Елбасы Конституциялық Кеңестің отырысына қатысты

0 20

Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Конституциялық Кеңестің отырысына қатысты. Отырыста «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 107-бабы 8-інші тармақшасын конституциялық емес деп тану туралы мәселе қаралды. Жиынды ашқан Елбасы азаматтардың тұрғын үй құқықтарын іске асыру мәселесі мемлекеттің әлеуметтік саясатының басым бағыты екенін мәлімдеді. «Мемлекеттік әлеуметтік саясат тұрғысынан заңнамалық базаны жетілдіру ерекше маңызға ие. Менің тапсырмам бойынша бірнеше мемлекеттік бағдарлама іске асырылды. Бұрын баспана сатып алуға мүмкіндігі болмаған қазақстандықтар үшін тұрғын үйдің қолжетімділігі қамтамасыз етілді» деді Нұрсұлтан Назарбаев. Тұңғыш Президент Ата заңды құрметтеу және қатаң сақтау еліміздің қарқынды дамуының кепілі екендігін және Конституцияның 25 жылдық мерейтойы қарсаңында бұл мәселенің өзектілігі артып отырғанын атап өтті. Конституциялық Кеңестің төрағасы Қайрат Мәми бұл отырыстың еліміздің конституция­лық дамуы тарихында айтулы оқиға екенін тілге тиек етті. «ҚР-ның Конституциясының 71-бабының 1-інші тармағына сәйкес, Тұңғыш Президент – Елбасы – Конституциялық Кеңестің ғұмыр бойы мүшесі» деді Қ.Мәми. Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов: «Біз Конституциялық Кеңеске өз қорытындымызды жібердік. Онда арнайы талдау қамтылған. Адам құқықтары және бостандықтарын қорғаудың негізгі қағидаттары, сондай-ақ мемлекеттің конституциялық кепілдігі, соның ішінде азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі бар» дей келе, құзыр­лы органнан осыған мұқият қарауды сұрады. Жиынға қатысушылардың пікірлері мен жауаптарынан кейін Конституциялық Кеңес нормативтік қаулы қабылдады. Бұл қаулы басылымдарда жарияланады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды