«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ел жүрегі – елорда

0 485

Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Конвеншн бюро және Sky Way көлік компаниясы бірлесіп «Астана – менің Отанымның елордасы» жобасын бастады. Аталмыш жоба аясында еліміздің әр аймақтарынан тұрмыстық жағдайы төмен және мүгедек балалардан жинақталған топтарға елорданың көрікті жерлері көрсетіледі.

Астананың 20 жылдығына орай ұйым­дастырылған шараға бұл жолы Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларынан 34 бала келді. Жасөспірімдер үш күн бойы елордамыздың көрікті жерлерін аралайды. Арнайы безендірілген автобуста балаларға жол сілтеп, елорданың тарихи нысандарын таныстырып жүрген Еркін Тұрғаналиев айтулы жобаның танымды-тағылымдық маңызы зор екенін атап өтті. «Бірінші күні балалар Есіл жағалауында кемеге мініп, қаланың әсем көріністерін тамашалады. Кейін «Рәміздер алаңында» болды. Елорданың саябақтарында да қыдырды. Балалар алғаш рет өз көзімен «Ailand» океан­ариумында ерекше балықтармен таныс­ты. Келесі күні елорда символы атанған «Бәйтерек» монументінен бастап, «Хан Шатыр», «Нұр Әлемді» аралады. Ұлттық мұражайда болып жатқан көрмелерге кіріп, түрлі шараларға қатысты» деді Астанаға келген меймандарға жол сілтеуші.
Осыған дейін аталмыш жоба аясында Алматы және Ақмола облыстарынан балалар келіп, Астананың ғажайып ғимараттарын көріп, таным көкжиегін кеңейтіп қайтқан болатын. Алдағы уақытта басқа өңірлердің өрендері де елордамыздың көрікті жерлерін тамашалайтын болады.

Жанбота НҰРЛАНҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды