ЕЛБАСЫ «EXPO» АЛАҢЫНДА БОЛДЫ

0 85

ЭКСПО-2017

3 шілде күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қала нысандарын аралау барысында құрылысы қарқын алып жатқан «Астана ЭСПО-2017» көрме кешені аймағына ат басын тіреп қайтты.

Елбасы құрылыстың қалай болып жатқанымен танысып, мемлекеттік органдар өкілдерімен және жауапты компания басшыларымен бірге негізгі жоспарларды талқыға салды. Нақтырақ айтсақ, «Sembol», «Mabetex», «Базис-А», «САЭМ», «BI-Group», «Mega Management», «Astana Innovation» компанияларымен қатар ҚР Мәдениет министрлігі, ҚР Көлік және коммуникация министрлігі, Астана қаласы әкімдігі, сондай-ақ «ҚТЖ» ҰҚ» АҚ өздерінің жобаларын кезек-кезек таныстырып өтті.

Олардың есебі бойынша, Пре­зиденттің өзі тапсырғандай, көрме алаңының нөлдік циклі осы жылдың қазан айында аяқталуы керек. Бұл уақыттың тығыздығына орай кестені қатаң сақтау қажеттілігін тудырады. Сонымен қатар, көп кешікпей 5 және 8 қабаттық тұрғын үйлер, мектеп пен балабақша, мейрамхана, сауда және бизнес орталықтарының құрылысы басталатын болды. Барлығы бірдей 2016 жылы толықтай аяқталады деп күтілуде. Бұдан бөлек, қалада жаңа темір жол бекетінің құрылысы жүріп жатыр. Ал, қыркүйектен бастап астаналық әуежайды қайта жаңғырту жұмыстары басталады. Сондай-ақ, көрме уақытында Астана көшелерінде жүрдек автобустар жүйткитін болады.

Құрылыс орындарын аралау барысында Мемлекет басшысы «Бұл – әлемдік ауқымдағы ірі іс-шара. Бүкіл әлемге өз мүмкіндіктерімізді көрсету үшін сіздерге, мердігерлерге оның дайындығына қатысуға сенім білдірілді. Сіздер өз қабілеттеріңізді өзге нысандарда дәлелдедіңіздер. Отандық компаниялар, сондай-ақ біздің елімізде жұмыс істеген шетелдік мердігерлер бұған дейін ешқашан ұятқа қалдырған емес, қазір де бәрін уақытында және сапалы атқаруы тиіс» деп, көрмеге келушілерді ел астанасымен таныстырып қана қоймай, қазақ халқының мәдениетін, ұлттық салт-дәстүрін жоғары деңгейде көрсетуді тапсырды.

Сонымен қатар, Елбасы барлық ғимараттардың көрме біткеннен кейін де пайдаланылуының маңыздылығын тағы бір рет еске салып, «Бастапқыда қонақ үй қызметін атқаратын барлық ғимараттар кейін баспана ретінде пайдаланылуға тиіс. Бұл – көрме аумағында салынған барлық ғылыми, сауда және басқа да орталықтарға қатысты мәселе. Көрме үшін салынған ғимараттары кейін пайдаланылмай қалған өзге елдердің қателігін қайталауға жол беруге болмайды. «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы осыны қадағалауы тиіс» деген тапсырма берді.

Еске сала кетейік, Халықаралық көрмелер туралы конвенцияға сәйкес, Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесі 3 айға, яғни 2017 жылғы 10 маусымнан 10 қыркүйекке дейін созылады.

Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 + two =