаланың бас жоспарын жапондық сәулетші Кисе Курокава жасаса, қаланың архитектуралық әсемдігін әспеттеген «Пирамида» мен «Хан Шатыр» сауда және ойын-сауық орталығы, сонымен қатар көркімен де, келбетімен де көз тартатын, бүгінгі таңда құрылысы аяқталып қалған «Абу-Даби Плаза Астана» кешені атақты ағылшын архитекторы Норман Фостердің шығармашылығынан туындаса, ал «Қазақстан» концерт залы италиялық сәулетші Манфреди Николеттидің қолтаңбасы болып табылады.

Норман фостер қолтаңбасы

Лондон қаласындағы атақты Mіllennіum Brіdge ғимаратын, Пекиндегі әлемдегі ең ірі әуежай құрылысын салған ағылшын сәулетшісі, бүгінгі әлемдік архитектуралық ақыл-ойдың көшбасшыларының бірінен саналатын Норман Фостер Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясымен жүзеге асырылып жатқан Қазақ елінің жаңа астанасының құрылысына үлкен шабытпен келді. Ол ғасырлық құрылыс алаңына келіп, Президенттің тікелей тапсырмасымен бас қаламыздағы Бейбітшілік және келісім сарайының ғимаратын тұрғызды. Сондай-ақ әзірге сәулет өнерінде баламасы жоқ «Хан Шатыр» ғимарат кешенін салды. Астанада бой көтерген Бейбітшілік және келісім сарайының құрылысы туралы ұлыбританиялық архитектура сыншысы Хью Пирман өзінің пікірін былай білдірген еді: «Әлем пирамидасы дала төсіндегі жаңа елордада салынатын орасан зор пирамида, ол қазіргі заманғы әлем кереметінің бірі бола алады. Ғимарат бүкіл әлемдегі бейбітшіліктің, зорлық-зомбылықтан бас тартудың, адамдардың сенімі мен теңдігін нығайтудың нышаны болады деп жоспарлануда. Осындай ғимарат салуға тапсырыс беру үшін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев болу керек». Шын мәнінде, осы бүгінде ел ішінде «Пирамида» аталып кеткен Бейбітшілік және келісім сарайында Елбасының бастамасымен дүние жүзінде баламасы жоқ іс-шаралар өтті. Бүкіл әлемдегі дін басшылары осы сарайда қатар отырып, дүние жүзіндегі бейбітшілік пен келісім туралы мәмілеге келді, қазақ жерінен жер-жаһанға үндеу жариялады.
Елордамыздың сәулеттік жағынан дамуына қатысты отандастарымыздың да ақжарма сөздері аз айтылған жоқ. Мемлекеттік сыйлықтың иегері Шота Уәлиханов былайша сыр шертеді: «Астана дүние жүзіндегі үздік архитектура бойынша салынып жатыр. Мұнда бой көтерген кешендер, әуелі, әлемдік сәулет өнерінің жаңа туындалары болса, екіншіден, қазақ халқының арман-мұратын бойына сіңірген дүниелер. Әсіресе, «Бәйтерек», «Қазақ елі» секілді алып нысандар көне тарихтан сыр шертіп тұр. Бұл – халық санасындағы қиял-ғажайыптың тірілген болмысы».

Астананың басты көрсеткіші – адамдары

Иә, осындай Елбасының жарқын идеялары негізінде салынған елордамыздың келбеті жылдан-жылға жаңарып келеді. Бұл ретте, әрине, бірінші кезекте құрылыс саласы ойға оралады. Қала тұрғындарының саны артқан сайын әлеуметтік мәселенің алға шығатыны анық. Мектеп керек, балабақша керек, емхана мен аурухана керек… Міне, осының бәрі қаражатты, жұмыс күшін қажет ететіні заңдылық. Осы орайда отандық және шетелдік инвестицияны тарту керек. Бұл орайда елорда әкімдігі тарапынан тиянақты жұмыс жүргізіліп жатқаны сөзсіз. Мәселен, соңғы 4 жылды алып қарар болсақ, Нұр-Сұлтан қаласында 2018 жылы 1100 пәтер, 2019 жылы 2900 пәтер, 2020 жылы 7000 пәтер пайдалануға берілсе, 2021 жылы 10000 пәтер беру жоспарланған. Сондай-ақ биыл 16 мектеп салынатын болды. Бұл қосымша 40 мың оқушыны қабылдауға жарайтын болады. Бірнеше балабақшалар құрылысы жүргізіліп жатыр.
Бүгінгі таңда қаланы газдандыру жұмысы қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазір қала бойынша 300 километр газ тарату желілері салынды. Бірқатар тұрғын алап тұрғындары бүгінде газдың игілігін көріп отыр. Иә, бүгінгі астанамыз әлемдік сәулет өнерінің үздік үлгілерімен үкіленген зәулім ғимараттары бірінен соң бірі бой көтерген зәулім шаһарға айналды. Президент резиденциясы «Ақорда», Парламент және Үкімет үйі, Тәуелсіздік сарайы, «Бәйтерек» монумент-кешені, Қазақ елі алаңы, «Бейбітшілік және келісім» сарайы, «Астаналық цирк», «Қазақстан» концерт залы, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ драма театры, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры, Әзірет Сұлтан, «Нұр Астана» мешіттері, «Астана Арена», «Сарыарқа», «Алау», «Барыс Арена» спорт кешендері, Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Жекпе-жек» сарайы, «Хан Шатыр», «Керуен», «Mega Silk Way» сауда-ойын-сауық орталықтары, «Абу-Даби Плаза Астана», «Астана ЭКСПО», «Мәңгілік ел» секілді нысандар бүгінде елордамыздың сәулеті мен дәулетін айшықтап тұр.
Бүгінгі Нұр-Сұлтан бар қазақтың бас қаласы ғана болып қоймай, Орталық Азиядағы саяси-экономикалық, мәдени-рухани тұрғыдан стратегиялық орталыққа да айналып отыр. Елордамызда Елбасымыздың бастамасымен әлемнің маңдайалды саясаткерлері мен кәсіпкерлері, ғалымдары мен өнер қайраткерлерінің қатысуымен өткен форумдар халықаралық қоғамдастықтың жоғары бағасын алғанын талай жаздық. Астана төрінде өткен
ЭКСПО халықаралық көрмесі, ОБСЕ саммиті, Азия ойындары және басқа да орасан тарихи шараларға бүкіл әлем көз тіккені сөзсіз еді.
Жалпы астананы еліміздің орталығына көшіру мемлекетіміздің халықаралық қоғамдастық арасында бәсекелестікке төтеп бере алатын, кемел келешекті көздеген, өркениетке ұмтылған елге айналғанын айқындады. Қазақ ұлты ретінде, дербес мемлекет ретінде әлемге танылдық. Әрине, ол кезеңде жаңа астана елдігімізге де, Елбасыға да сын болғаны сөзсіз. Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа астанамызды ресми таныстырған салтанатты мәжілісте «Бүгінгі күні басымды иіп, адал перзенттік жүрегіммен: Садағаң кетейін, айналайын халқым. Сенің мүддең жолында бойда қуат, ойда нәр – бәрін аянбай сарп етуге пейілмін дегім келеді» дегені жаңа астананы тәуелсіздігіміздің тірегіне, Отанымыздың жүрегіне балағаны анық. Сондықтан да бүгінгі елордамызды әлем жұрты да, барша қазақстандықтар да Нұрсұлтан
Назарбаевпен байланыстырып айтады.

Арман ақиқатқа айналды

Құдайға шүкір, кезінде біреуге жалған болған, біреуге арман болған астана бүгінгі таңда халықаралық қауымдастық таныған, мойындаған қалаға айналды. Елбасымыздың асқақ мақсаты орындалды. Астанамыз жыл өткен сайын сәулеті мен дәулеті өркендеп, барша қазақстандықтардың бас ордасына айналды. Астаналықтар саны миллионнан асып жығылды. Сондықтан да біз бүгін Қазақстанның дамуына серпін берген жаңа елордамыздың авторына ризашылық сезіммен «Астана – Елбасының ерлігі» деп айтамыз. Елорда мен Елбасы егіз ұғымға айналды. Ел үшін де, Елбасы үшін де, елорда үшін де марқайып жүретін болдық.
Олай болса байтақ даланың төсіндегі арман қала асқақтай берсін демекпіз. Мәңгілік елдің тарихына «Елорда салған ер қазақ» болып жазылған Нұрсұлтан Әбішұлы мен еліміздің жүрегіне айналған елордамыздың мерейлері үстем бола бергей! Елбасы бір сөзінде «Жаңа астана – ежелгі қазақ жерінің төрі» деген еді. Олай болса біз жаңа астананың тұрғыны ретінде бұл тарихи оқиға үшін мақтануымыз керек. Жай мақтанып қана қоймай, астаналық деген абыройлы атаққа сай болғанымыз абзал. Астаналық менталитетімізді қалыптастырғанымыз жөн. Осындайда француздардың «Парижді астана жасайтын париждіктер емес, париждіктерді астаналық жасайтын Парижі» деген осы бір тәмсіл сөзі еске түседі. Демек, біздің де астаналық тұрғындарымыздың мәдениетін тәрбиелейтін қаланың ортасы, келбеті, рухани ахуалы болмақ.
Иә, тәуелсіз еліміздің тарихында алтын әріппен жазылған жетістіктеріміздің бірегейі – жаңа астанамыз, бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласы. Елдің мерейін асқақтатқан, мыңдаған қазақстандықтардың құтты мекеніне болған елордамыз шын мәнінде арман қалаға айналды. Екі ғасырдың тоғысында бой көтерген жаңа астана қаншама адамның тағдырын өзгертті, сондықтан осындай қала салуға тәуекел еткен, батыл да қажырлы еңбегі үшін қалың жұртшылық Елбасы мен елордамызды егіз ұғымға балайды.
Олай болса Ұлы даланың төсінде ұлықталған бас қаламыз Мәңгілік еліміздің тәуелсіздік тұғыры, Отанымыздың жүрегі болып соға берсін!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 + sixteen =