Елбасы да оқшауланды

0 43

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың коронавирус жұқтырғаны жөнінде хабардар етті.

Осыған байланысты Елбасы оқшауланды. Бірақ алаңдау­ға еш негіз жоқ. Нұрсұлтан Назарбаев қашықтан жұмыс істеуді жалғастыра береді, деп жазды А.Үкібай әлеуметтік желідегі парақшасында.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Өкінішке қарай, COVID-19 індеті біздің Тұңғыш Президентіміз – Елбасыны да айналып өтпеді. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тезірек сауығып кетуін тілеймін. Ол – рухы мықты адам. Оның бүкіл өмірі күреске толы, сондықтан ол бұл сынақты да жеңіл еңсереді деп сенемін.

ЗИЯЛЫ ҚАУЫМ ХАТ ЖОЛДАДЫ

Нұр-Сұлтан қаласының зиялы қауым өкілдері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа сауығуын тілеп ашық хат жолдады, деп хабарлайды Елорда Инфо.

«Аса мәртебелі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы!
Жаһанды жаулаған COVID-19 дертінің Сізден де табылғанын естіп, бұл жайсыз хабарды алаңдау­шылықпен қабылдадық.
Өмірдің талай қиындығы мен кедергісін еңсеріп, халқымызға тәуелсіз мемлекет, баянды бақыт сыйлау жолында табанды еңбек етіп келесіз. «Халқымның табанына батқан тікен менің маңдайыма тисін» деген ізгі ниетіңіз бен қажырлы еңбегіңізді ел-жұрт жақсы біледі. Сондықтан елін, жерін сүйген, ұлтының қамын ойлаған арда азаматтың денсаулығына алаңдаған, оның аман-саулығын тілеген халықта есеп жоқ.
Сіз саналы ғұмырыңызда салауатты өмір салтын ұстануды, денсаулықты күтудің өнегелі үлгісін көрсетіп келесіз. Рухыңыздың мықтылығымен, қайраткерлігіңіз бен жігеріңіздің арқасында бұл дертті де еңсеріп шығатыныңызға кәміл сенеміз.
Сексеннің сеңгіріне шыққан мерейлі жасыңызды ел болып атап өтіп, тоқсанның торқалы тойын көре бергейсіз. Өзіңізге тек зор денсаулық, амандық тілейміз» деп жазды интеллигенция өкілдері.
Лебіз хат Нұр-Сұлтан қаласының зиялы қауым өкілдерінің атынан жолданған.
Атап айтқанда, Мырзатай Жолдасбеков – мемлекет және қоғам қайраткері, Сұлтан Оразалин – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, Ғарифолла Есім – академик, Қонысбай Әбіл – халық ақыны, Несіпбек Айтұлы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, Серік Тұрғынбеков – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, Жандарбек Мәлібеков – Қазақстан Республикасы Елтаңбасының авторы, Аяған Бүркітбай – тарих ғылымдарының докторы, профессор, Серік Негимов – филология ғылымдарының докторы, профессор, Жанғали Жүзбай – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, Талғат Теменов – Қазақстанның халық әртісі, театр және кино режиссері, Аманжол Әлтай – филология ғылымдарының докторы, профессор, ақын, Қыдыр­әлі Болманов – «Құрмет» орденінің иегері, әнші, Қарақат Әбілдина – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші, Тамара Асар – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші.

МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫ ЕЛБАСЫНЫҢ ТЕЗІРЕК САУЫҒУЫН ТІЛЕЙДІ

Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаттары Ұлт көшбасшысы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірген үндеу жариялады.

«Тәуелсіз Қазақстанның гүлденуіне өлшеусіз еңбек сіңірген, елімізді барлық қиындықтардан алып шығуға қажыр-қайратын жұмсаған Нұрсұлтан Әбішұлы бүкіл әлемде жайылып жатқан бұл кеселді де еңсереді деп ойлаймыз. Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз, Нұрсұлтан Әбішұлы, халқыңыз сізбен бірге!» деп жазылған елордалық депутаттар үндеуінде.
Жоғары көлік және коммуникация колледжінің директоры, Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаты Зулфухар Ғайыпов:
– Атам қазақта «Апат айтып келмейді» деген сөз бар. Бұл індет еліміздің бірлігі мен тірлігі үшін үлкен сын болып тұр. Қашанда сын сағатта ел қамын ойлаған, ел үмітін ақтаған Елбасымыз, Ұлт көшбасшысы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев COVID-19 жағдайына қарамастан елдегі барлық жағдайды жіті бақылап, Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге еліміздің игілігі үшін маңызды жиындар өткізді, шешімдер қабылдады. Оған баршамыз куәміз.
Қарапайым Қазақ елінің азаматы ретінде айтар болсақ, Елбасының еңбегі тәуелсіз еліміздің алдында өлшеусіз десек қателеспейміз. Отыз жылдың ішінде елімізді әлемдік қауымдастықтың толық мүшесі ретінде әлемге танытты.
Шекарамызды шегелеп, тәуелсіздігімізді тұғырлы етті. Арқаның төсінде әсем астана тұрғызды. Баршамыз білеміз, 2010 жылы ЕҚЫҰ-ның саммитін астанада өткізіп, өзі басқарды. Сол кезде барша Қазақ елі Елбасы үшін көкірегін керіп мақтанды. Қай заманда қазақтың баласы алпауыт құрлықтағы Еуропа басшыларын ұршықтай иіріп, өз аузына қаратып еді?! Білген, түсінген жанға бұл үлкен мақтаныш!
Одан қалды бірнеше ұлт пен ұлыс­тың басын қосып, бірлігіне тірлігі сай, айрандай ұйыған мемлекет құрды. Әлемдегі барлық діни конфессиялардың басын қосып, елімізде бірнеше рет басқосулар өткізді. Сирия мәселесінде алпауыт елдер шеше алмаған оппозициялық топтың басын қосып, Астана декларациясын қабылдады.
Ішкі саясатта «Әуелі экономика, сосын саясат» деген қағиданы берік ұстанды. Елдің еңсесін, әл-ауқатын түзеп барып, саяси өзгерістерге өзі бастап әкелді. Қазақ тарихында биліктен де өз еркімен бейбіт жолмен бас тартқан тұңғыш тұлға. Осы айтылған жайттардың барлығы да Елбасымыз, Ұлт көшбасшысы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты елін сүйген, елі сүйген ер екенін, елінің елтұтқасы екендігін тағы да дәлелдейді.
Елбасымыз, Ұлт көшбасшысы – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлына зор денсаулық тілей отырып, қалың елі қазағымның атынан Алладан тезірек сауығып кетуін тілейміз!

Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннен жеделхат келіп түсті.

Владимир Путин Қазақстанның Тұңғыш Президентіне коронавирус жұқтыруына байланысты тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді. «Мен Сізге осы қиын сәтте қолдау білдіргім келеді. Сіздің ерекше өмірлік энергия­ңыз, сергектігіңіз бен оптимизміңіз қысқа мерзімде вирусты жеңуге көмектеседі деп сенемін. Шын жүректен Сіздің толық айығып кетуіңізді тілеймін. Деніңіз сау болсын» делінген Ресей Федерациясы Президентінің жеделхатында.

АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майк ­Помпео Нұрсұлтан Назарбаевпен твиттер желісі арқылы хабарласып, саулық тіледі.

«Аурудан тезірек айығып кетіңіз. Бұл – біздің елдеріміз үшін қиын кезең. Бірге бұл ауруды жеңетінімізге сенімдімін» деп жазды ол Тwitter-дегі парақшасында.
Майк Помпео Елбасыға арнап ағылшынша жазған бұл жазбасының соңына «aman bolynyz» деген қазақша сөзді де қоса кетіпті.

Елбасы атына Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтен жеделхат келіп түсті.

Шавкат Мирзиёев Елбасының коронавирус жұқтырғаны туралы хабарды үлкен алаңдаушылықпен қабылдады. «Сізге осынау қиын-қыстау уақытта жан-жақты қолдау көрсетуге және жаныңызда болуға дайын екенімді жеткізгім келеді. Жақын арада Сіздің бұл вирусты жеңіп, сауығып кететініңізге сенімдімін. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Алла Тағала Сізге зор денсаулық, күш-қуат, ұзақ ғұмыр және жаңа табыс берсін деп тілеймін. Жақында Өзіңізбен жүздесу мүмкіндігі туады деген үміттемін» делінген жеделхатта.

Нұрсұлтан Назарбаев Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбековпен телефон арқылы сөйлесті.

Әңгіме барысында Сооронбай Жээнбеков Елбасының тезірек сауығып кетуін және Қазақстан халқының игілігі жолында атқарып жатқан күнделікті қызметіне жақын арада оралуын тіледі. Нұрсұлтан Назарбаев Қырғыз Республикасының Президентіне жылы лебіздері үшін ризашылығын айтып, бауырлас екі елдің арасындағы тату көршілік қатынастар одан әрі нығая беретініне сенім білдірді. Телефон арқылы сөйлесуге қырғыз жағы бастамашы болды.

Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:

– Мамандар қауіпті індеттің орта мен адам талғамайтынын ескертіп келеді. Өкінішке қарай, Елбасымыз тапсыр­ған тест те оң нәтиже көрсеткен екен. Нұрсұлтан Әбішұлы ­Назарбаев – жігерімен ұлтқа үлгі болған тұлға.
Президентіміз айтқандай, рухы мықты адамның бұл сынақты да жеңіл өткеретініне сенеміз. Тезірек сауығуына тілектеспіз!

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nine − four =