Ел үшін еңбек етеміз

0 120

Адам баласы үшін басқа адамдардың сеніміне ие болудан асқан абырой жоқ. Биылғы жылдың басында, мен мыңдаған елордалықтың сеніміне ие болып, бас қаланың уәкілетті органы – мәслихаттың депутаты атандым. Қала шетіндегі «Интернациональный», «Мичурин», «Күйгенжар», «Про­мышленный», «Теміржолшылар» кенттерінің тұрғындары өз дауысын беріп, сенімін артты. 32 мың адамның даусының сыртында сонша тағдыр тұр.

Маған округ тұрғындарының күнделікті бетпе-бет кездесіп жүрген проблемалары жақсы таныс. Жарты жылға жуық уақытта жүздеген адаммен жүздесіп, олардың көкейін тескен мәселелеріне құлақ түрдік. Оның ішінде ең бастысы – тұрғын үй мәселесі. Осы орайда, Елбасының биылғы Жолдауына сәйкес, Үкімет «Қолжетімді баспана» бағдарламасын әзірледі. Биыл ел аумағында 450 мың шаршы метр жаңа баспана салына­ды. Бағдарламада 2014 жылдан 2020 жылдар аралығында жыл сайын 1,3 млн шаршы метр пәтерді пайдалануға беру жоспар­ланып отыр. Әрине, оның негізгі бөлігі осы Астана қаласында салынбақ. Осы ретте өз басым депутат ретінде округімдегі құрылыс қарқынын дамытуға бар күш-жігерімді саламын деп сеніммен айта аламын.

Бүгінде құрылыс жүргізу туралы жоспарымыз дайын. Себебі, біздің округтегі саяжай аумақтары ысырылуға жіберіледі. Тіпті, осыған байланысты тұрғындар тарапынан көптеген сұрақтар туындап жатыр. Айтатыным, ысырылу науқаны басталмас бұрын, жергілікті билік тұрғындарды хабардар ететін болады.

Тағы бір мәселе – абаттандыруға қатысты. Астананың тап іргесінде тұрған кенттердің тұрғындары жолдарының сапа­лы, көшелерінің жарық, ішетін суы таза болғанын қалайды. Бұл аталғандардың барлығы «Астана қаласының 2011-2015 жылдарға арналған даму бағдарламасында» көзделген. Біз, депутаттар, бұл бағдарламаның уақытында орындалып, нәтижесінің сапалы болуын қадағалаймыз. Сол сияқты денсаулық сақтау саласының қызметіне деген өкпе жиі бой көтереді. Әсіресе, ол медициналық мамандардың біліктілігіне қатысты. Қалада бұл мәселені шешу бағытындағы жұмыс белсенді жүргізіліп келеді. Сондықтан, уақыттың еншісіндегі мәселе көпке созылмай нәтиже береді деп сендіргім келеді.

Халықпен жұмыс істейтін адам бірінші кезекте сол халықтың сөзін тыңдай білу керек. Бұлай дейтінім, тұрғындар көп айта­тын шағымның бірі мемлекеттік қызметкерлердің жұмысына тікелей қатысты. Кейбір ортанқол шенеуніктер алдына келіп тұрған адамның сөзін тыңдамай, олардың өтінішіне құлақ аспай­ды. Сенген адамының «сиқын» көргенде тауы шағылмағанда қайтеді? Өз басым қызметі мен міндетіне салғырт қарайтын мемлекеттік қызметкерлерді жөнге салу туралы алдағы сесси­яда мәселе көтермекпін. Халық алдындағы парызын неге адал атқармайтынын сұрау керек. Себебі, кез келген шенеуніктің белгілі бір орынтаққа отыруы – халықтың арқасы. Жалпы, бұл мәселеге өте мұқият болуымыз керек.

Бұған қоса, тап қазір халықтың құқықтық сауатын арттыру маңызды. Өйткені, өз құқығыңды білмей, далаға аттап басудың өзі қиын. Осы орайда, біз жақында жекеменшік нотариалдық компаниямен зейнеткерлерге тегін кеңес беріп отыруға келісім жасадық. Зейнет жасындағы адамдарды бөліп алғанымыз, көбіне-көп егде жастағы адамдар құқықтық көмекке зәру.

Тізе берсек, өзекті мәселе көп. Бірақ, діттегенім, оны жіпке тізгендей санап беру емес. Айтқым келетіні, жеткізбейтін мақсат жоқ. Біздің де – Астананы ажарлы, халқының әл-ауқатын жақсы етеміз деген жоспарымыз да көп ұзамай орындалады. Ең бастысы, халық өз қалаулыларымен бірге болып, олардың игі бастамасына қолдау білдіріп отырса, болғаны. Өйткені, біз, депутаттар, ел үшін еңбек етеміз.

Төкен ЕГІНБАЕВ, мәслихат депутаты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 + 4 =