ЕЛБАСЫ МЕРЕЙІ – ЕЛ МЕРЕЙІ

0 212

02 (2)Встреча с вице-президентом ОАЭ

Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен Дүниежүзілік ислам экономикалық форумы аясында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Global Islamik Finance Awards ұйымының «Исламдық қаржы бойынша жаһандық көшбасшы» сыйлығымен марапатталды.

Бұл – ислам қаржы нарығын халықаралық деңгейде дамытуға аса зор үлес қосқан мемлекет қайраткерлеріне берілетін мәртебелі сыйлық. Марапаттау рәсімі кезінде Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан 2009 жылдан бері исламдық қаржыландыру қағидаттарын заңнамалық тұрғыдан енгізу жөнінен ТМД мен Орталық Азияда көшбасшы саналады. Қазіргі уақытта Қазақстанда ислам банкингі, сақтандыру және лизинг саласында өз қызметтерін ұсынатын исламдық қаржы институттарының тұтас бір шоғыры жұмыс істейді» деп атап өтті. Сонымен қатар, Елбасы Қазақстанның халықаралық ислам ұйымдарының қызметіне белсене араласатынын, исламдық қаржыландыруды дамытудағы рөлі күшейе беретінін де жеткізді.

ERA_5086

Кеше Астанадағы Орталық коммуникациялар орталығында Мемлекет басшысының мәртебелі сыйлықпен марапатталуына байланысты бір топ мемлекет және қоғам қайраткерлері брифинг өткізді.

Анатолий Башмаков, Мәжіліс депутаты:

– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Исламдық қаржы бойынша жаһандық көшбасшы» сыйлығының лауреаты болғаны – біздің еліміздің сыртқы саясатының көпвекторлығын тағы бір айқын­дағандай болды. Негізі исламдық қаржыландыру экономикамен ғана шектеліп қалмайды, сонымен қатар білім, мәдениет, жалпы гуманитарлық дамуды қолдап отырған институт. Оның халықаралық мәні де, мәртебесі де өте зор. Ал Нұрсұлтан Назарбаев осы бағыттағы жұмысты жандан­дыра түскенін тек қана ислам елдері ғана емес, әлемдік қоғамдастық та жақсы біледі. Сондықтан бұл награ­даның біздің Президентімізге берілуін біздің мемлекетімізге деген халық­аралық сенімнің артуымен байланыс­тырамын. 

 

Төлеутай Сүлейменов, мемлекет және қоғам қайрат­кері, Қазақстан Республикасының тұңғыш Сыртқы істер министрі:

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы награданы алға­нын үлкен оқиға деп санаймын. Бұл – Елбасымызға ғана емес, елімізге көр­сетілген зор құрмет.

Өздеріңіз білесіздер, біздің еліміздің саяси ұстанымы жан-жақты. Төрт­­күл дүниедегі барлық елдермен ын­ты­мақтастықты әрі іскерлік қарымқаты­насты ұстап келеміз. Соның нәти­жесінде Қазақстан бүкіл әлемге сенімді серіктес ретінде танылып отыр. Осының бәрі – Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының жемісі.

«Исламдық қаржы бойынша жа­һандық көшбасшы» сыйлығы ислам әлеміндегі жоғары наградалардың бірі болып табылады. Бұл тек қана қаржы саласы бойынша берілетін сыйлық емес, жалпы алғанда экономикалық табыстар, гуманитарлық жетіс­тіктер, тағы басқа да салаларды дамыту үшін зор үлес қосқан мемлекет қайраткерлеріне, сонымен қатар сол мемлекетке берілген жоғары баға және сенім деп білемін.

 

Розақұл Халмұрадов, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі, Мәжіліс депутаты:

– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ислам әлемінің жоғары наградасын алғанын естігенде керемет қуандым. Осындай  басшысы бар, осындай мәңгілік елдің азаматы болғаныма қуандым. Елбасымыздың осындай мәртебелі сыйлықпен марапатталуы біздің елімізге деген құрметтің де, се­німнің де артқанын білдіреді. Елбасы мерейі – ел мерейі деген осы.  Шынымен де бүгінгі Қазақстан қай жағынан алып қарасаңыз да дамудың даңғыл жолымен келеді. Еуропа мен Азия, батыс пен шығыс елдерімен жақсы қарымқатынас ұстап отырмыз. Өз елімізде қаншама ұлт өкілдері бірлік пен берекені жақтап өмір сүреміз. Қазақстан халқының ассамблеясы
жасап жатқан жұмыстар басқа елдерге
өнеге болып та отыр. Осының бәрін әлем жұрты  біледі.

Қазақстанда ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымы жұмыс істейді. Банктер қызмет жүргізеді. Жалпы, біздің мемлекет ислам әлеміндегі халықаралық ұйымдармен жақсы әріптестік орнатқан. Осының бәрі Президенттің ықыласты қолдауымен жүргізіліп жатыр. Астана төрінде салынып жатқан «Абу-Даби Плаза» кешені сол ынтымақты қарымқатынастың белгісі десе болады.

Осындай  ақжолтай ойлары мен пікірлерін Парламент депу­таттары Егор Каппель мен Ахмет Мұрадов та ортаға салды. Мемлекет және қоғам қай­рат­­керлерінің «Елбасы мерейі – ел мерейі» деген жүрекжарды лебіз­деріне біз де қосылдық.

 

 Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

11 + 12 =