Елбасы үкімет басшысын қабылдады

Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-министр Асқар Маминді қабылдады

0 11

Кездесу барысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті қабылданған іс-шаралардың арқасында коронавирус инфекциясының таралу қарқыны төмендегенін айтты.– Медицина қызметкерлерінің үйлесімді жұмысын ерекше атап өткім келеді. Қиын жағдайда құқық қорғау органдары да тиімділігін көрсетіп отыр. Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар да белсенді жұмыс істеуде, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталды.
– Президенттің барлық бас­тамаларын жергілікті жерлердегі халыққа жеткізу маңызды. Мен бұл мәселеге әкімдермен телефон арқылы болған әңгіме барысында да тоқталған едім, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назар­баев қазіргі жағдайда экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттілігіне назар аударды.
– Әлемдегі экономикалық ахуал күрделі. Бірақ бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша еліміздің көрсеткіштері жаман емес. Алайда карантиннің салдары экономикалық көрсеткіштерге әлі толық әсер ете қоймағанын ескеруіміз керек. Осы орайда шағын және орта бизнесті қолдау, халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі маңызды. Қазір дағдарыстан кейінгі кезеңде не істейтінімізді ойластырғанымыз жөн. Экономика төмендеп, 2008 жылғы дағдарыстың салдарынан да ауыр болуы мүмкін, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев отандық экономиканы қолдау үшін Ұлттық қор мен Үкімет қорынан 10 мил­лиард доллардың уақытында бөлініп жатқандығын атап өтті.
Өз кезегінде Премьер-министр Қазақстанның Тұңғыш Президентіне ел аумағында коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу және әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар жөнінде ақпарат берді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eight − two =