«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Елбасы наградалар тапсырды

0 120

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бір топ қазақстандықтарға мемлекеттік наградалар тапсырды. Елбасы салтанатты рәсімге қатысушыларды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, бұл аса маңыз­ды тарихи оқиға жаңа Қазақстанның дамуына жол ашып, бірегей мүмкіндіктер туғызғанын атап өтті.

– Біз әлемнің озық дамыған 30 елінің қатарына қосылуды мақсат тұтқан берік әрі орнықты мемлекет құрдық. Даму жолын ұстана отырып, біз түрлі салалар мен бағыттарда зор табысқа жеттік. Бұл жетістіктерге барша қазақстандықтардың күш-жігері мен жасампаз қуатының арқасында қол жеткіздік, – деді Елбасы.
Қазақстан Президенті мемлекетіміз жыл сайын Отанымыздың гүлденуіне зор үлес қосқан азаматтарын наградалармен марапаттап, сыйлықтар тапсыратынын айтып, мұндай марапатқа ең үздіктер, кәсіби тұрғыдан биікті бағындырған және қоғам тарапынан мойындалған адамдар ғана ие болатынына тоқталды.
– Сіздер өскелең ұрпақ пен еліміздің барша азаматтары үшін аянбай қызмет етудің, еңбекті айрықша құрметтеудің және нағыз патриотизмнің жарқын үлгісі болып саналасыздар. Сіздердің жетістіктеріңіз мемлекеттің ең жоғары бағасына және халықтың құрметіне ие болуға тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы «Ақтөбе қаласындағы сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Құралай Базарбайқызы Бәйменоваға, білім беру жүйесін дамытуға мол үлес қосып келе жатқан Алина Робертовна Соловьеваға, адал еңбегі арқылы туған жерінің дамуына және өркендеуіне айтарлықтай үлес қосып келе жатқан ірі шаруа қожалығының басшысы Сайрамбай Әліқұлұлы Дөненбаевқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын тапсырды.
ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен Абай Байгенжин мен Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділді марапатталды.
Нұрсұлтан Назарбаев Астана қалалық Ішкі істер департаменті Жол-патрульдік полициясының инспекторы Азамат Балтабаевты ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапаттай отырып, қаһарман кәсібінің иелері азаматтарымыздың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету жолында әрдайым ерлік көрсетуге әзір екенін атап өтті.
Елбасы әдебиет пен өнер саласындағы жоғары марапатты Тыныштықбек Әбдікәкімовке, Ақұштап Бақтыгерееваға және Өтеген Оралбаевқа табыс етіп, азаматтарымыздың рухани тұрғыдан жаңғыруы мен шығармашылық әлеуетінің дамуы еліміздің маңызды басымдығы болып саналатынын айтты.
«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы кино әртісі С.І.Еслямоваға және «Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы» РММ аға оқытушысы Я.С.Рудковскийге берілді.
Сонымен қатар, рәсім барысында Қазақстан Республикасының әдебиет пен өнер саласындағы 2018 жылғы мемлекеттік сыйлық «Абай» операсы үшін Т.Н.Әлпиев, С.Ә.Байғожин, Ғ.А.Ахмадияровтан құралған авторлар ұжымына және «Анаға апарар жол» толықметрлі көркем фильмі үшін А.Қ.Сатаев, Ә.Н.Назарбаева, А.Б.Нөгербек, Ә.Е.Ахметовтан құралған авторлар ұжымына табыс етілді.
Қазақстан Президенті мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар еліміздің басты мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында табыс етілуінің символдық мәніне тоқталды.
– Сіздер мемлекеттің осы жоғары бағасына лайықты болып, Қазақстан халқының игілігі жолында қызмет ете беретіндеріңізге сенімдімін. Жастарымыз сіздер салған жолмен жүріп, жаңа белес­тер мен істерді бағындыратын болады. Отанымыздың қауіпсіздігі мен бақуаттылығы сіздердің қолдарыңызда! Осы жоғары әрі мәртебелі миссияға әрқашан лайық болыңыздар! – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды