Елбасы – бiреу, ел-жұрты – тiреу

0 247

01.08 Узунагаш Алм

Бүгінгі Қазақстан – экономикасы өркендеген кемел ел. Алайда, ол дәл осы күйінде әлем назарына ілігіп, дұшпан күйініп, дос сүйінетіндей жағдайға бірден жете қойған жоқ. Оның жан-жақты қарыштап қарқын алып, өрлеп, кемелденуінде халқын жасампаз істерге бастай білген ту ұстаған қайраткер тұлғаның көреген де сарабдал саясаты жатыр.

Нұрсұлтан Назарбаев 1989 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшылығына келгенде елдің жағдайы қандай еді? Сыртқа шикізат беруден жүдеп-жадаған экономика мен жалған уәдеден жалығып, ертеңі не боларын болжап білмейтін бұқараның болашаққа сенімдері тіпті әлсіз-тұғын. Ол осы күйзеле бастаған халықтың кеудесіне «әуелі – экономика, сосын саясат» деп үміт отын жақты. Мемлекеттің тізгінін тарихтың алмағайып, сынақты кезеңінде қолына ала тұрып, тығырықтан дамудың даңғылына бастайтын тың жолмен түрен тартты.

Енді, міне, жігіт жасы – жиырма бес жылға татитын аз ғана уақыттың ішінде еліміз кеңестік командалық жүйеден нарықтық экономикаға біржола көшіп, өзгелерге мүлде ұқсамайтын бағыт ұстады. Сол кездің өзінде-ақ Қазақстан Президенті Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдеріндегі ең көрнекті саяси жетекшілердің бірі екендігі мойындала бастады.

«Біз кезінде өзіміз таңдаған жолмен, дамудың қазақстандық жолымен жүрдік. Әлемдік тәжірибені зерттеп, талдай отырып, эволюциялық жолды таңдадық. Біз демократияны қарқынды енгізуге қарсымыз. Біз ешкімді көшіруге тырыс­паймыз. Елімізге және өз халқымызға қажет жұмыстарды тындырамыз. Бұл біздің қолымыздан келеді» деген сөзінде тұрды Елбасы.

Орталық Азияға тартылған инвестициялардың сексен пайызы біздің елдің үлесіне тиді. Бұған қоса тағы бір стратегиялық болжампаздық 1997 жылдың қазан айында Қазақстанның өз дамуының 2030 жылдарға дейінгі ұзақ мерзімдік стратегиясын қабылдауы еді. Біздер сөйтіп, кешегі Кеңестік елдердің арасында бірінші болып, әлемдік тәжірибеде мойындалған, мемлекеттік басқару мен үйлестірудің дара жоспарын жасадық.

Біздің Президент экономиканың тұрақты дамуын, әсіресе, жеке кәсіпкерліктің қамтамасыз ететінін әу баста-ақ білді. Сондықтан, өзін-өзі жұмыспен қамтитындарға жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасау қажеттігіне мән берілді. Бизнеске көрсетілген жан-жақты қолдаудың арқасында елдегі шағын және орта бизнестің өрісі кеңіді.

Ал, өткен жылы «Қазақстан – 2050» стратегиясы» қабылданып, қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты белгіленді.

Мемлекеттің қоғамдық-саяси ахуалының тұрақтылығын қалыптастыруда бұрын-соңды болмаған жетістікке жеттік.

Президенттің ел тәуелсіздігінен кейінгі ең бір батыл шешімі – астананы Арқа төсіне көшіруі. Ерке Есілдің жағасына қоныс аударған елордаға бақ пен дәулет тілеген Елбасы: «Бұл болашағымызға керек, қызығын келер ұрпақтар көреді» деген еді. Міне, осы ақ жолтай арман жүзеге аса бастады. Астананың он алты жылдығын тойлағалы отырмыз.

Кезінде белгілі пубицист-жазушы Сарыбас Ақтаев Қазақстан Президентінің халқы үшін, елі үшін жасаған ұшан-теңіз еңбегін сараптай келіп: «халқым, Елбасы – біреу, біз оған тіреу болайық!» деген еді.

Осы сөздің мәнін бүгінгі жастар да терең ұғына біліп, іргесін Мемлекет басшысының өзі қалаған Астананың діңгегі мықты, мәртебесі биік болғай дейміз!

Таңатар Төлеуғалиев

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eight + 20 =