«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Елбасы шыршасының шуағы

0 240

Кеше Оқушылар сарайында ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан Жаңа жылдық шырша өтті. Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің қатысуымен өткен мерекелік кешке 9 бен 13 жас аралығындағы 200 оқушы қатысты.

Президент шыршасына келген қонақтарды іште өлең айтып, би билеген кішкене балалар күтіп алуда, ішкі дә­лізде әр мектептің оқушылары келген қонақтарды өз өнерлерімен құшақ жая қарсы алуда. Қабырғада қыс мезгі­ліндегі Астана көріністері бейнеленген.Үлкен зал ертегідегі хан сарайындай жап-жарық, ортада зәулім шырша. Залдың төр жағында үлкен LED экрандар. Үлкен сахнада да би басталды. Бимен бірге ас­паннан «ақша қар» жауа бастады. Би біте бергенде әдемі әуен ойнап, сахнаға жүргізушілер шығады. Театр­ландырылған қойылымның басты кейіпкері биыл Қабанбай батыр болды. Балалардың қошеметімен ортаға шыққан Қабанбай батыр да бүлдіршіндерге ыстық ықыласын білдіріп, Қазақстанның тәуелсіздік алғалы бері жеткен жетістіктері, табыстары туралы жан-жақты баяндады. Елордамыз – Астана туралы әңгіме де әсерлі айтылды. Бұдан соң оқушылар ертегілер елінің қонақтарымен бірге Астанаға саяхат жасады. Кештің қоюшы-режиссері Қазақстан Республикасының халық әртісі, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыка-драма театрының көркемдік жетекшісі Талғат Теменов болды.
Сондай-ақ, еліміздің бас шыршасына арнайы шақыртумен келген балалар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын тыңдады.
– Қымбатты балалар, мен сендерді, сендер арқылы барша қазақстандық балаларды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтаймын!
Биылғы жыл бәріміз үшін айрықша жыл болды. Тәуел­сіздік арқасында біздің Отанымыз жылдан-жылға өркендей түсуде. Қазір дүние жүзі қазақ елін құрметтейді. Сендер осындай ерекше елде өсіп келе жатқан бақытты ұр­пақсыңдар. Зерделі де зерек, білімді болыңдар. Болашақтарың баянды болсын, – деген Мемлекет басшысының ақжарма тілегі әр баланың жадында ұзақ уақыт сақталып қалары анық.
Ата-анасының қамқорлы­ғын­сыз қалған балалар, ерек­ше қажеттіліктері бар бала­лар, аз қамтылған отбасынан шыққан балалар қатысқан шырша мерекесіне қала бас­шысы Әсет Исекешев те келді. Шаһар басшысы ба­ла­­лармен бірге шыршаны айналды.
Бұдан өзге мерекелік бағ­дарлама шеңберінде бала­ларды ертегі әлеміндегі ке­йіп­керлердің қатысуымен шоу-қойылымдар, жаңажылдық сыйлықтар (киім-кешек сатып алуға «H&M» дүкенінен 85 мың теңгеге сертификат), тәтті үстел (әр балаға жеке қорапта шырындар, тоқаштар, кәмпиттер, жеміс­тер), «Happylon» ойын-сауық орталығына берілетін жолдамалар берілді.
Бұдан соң бүлдіршіндер әсем шыршаның жанына қайта жиналып, жұмбақ шешті, түрлі ойын ойнады.
Сондай-ақ, балалар бұл күні «ЭКСПО-2017» Көрмесі аума­ғында орналасқан «Нұр Әлем» сферасына экскурсия жасап, естелік суреттерге түсті.

Даниел Юрекли, №66 мек­тептің 2-сынып оқушысы:
– Оқу озатымын. Әсіресе, математика пәнін қатты жақсы көремін. Мектепте ұйым­дастырылатын шараларға белсене қатысамын. Бас шыршаға келгенімді мақтан тұтамын. Кештің өтуіне мүмкіндік берген Елбасына, қала әкіміне, мектептегі ұстаздарыма ризашылығымды білдіремін.

Гүлжан РАХМАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды